Ақмола облысында жергілікті бюджет кірістері жылдық жоспардан асып түскеніне қарамастан, бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі игерілмей қалған.
Қаражат қап түбінде жатпасын
424
оқылды

Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінен кешіктіріліп, кейбір жобалар мүлде орындалмаған. Бұл жағдай оқу процесі мен медициналық қызмет сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Облыс басшылығы қаржының тиімді жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажеттігін ескертіп, жауапты органдарды жедел шаралар қабылдауға шақырды.

Облыстық Экономика және бюд­жеттік жоспарлау бас­қар­ма­с­ының мәліметінше, жылдық жос­парға сәйкес Ақмола облы­сы­на қарасты аудандар мен қа­ла­лар өз кірістерін асыра орын­дап, кіріс деңгейі 5,9 миллиард тең­геден асып жығылған. Мұ­ның ішінде аудандар мен қала­лар­дың бюджеті 5 миллиард тең­геге жеткен. Дегенмен облыс ау­мағындағы аудандардың ба­сым бөлігі жергілікті бюджет қор­жынынан бөлінген қара­жат­ты толықтай игере алмаған бо­лып шықты. Түйткілді мәселе об­лыс әкімінің төрағалығымен өт­кен жиын барысында тағы бір мәрте көтерілді.

Өткен жыл басында 96 бір­дей іргелі жобаны аяқтауға об­лыс бюджетінен 47 миллиард тең­ге толықтай бөлінген. Алайда жал­пы сомасы 36,3 миллиард тең­генің 66 жобасын аяқтауға қа­ра­жат тапшы болып қалған. Мә­селен, 2023 жылы 14,5 мил­лиард теңге қажет болғанда 1,6 мил­лиард теңге сомасына 30 жо­ба басталған. Басталған 178 жо­баны аяқтауға 67 миллиард тең­ге қажет болып шықты. Өйт­ке­ні тек соңғы үш жыл ішінде ға­на 173 жобаға 77 миллиард тең­­­­геге түзету жасалып, оның 40-ы қаржыландырылған. 

Облыстық Экономика және бюд­жеттік жоспарлау басқар­ма­сы­ның басшысы Алмагүл Шүгір­ма­қова  облыс бюдже­ті­нің бекітілгенін күтпей, көп жо­баны аяқтауға жергілікті бюд­жет­тен қаржы қарастыруға ша­қыр­ды. 

– Мүмкіндігінше жұмыстар­ды аяқтауға облыстық бюджеттің нақ­тылануын күтпей, өз бюд­жет­теріңізден қаражат іздеңіз­дер. Сонымен бірге өткен жыл­дың қорытынды нәтижелері бойын­ша облыстың мемлекеттік кі­рістеріне түсімді ұлғайту бойын­ша шаралар жоспарын жү­зеге асыру өңір бюджетін қо­сы­м­ша 8 миллиард теңге түсім­мен қамтамасыз етті. Оның ішін­де еңбекті төлеу қорынан 4 мил­лиард теңге, яғни қақ жар­ты­сы болды. Дегенмен іс жүзінде бі­лім беру және денсаулық сақ­тау саласына бөлінген қомақты қа­ражат игерілмей қалған, – дей­ді Алмагүл Шүгірмақова. 

Басқарма басшысының де­ре­гінше, әсіресе, облыс аума­ғын­­да әлеуметтік сала – білім беру жә­не денсаулық сақтау ны­сан­дары­на күрделі жөндеу жүр­гізуге бө­лінген қаражат іс жүзінде иге­­­рілмей қалған. 

– Әлеуметтік сала нысан­да­ры­ның күрделі жөндеу жұмыс­та­­­рында өрескел жағдайлар бол­ғанына ерекше тоқталғым ке­леді. Күрделі жөндеу көлеміне құ­рылыс-монтаж жұмыстары кіре­ді. Тиісінше, ол облыс да­муы­ның негізгі көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді. Мәселен, был­­тыр бі­лім беру нысандарына күр­делі жөндеу жұмыстарын өткізу үшін 67 жобаға 7,3 мил­лиард теңге қа­­­ражат бөлінген. Бір­ақ іс жү­зін­де 60 жоба бойын­ша ғана жұ­мыстар аяқталды. Оны­мен қо­са, оқу жылының бас­талуы­на тек 40 жоба бойын­ша ғана жөн­деу жұмыстары дер ке­зінде аяқ­тал­ды, – дейді Алма­гүл Шүгір­ма­қова. 

