Шабанбай би – үздік туристік ауыл

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылы елдегі ең үздік бес туристік ауылдың қатарына енді. Бұл бестікті Kazakh Tourism компаниясы анықтады. Бұл ауылға неге көз түсті? Анықтап көрелік.

Тұмса табиғатымен турис­тер­ді тамсандырған Шабанбай би ауы­лының бұл атаққа әбден лайық екені сөзсіз. Бұл ауыл Қы­зы­ларай тауларының баурайында жатыр. Ауыл халықаралық дең­гей­де танылып, Green Destination жо­басы аясында әлемдегі ең үздік ту­ристік бағыттардың бірі ретінде ба­ғаланған. Басты табиғи көрікті же­рі – Қызылорай оазисі. Ауылға жа­қын жерде Орталық Қазақ­стан­ның ең биік нүктесі Ақсораң шыңы көк тіреп тұр. Шыңның биік­тігі – 1 565 метр. Ауылдың бір ше­тінен орманды алқап басталса, екін­ші жағында кең жазиралы да­ла керіліп жатыр. Сонымен қа­тар орман мен далада өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрі бар. 

Ауыл маңында тарихи орын­дар да жеткілікті. Өткен ғасырда ауыл­ға жақын жерден қола дәуі­рі­не жататын Беғазы-Дәндібай мә­дениетінің ескерткіштері мен тұ­рағы анықталған. Сондай-ақ жа­қын маңдағы таулардан ғалым­дар тас дәуіріне жататын жазба­лар­ды және балбал тастарды, яғ­ни адамның бет әлпеті қашал­ған ежелгі тас бағаналарды тап­қан. Ауылдың іргесімен Тоқы­рауын өзені ағады. Кезінде Жібек жо­лының бір тармағы осы өңір­мен өткені белгілі. Сонда керуен­дер осы өзен бойына аялдап, күш жинаған.

Ауылда 2008 жылдан бастап экологиялық туризм қолға алын­ды. Алғашқылардың бірі болып «Ава­лон» туристік клубының пре­зиденті Виталий Шуптар бас­таған туристер осы жерге келіп, эко­туризмнің негізін қалады. Се­ріктерімен бірге велосипедпен кел­ген ол ауылдың ерекше таби­ғатына тәнті болып, оның атағы­ның тарауына ықпал етті.

2009 жылдан бастап ауыл хал­қы қонақтарды қабылдау бойын­ша жұмыстарды бастап кетті. Ар­найы үйлер тұрғызып, қонақ­жай мәртебесіне ие болды. Ал 2014 жылы ауылда алғашқы «Сұ­лу­тас» қонақүйі салынды. Қазір бұл қонақүйге айына 30-ға дейін ту­рист тоқтайды. Жергілікті тұр­ғын­дарды туризмге баулу мақ­са­тында жиі-жиі оқыту шаралары ұйым­дастырылып тұрады. Мә­се­лен, Еуроодақтың қолдауымен ауыл азаматтары оқудан өтті. Сон­дай-ақ қоғамдық ұйым­дар­дың Қызыларай қаумалының ау­мағы абаттандырылды. Бұдан бө­лек, туристерге арналған карта мен жол көрсеткіш шығарылып, ба­ғыттар әзірленді.

Осылайша, Шабанбай би ауы­лы жыл сайын БҰҰ Дүние­жүзі­лік туристік ұйымы өткізетін UN Tourism Best Tourism Village ха­лықаралық байқауына қаты­са­ды. Яғни, ауыл жыл сайын өтетін бай­қауда Қазақстан намысын қор­ғайды.

Жалпы, Қарағанды облысын­да көрікті мекендер жеткілікті. Бұлардың қатарында Қарқаралы өңі­рін, Балқаш көлін ерекше атап өтуге болады. Ұлттық статистика агент­тігінің мәліметіне сүйенсек, кейін­гі бес жылда туристер саны бір­неше есе артқан. Егер 2020 жы­лы бұл аймақта 39 554 адам де­малса, 2024 жылы 100 мыңнан ас­там адам тіркелген. Бұл жерде аза­маттарымыз ешкімнің көме­гі­не жүгінбей, өз еркімен дема­ла­ты­нын ескере кеткен жөн.

Қазір осы мекендерді турис­тер­ге таныту жұмыстары қарқын­ды жүріп жатыр. Мәселен, сол жо­балардың бірі – туристерге мә­лімет беретін ақпараттық ор­та­лық. VISIT QARAGANDA ор­та­лығы кәсіпкерлік басқармасы жа­нынан құрылды. Мұнда өңір­дің табиғи, мәдени және тарихи кө­рікті жерлері, сондай-ақ жер­гі­лікті операторлар ұсынатын ту­­­­­­ристік бағыттар мен қызметтер тура­лы мәліметтер алуға болады. Де­малушыларға қайда тұру, не көру, қайда бару керегі туралы ай­тып береді.

Орталықта облыстағы сая­хат­қа таптырмас жерлерді көрсету, жаңа бағыттарды таныстыру үшін ту­ристік орындардың жол көр­сет­­кіші, карта-сызбаларын әзір­леу жоспарланған. Мекеме жұ­мы­сы  туристер үшін ғана емес, жер­гілікті тұрғындар үшін де қы­­­­­­зықты болатыны сөзсіз. Ту­ризм са­ласында жұмыс істей­тін­дер­ге таптырмас көмекшіге ай­нал­мақ. Себебі туристік ақпа­рат­тық ор­та­лық туристерге қолайлы жағ­дай­лар жасауға, сервисті жақсартуға, кешенді туристік өнімдерді, жаңа туристік аумақтарды дамыту бағ­дарламалары мен тұжырым­дама­ларын жасауға жәрдемдеседі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы