Қазақ боксы туралы пікір сан алуан. Қазақ бок­сының бүгінгі деңгейіне көңілі толмайтындар қатары артқан.
Қайрат Сәтжанов, Ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері: Біздің мақсат – рухы мықты спортшыларды қалыптастыру
2,462
оқылды

«Соңғы он жылдықта ұлттық құра­ма биік тұғырдан көріне алмай жүр» деген ой қалыптасып келеді. Әсіресе, соңғы Парижде өт­кен Олимпиададан кейін бұл пікірдің растығына көз жеткендей. Алайда бұл олқылықты түзетуге қау­қарымыз жете ме? Бұған ұлттық құраманың бас бапкері не дейді? Біздің Қайрат Сәтжановқа қой­ған сауалымыз да осы болды. 

– Қайрат мырза, соңғы жыл­дары ұлттық құрамаға ай­ты­лар сын көп. Жалпы, қазақ  бок­сының қазіргі жағдайы тура­лы не айтасыз?

– Қазір Қазақстан боксы жыл сайын қарқынды дамып ке­­­­леді. Боксшыларымыз түрлі ха­лықаралық жарыста жоғары нә­тижелер көрсетіп, ел намы­сын абыроймен қорғап жүр. Егер бес балдық жүйемен баға­лай­тын болсақ, құраманың бү­гін­гі деңгейіне төрт балды бе­рер едім.

Ұлттық құрамамыздың әлем­­­дік деңгейдегі көрсет­кіш­тері жаман емес, керісінше, үз­­дік­тер қатарындамыз. Соңғы өт­кен әлем чемпионатында біз­дің боксшылар 4 алтын ме­даль еншіледі, ал Азия чемпио­на­­­тында 5 алтынға қол жет­кіз­дік. Бұл – өте жоғары нәтиже. Со­нымен қатар жуырда өткен Қа­зақстан чемпионаты да үл­кен қызығушылық тудырды. Бұл додаға 238 боксшы қаты­сып, жоғары деңгейде өнер көр­­сетті. Біздің ішкі чемпио­­на­тымыздың деңгейі өте жоғары, себебі бәсекелестік күшті. Ұлт­­­­тық құрама сапында жүр­ген бірнеше мықты боксшы­мыз­дың жүлделі үштікке кіре ал­май қалуы – соның айқын дә­лелі.

Соңғы жылдары жаңа есім­дер көптеп шығып жатыр. Біз жас таланттардың дамуына ерек­ше көңіл бөліп отырмыз. Олардың біразы қазір Испа­ния­да оқу-жаттығу жиында­рын өткізіп жатыр, ал келесі топ­ты Сербияға жіберуді жос­пар­лап отырмыз. Бұл – бола­шақ чемпиондарды тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам.

Жалпы, Қазақстан боксы қар­қынды дамып келеді, бұл үр­діс алдағы жылдары да жал­ға­сады деп сенеміз.

– Бірнеше ай бұрын Азия чем­пионаты өтті. Нәтижеге көңіліңіз тол­­ды ма?  

– Егер өткен жылдармен са­­лыс­­тыратын болсақ, Қазақ­стан құ­рамасының нәтижелері бір­ша­ма өзгергенін байқаймыз. 2017 жы­лы Ташкентте өткен Азия чем­пионатында біз тек 1 ал­тын ал­сақ, 2019 жылы Тай­ландта бұл көр­сеткіш 2 алтынға жетті. Ал 2021 жылы, өкінішке қарай, ал­тын­сыз қалдық. 2022 жылы Йор­да­нияда өткен чем­пионатта бокс­шыларымыз 3 ал­тын жеңіп алды.

Былтырғы нәтиже осы ди­на­­ми­каның жалғасы болды. Біз жі­гіттердің қарқынын, алға ұм­ты­лысын байқап отырмыз. Азия чемпионатына алдын ала болжам жа­сап, 7 алтын медаль алу­ды мақ­сат еткен едік. Өкі­ніш­ке қа­рай, кейбір факторлар бұл жос­па­ры­мызға әсер етті. Соның бірі – тө­ре­шілердің жіберген қа­теліктері. Мысалы, 80 келі сал­мақ дәре­же­сін­де біздің боксшы­мыз­дың ай­қын басымдықпен жең­гені кө­рер­менге де, сарап­шы­ларға да анық болды. Алайда әділетсіз ше­шімнің салдарынан алтын ме­даль бізге бұйырмады. Кейін жа­рыс аяқталған соң дұрыс төре­лік етпеген судья­лар­дың жұмыс­тан шеттетілгені ту­ра­лы ақпарат тарады.

Дегенмен, жалпы алғанда, біз­дің спортшылар жоғары дең­гей­де өнер көрсетті. Олар өздері­нен күтілген нәтижені ақтады деп айтуға болады. Бұл – Қа­зақ­стан боксының алға қарай дамып келе жатқанының белгісі.

– Осы жарыста жаңа есімдерді көзіміз шалды. Бұл олардың ұзақ жыл­ғы еңбегінің нәтижесі деп бі­ле­міз бе? Жалпы, спортшының ринг­те жарқырауы неге байла­ныс­ты?

– Әрине, ең бастысы – еңбек. Бұл чемпионатта құраманың не­гізгі боксшылары бар күш-жі­ге­рін салып, соңына дейін шай­қас­ты. Дегенмен ерекше атап өтетін спортшылар да бар.

Кәсіпқой бокста өздерін сы­нап көрген Абылайхан Жүсіпов пен Ризат Нұрдәулетов ұлттық құ­рамаға қайта оралып, Азия чем­пионатында бақтарын сына­­ды. Олар тамаша өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Бұл – олар­дың тәжірибесі мен шебер­лігі­нің әлі де жоғары деңгейде еке­нін көрсетеді.

Сонымен қатар Сабырхан Мах­мұд өткен Азия чем­пио­на­тын­да күміс жүлдегер атанған бо­­латын. Бұл жолы ол өзінің есе­сін қайтарып, алтын медаль жеңіп алды. Жарыс барысында ол өзінің шеберлігі мен жігерін дә­лелдеп, лайықты жеңіске жет­ті.

Тағы бір ерекше көзге түскен бок­сшы – Толғанбай Сағындық. Ол өзінің бабында екенін көр­се­тіп, чемпион атанды.

Ал Айбек Оралбай үшін бұл Азия чемпионатындағы кезекті жетістік болды. Бұған дейін екі мәр­те Азия чемпионы атанған Ай­бек бұл жолы салмақ дәре­же­сін өзгертіп, Өзбекстанның бі­рін­ші нөмірлі боксшысын айқын басымдықпен жеңіп, өз мықты­лы­ғын тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Алдағы жарыстарда құрама­да өзгерістер болуы мүмкін бе?

– Өзгерістер болуы әбден мүм­кін. Қазір біздің 3-4 нөмірлі бок­с­шыларымыз Испания, Бол­га­рия, Сербиядағы оқу-жаттығу жиын­дарына қатысып жатыр. Мұн­дай жиындар мен халық­ара­лық жарыстар – боксшылар үшін өзін дәлелдейтін басты алаң.

Құраманың негізгі қағидасы – әділеттілік пен бәсекелестік. Кім өзін дайындық барысында, спаррингтерде, ресми жарыс­тар­да жоғары деңгейде көрсетсе, сол құрама сапында қалады. Бы­лай­ша айтқанда, бәрі спортшылар­дың өз қолында.

Жаттығу процесінде, халық­аралық турнирлерде өзін жақсы қырынан көрсеткен боксшылар алдағы ірі жарыстарда Қазақстан құрамасының намысын қорғай­тын болады. Сондықтан әрбір спорт­шы үшін босаңсуға бол­май­ды – олар әрдайым өздерін дә­лелдеп отыруға тиіс.

– Олимпиадалық ойындардағы бокстан алтын алу дәстүрін бұзып ал­ған секілдіміз. Соның себеп-сал­дарын айта аласыз ба? Бізде қа­лып­тасқан бокс мектебі бар еді. Ол неге бұзылды? Алдағы  Лос-Ан­же­лестен үміттене аламыз ба?

– Өкінішке қарай, екі Олим­пиада қатарынан бокстан алтын медаль ала алмадық. Бұл, әрине, біз үшін үлкен өкініш. Бірақ бұл жағдай бізді мойытуы тиіс емес.

Себептеріне келер болсақ, бір­неше факторды атап өтуге бо­лады. Біріншіден, бәсекелестік кү­шейіп келеді, басқа елдердің бок­сшылары да өте жоғары дең­гейге көтерілді. Екіншіден, төре­ші­лік мәселесі де өз әсерін ти­гіз­ді. Кей жағдайларда біздің бок­сшылар лайықты жеңіске же­те алмады. Үшіншіден, кей сал­мақ дәрежелерінде буын ал­масу процесі жүріп жатыр, яғни тә­жірибелі боксшылардың ор­нын жаңа толқын алмастыруда.

Дегенмен қазіргі құрамамыз бұл жағдайдан сабақ алды. Лос-Анджелес Олимпиадасында біз тек бір ғана емес, бірнеше алтын медаль алуға толық мүмкіндігіміз бар. Қазір құрамамыздағы жігіт­тер тыңғылықты дайындалып жа­тыр, әр салмақтағы бокс­шы­ла­рымыз өздерін көрсетіп, аян­бай тер төгуде.

Ең бастысы – сенім мен жүйе­лі дайындық. Бізде әлемдік дең­гейдегі тәжірибелі боксшылар бар, олардың Олимпиадада ел үмі­тін ақтауға дайын екенін біле­міз. Сондықтан Лос-Анджелесте Қа­зақстан боксы алтын дәстүрін қай­та жалғастырады деп сене­мін.

– Қазір көптінің  сынына ұшы­рап жатқан боксшылар да жоқ емес. Сәкен Бейбосынов, Аслан Шым­бергенов, Қамшыбек Қоңқа­баев сияқты дарынды бокшы­лары­­мыздың болашағы туралы не айтасыз? Жақында ғана Қамшы­бек өз мансабын аяқтады. Бұған не түрткі болды?

– Қамшыбек Қоңқабаев – Қа­зақстан боксы үшін еңбегі сің­ген спортшы. Ол Олимпиада, Әлем чемпионаты, Азия бірінші­лі­гі сынды жарыстарда ел намы­сын абыроймен қорғап, жүлдегер атанған. Бокстағы жолы  үлкен құр­метке лайық. Қамшыбек бел­гілі бір себептермен спорттық ман­сабын аяқтады, бірақ оның бо­лашақ жоспарлары жайында нақты білмеймін.

Аслан Шымбергенов – қазір де­малыста. Жақында өткен Қа­зақ­стан чемпионатына қатыса ал­мады, сондықтан ұлттық құра­ма сапында жоқ. Дегенмен өзі ішкі жарыстарға қатысуға дайын екенін айтып, қызу дайындық жүргізіп жатыр. Егер өзін жақсы көрсетсе, қайта оралуы мүмкін.

Сәкен Бибосынов – әлемдік дең­гейдегі мықты боксшы­лар­дың бірі. Азия чемпионатында аяғынан жарақат алып, оған ота жа­салды. Ота сәтті өтті, қазір оңал­тудан өтіп жатыр. Оның спорт­қа қайта оралуына уақыт керек. Бірақ Сәкендей дарынды бок­сшылар саусақпен санарлық, ол әлемнің үздік үш боксшысы­ның қатарына кіреді. Сондықтан жарақаттан толық айыққан соң ұлттық құрамаға қайта қосылады деп сенеміз.

Халық кейде спортшыларға сын айтып жатады, бірақ біз олар­дың қандай жолдан өтетінін білуі­міз керек. Бұл жігіттер талай жеңіс­ке жеткен, олар әлі де өзде­рін дәлелдей алады.

– Елімізде спортшылары­мыз­дың дайындалуына қажетті жат­тығу залдары мен базалар жеткі­лікті ме?

– Қазақстанда спортшыларға ар­налған жалпы спорт залдары бар, бірақ нақты боксқа арналған за­манауи базалар өте аз. Егер көрші Өзбекстанмен салыстыра­тын болсақ, оларда әр облыста ке­мінде бір бокс кешені бар. Со­нымен қатар бірнеше бокс акаде­ми­ясы жұмыс істейді. Бұл жағдай бізді ойландыруы керек.

Біз бұл жағынан артта қалып ба­рамыз, бірақ алдағы уақытта жағ­дайды жақсарту жоспарда бар. Қазақстанда боксқа арнал­ған арнайы спорт кешенін салу қа­растырылып жатыр. Бұл ор­та­лық­та барлық жас аралығындағы бок­с­шылар жаттыға алады, ме­ди­циналық қызмет көрсету ор­та­лы­ғы болады, жататын орын, тамақ­тану аймағы қарастыры­ла­ды, за­манауи құралдармен жаб­дық­тал­ған залдар ашылады. Егер осындай арнайы базалар іске қо­сылса, қазақстандық бокс­шы­лар­дың дайындық деңгейі жаңа дең­гейге көтеріледі. Бұл тек ұлт­тық құраманың емес, жас буын­ның да дамуына зор ықпалын ти­гі­зер еді.

– Соңғы әлем чемпионатында еліміз 4 алтынды қоржынға салған еді. Келесі турнирде бұл көрсет­кіш­ті жақсарта аламыз ба?

– Жақында Қазақстан бокс құ­рамасы World Boxing ұйымы­ның толыққанды мүшесі атанды. Бұл ұйым енді қыркүйек айында жаңа форматтағы халықаралық турнир ұйымдастырады. Бұл жа­рыстың басты ерекшелігі – сал­мақ дәрежелерінің өзгеруі. Бұ­рын біз 13 салмақ дәрежесінде өнер көрсетсек, енді тек 10 сал­мақ­та жұдырықтасамыз. Осыған бай­ланысты алдыңғыдай 4 алтын алу қиындауы мүмкін. Дегенмен қазақстандық боксшылар әрқа­шан мықтылығын дәлелдеп ке­ле­ді. Біз үздіктер қатарында бо­лу­ға тырысамыз және жаңа жүйе­ге тез бейімделіп, жоғары нә­тиже көрсетуге барымызды са­ла­мыз.

– Алда қандай маңызды жа­рыс­тар күтіп тұр?

– Ұлттық құраманы алдағы уа­қытта бірнеше ірі халықаралық турнир, оқу-жаттығу жиыны кү­тіп тұр. Болгарияның София қа­ла­сында біріккен оқу-жаттығу жиыны 10-23 ақпан аралығында өтеді. Таңертең әр команда бөлек дайындалса, ал кешкі уақытта бір­лескен жаттығу жиынын өткі­земіз.

Дайындыққа Бразилия, Бол­гария, Ирландия, Италия құра­ма­сының боксшылары қатысып жа­тыр. Соның ішінде әлем чем­пиондары, Олимпиада жүл­де­гер­лері, Еуропа чемпион­дары өзара тәжірибе алмасуда. Оқу-жаттығу жиыны өте жоғары деңгейде өтіп жа­тыр. Жарыс 24 ақпанда баста­лады, ал финалдық бәсекелер 2 наурызда өтеді.

Қыркүйек айында Англия­ның Ливерпуль қаласында Әлем чем­пионаты, ал қазан айының 1-10-ы аралығында Бахрейнде Азия чемпионаты өтеді. Соны­мен қатар жақын арада World Boxing тұжырымы бойынша Әлем кубогы Бразилияда ұйым­дас­тырылады. Бұдан бөлек, IBE ұйы­мының Азия және әлем чем­пио­наттары жоспарланған. Егер бас­шылық рұқсат берсе, бұл жа­рыс­тарға да қатысуға дайынбыз.

Бұл жарыстар боксшы­лары­мыз­ға үлкен тәжірибе жинауға мүм­кіндік береді. Әрбір турнирге тың­ғылықты дайындық жүр­гізі­ліп, құрама сапындағы спорт­шы­лардың физикалық және так­ти­калық мүмкіндіктері же­тіл­діріледі. Қазір ұлттық құрама бірнеше оқу-жаттығу жиынынан өтуде. Боксшылар Испания, Болгария, Сербия секілді елдерде ше­бер­лік­терін шыңдап жатыр. Осын­дай дайындықтың арқасында алдағы жарыстарда жоғары нә­ти­же көрсетуге, тіпті Олимпиада­да алтын медаль иеленуге мүм­кін­дік бар.

Әлемдік аренада бәсекелестік күшейіп келе жатқандықтан, әр­бір спортшы өз орнын дәлелдеуі тиіс. Сондықтан әр жарысқа үл­кен жауапкершілікпен қарап, Қа­зақстан боксының даңқын арт­тыру үшін барымызды сала­мыз.

– Сіздің бапкерлік фило­со­фияңыз қандай? Жаттығу кезін­де қандай басты қағидаларды ұста­на­сыз?

– Менің бапкерлік фило­со­фиям тәртіп пен еңбекке не­гіз­делген. Бауыржан Момы­ш­ұлы­­ның «Тәртіпке бағынған құл бол­майды, тәртіпсіз ел бол­май­ды» деген сөзін ұстана­мын. Бок­с­шы­ларымның алды­мен тәртіпке үйренуі – мен үшін ең маңызды қағидалар­дың бірі.

Біздің жаттығу таңғы 8-де бас­талады. Ешбір жаттығу Қа­зақ­станның Әнұранынсыз өт­кен емес. Бұл – боксшы­ла­ры­­­­мыздың ру­хын көтеріп, олар кім үшін, қан­дай мақсатта ринг­ке шы­ға­ты­нын еске салу­дың бір тәсілі. Жат­­­­тығуға 10 се­кунд­қа кешіккен спортшы жаза ре­тінде серіппе жасайды. Ал ке­шігулер қайталана берсе, ол спорт­шы оқу-жаттығу жиыны­нан шеттетіледі.

Тәртіппен қатар еңбектің де ор­­ны ерекше. Біз үшін басты қа­ғидалардың бірі – «Қажыма, қай­мықпа, тайсалма, қайту жоқ елім­нің салтында!» деген ұран. Бұл сөздер әрбір шәкіртімнің жү­ре­гінде сақталып, олардың ринг­те де, өмірде де табандылық танытуына көмектеседі.

Біздің мақсат – тек чем­пион­дарды тәрбиелеу  емес, ел на­мы­сын қорғай алатын қайсар, рухы мық­ты спортшыларды қалыптас­тыру. Сол үшін әрбір боксшымыз бар күш-жігерін салып, алдағы биік белестерді бағындыруға дайындалып жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Әсет ҚАЛИ