Яғни, іс жүзінде қалған 20 жо­ба бойынша білім беру ны­сан­дарын жөндеу жұмыстары мер­зімдері бұзыла отырып аяқ­тал­ған. Атап айтқанда, Ақкөл, Ат­басар, Біржан сал, Ереймен­тау, Жақсы, Астрахан, Бурабай, Егін­дікөл, Жарқайың, Сан­дық­тау, Целиноград, Шортанды ау­дандары мен Степногорск қа­лаларындағы білім беру ны­сан­дарында жұмыстардың уа­қы­тында аяқталмауы мектеп оқу­шыларының оқу процесіне елеу­лі кедергісін тигізген. 

Сорақысы сол білім беру ны­сан­дарына жөндеу жүргізуге тиіс 7 жоба бойынша жұ­мыс мүлде орындалмаған болып шықты. Салдарынан 1 мил­лиард 348 мил­лион тең­ге­ден астам қара­жатты Ерейментау, Це­линоград, Бұланды және Қор­ғалжын ау­дан­дары бюд­жет­ке кері қай­тарылған. 

Мамандар нысандарға жұ­мыс­тардың жүргізілмеуінің бір­неше себебін атады. Атап айт­қан­да, конкурс рәсімдерінің кеш өткізілуі, жұмыс кестесінен қалып қою, мердігердің ке­лі­сім­шарт міндеттемелерін орын­да­мауы бағдарламалар әкімшісі, Білім басқармасы мен жергілікті жер­лердегі әкімдердің тара­пы­нан іске тиянақты бақылаудың болмағанын айғақтайды. Ал ең бас­ты өкініштісі сол – бұл Ерей­мен­тау ауданындағы Ақмырза жә­не Сілеті ауылдарында, Це­ли­ног­рад ауданына қарасты Ақ­мол және Қабанбай ауыл­да­рында, Бұланды ауданындағы Ни­кольское селосындағы мек­тептер мен Қорғалжын ауданына қарасты Қорғалжын ауы­лын­да­ғы балабақша балаларының жай­лы білім алуына қолайлы жағ­дай туғыза алмауға әкеліп соқ­қан. Салдарынан аталған жо­баларды биыл аяқтау үшін өңір бюджетінен тағы да 1,4 трил­лион теңге қосымша қара­жат іздеуге мәжбүрлік туын­да­ған. 

Түйткілді жағдай аймақтың ден­саулық сақтау саласын да бы­лыққа белшесінен батырған. Мә­селен, былтыр өңірде 17 ден­саулық сақтау нысанын күрделі жөн­деуден өткізуге 2 миллиард тең­ге қаржы бөлін­гені­мен, оның тек оны бойынша жұмыстар толықтай аяқталған. Атбасар, Степногорск, Ақкөл, Ар­­­­шалы, Қорғалжын және Шор­­танды аудандық ауруха­на­лары бойын­ша жөндеу жұ­мыс­тары келесі жылға көшірілген. Ал Көкшетау қа­ласы көпбейінді ауруханасын күрделі жөндеуден өт­кізу жұ­мыс­тары толықтай орын­далма­ған болып шықты. 

Жұмысты аяқтауға 5 ай мер­зім­ді уақыт беріліп, 190 миллион тең­ге бөлінген. Оның ішінде 134 мил­лион теңгеден астамы бюд­жет­ке кері қайтарылған болып шық­­ты. Мердігер ұйымның к­е­лі­сімшарт міндеттемелерін орын­дамауына байланысты қа­ра­жат кері қайтарылған. Қазан айын­дағы жұмыс кестесінен жұ­мыс көлемінің 17 пайызы ға­на орындалғандықтан, қара­жат бюджетке қайтарылған. Қ­а­зір аталған мәселе бойынша сот болып жатқандықтан, бұл өз ке­зегінде жөндеу жұмыс­тары­ның биыл да жүргізуге мүмкіндік бер­­мейтінінен хабардар етеді. Бұл жерде де облыстық Ден­сау­лық сақтау басқармасы тарапы­нан бақылаудың нашарлығы байқалады. 

Облыс әкімі биыл қарас­ты­рыл­ған бес денсаулық сақтау ұйы­мы нысанын жөндеуге бө­лін­ген 1,9 миллиард теңгенің, сон­дай-ақ 32 білім беру нысан­да­рын жөндеуге бөлінген 7,1 мил­лиард теңгенің де бақы­лау­дың жоқтығынан ақшаның жел­ге ұшуы қайталанбауы қажетт­і­гін қатаң ескертіп, аудан және қа­ла әкімдері мен облыстық бас­қарма басшыларына, тіпті күн сайын бақылауға алуды қа­дап тапсырды. 

 

P.S.

Қалай бақылауға алса да, аталған қос саланың өзінде бұдан өзге де қордаланған мәселелер әлі де жетіп артылады. Бұл халыққа ең басты қажет салалар болғандықтан, түйткілді мәселеге құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы биліктің сылбыр әрекетті қойып, тиісті жұмыстарды бақылауға алып, жауапкершілік жүгін сезінуі қажет деп санаймыз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы