Бұл жанр бұрын қоғам өмірінің қалтарыс-бұлтарысын сынауға, мінездегі кемшілікті айқын көрсетуге қауқарлы еді. Ал бүгін ше? Қоғамдағы көз шала бермейтін кей ойыс бетін жазатын сатириктердің жаңа буыны қалыптасты ма? Осындай сауалдарымызға сатирик Үміт Зұлхарова сұхбат барысында жауап берді.
Күлкідегі көшіміз түзелсе...
– Қазір сатира сөзінің қуаты кемігені туралы біршама айтылды, әлі де айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас? Бұрын сатираның салмағы ауыр еді, бүгін ше?
– Сатираның қуаты кемігені рас. Сынды шыбын шаққан құрлы көрмейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сатираның қоғамдағы көзге шыққан сүйелдей кемшіліктермен күресуде атқаратын рөлі зор. Бұрын сатираның сынынан нәтиже шығатын. Сатираның сын садағына іліккен қандай да бір мекемеге немесе адамға белгілі бір ұйым тарапынан шара қолданылатын. «Сынға ілікпейік, іліксек құримыз» деп қорқатын. Қазір сондай «жазалаушы» ұйым жоқ. Мысалы, бір мекеменің заңсыздығын, бір жемқордың миллиондаған қаржыны жымқырғанын жаздық делік. Сатира өз жұмысын атқарды: әшкереледі, сынады. Қалың елге жария етті. Енді оны тексеріп, шындығында солай ма, егер рас болса, істеген ісі үшін жазасын алуы керек емес пе? Бұрын солай еді. Сатира – жемқорлықпен, заңсыздықпен күресетін қару болатын. Сыналған нысанға шара қолданылатын. Қазір ол жүйе жоқ. Сатира тілінде жазылған сынды зерттеп, анықтап, ешқандай орган шара қолданбайды.
– «Сатираның басқа жанрлардан айырмашылығы – оның күлкілі болуында» дегенге келісесіз бе? Біз білмейтін тағы қандай ерекшеліктері бар? Сатира қай кезде керек?
– Сатира тек күлдіретін жанр емес, ол негізінен қоғамдағы әділетсіздікті, заңсыздықты сынайды. Күлкінің астарында сын жатады. Қай жағдайда адам риясыз күледі? Әзіл болса да астарынан шындық бар екенін түсінгенде. Өтірік әзілге ешкім күлмейді. Сатира мына кезде керек, мына кезде керек емес деген әңгіме жоқ. Сатира қашанда керек. Қоғамдағы келеңсіздіктер сыналуы, кемшіліктер айтылуы тиіс. Ол үшін сатираның өлмеуі өте маңызды. Сондықтан бұл жанрдың өлмеуіне жағдай жасалса деймін.
– Сатирамен әзіл-сықақ театрлары, комедия жанрындағы түрлі туынды, тіпті жастардың қазіргі жаңа жобалары қатар айтылады. Сіздіңше мұның бәрі сатира ма?
– Қазіргі әзіл-оспақ театрларының көбі жеңіл әзілге құрылған. Астарлы, уытты сынға бармайды. Кино саласында да сондай. Еркектер әйел боп киініп, бар даусымен қышқыра айғайлап жұртты күлдіре салғысы келеді. Халық ондай арзан күлкіден шаршаған. Сонда да демалып, күліп қайтқысы келгенде енді қызық болатын шығар деген үмітпен, сол бұрынғы әзілдерінің өңін айналдырып қайталай беретін әзіл-оспақ театрларына бара береді. Дегенмен «талғамға талас жоқ», бәлкім өз пікірімді көпшілікке тықпаламауым керек шығар. Оны енді тап басып айта алмаймын.
Нағыз комедия жұқалап күлдіре отырып, сынай да білуі керек. Бұрынғы комедиялардың күлкісінің өзінде астар болушы еді. Ішек-сілең қатып көретін кинолардың астарындағы сынның салмағын айтсаңшы! Жалпы, комедияның негізгі мақсаты тек жыртыңдатып күлдіру емес. Күлдіре отырып, адамдарға ой салу, тәрбиелеу.
Ал біздің комедияларды сынамайын десең де айтуға тура келетін жайт көп. Неге біздің киноларда, әзіл-оспақ театрларында отырып қалған қыздар мен жігіттерді біртүрлі етіп көрсеткісі келеді, соны түсіне алмай-ақ қойдым. Ақылды ете отырып та кейбір әпенді қылықтарымен күлдіруге болады. Соған бас қатырғысы келмей ме, әлде тереңдегісі келмей ме? Сондықтан комедиялық фильмдерімізге де, әзіл-сықақ театрларымызға да көңілім толады деп айта алмаймын. «Көш жүре түзеледі» дейтінбіз бұрын, бірақ қанша жыл өтсе де комедия жанрындағы көшіміз әлі түзелмей келеді.
Сатирамыз барлық тақырыпқа зәру
– Сатираның өзі қоғамның шындығын астарлап жеткізетін өнер ғой. Демек, әр кезеңнің проблемасы да өзгеріп отырады. Сіздіңше, заманауи сатира қандай тақырыптарға зәру? Сатирик қалай жазуы керек?
– Біздің сатира – барлық тақырыпқа зәру. Бұрынғы заманның тоғышарлары мен пайдакүнемдері әлі де жоғалып кеткен жоқ. Заман өзгергенімен, адам өзгерген жоқ. Тек жазу формасын қазіргі заманға сай өзгерту керек шығар. Былайша сол тақырып, сол сын бұрын қалай керек болса, қазір де тура солай, ауадай қажет. Мысалы, бұрынғыдай шымшыма, бірқақпайлармен қазір де сынап, әзіл жазшы, оқырман сүйсіне оқиды. Мұнда тек фактіге құрылатын болғандықтан, фельетон жанры өтпей қалды. Өйткені факті жария етілген соң ол тексерілуі, жауапты ұйым тарапынан шара қолданылуы керек. Шара қолданылмаса фельетонды бұрқыратып жаза бергеннен не пайда? Қазір, әсіресе, саяси сатира үлкен сұранысқа ие. Өйткені қоғамда саясат бірінші орынға шықты. Бұрын отбасы, ошақ қасындағы кішігірім мәселелер жиі сыналса, қазір сын обьектісінің ауқымы кеңейді. Саясат дерлік бәрін қызықтыратын болды. Тіпті, балаға шейін саясаттан әңгіме соғып отырады. Ендеше саясаттың олқылықтарын сынға алатын сатира да бізге ауадай қажет.
– Бұрын сықақ қана емес, оған туыстас фельетон, памфлет секілді өткір жанрлар да жиі жазылатын. Бүгінде бұл жанрлардың шамасы қандай?
– Бұл сұрақтың жауабына жоғарыда жауап бердім ғой деймін. Фельетон – нақты фактіге құрылып жазылатын сықақ әңгіме. Жемқорлық, заңсыздық жайындағы факті қазір де көп. Заңсыздықтар туралы журналистер, блогерлер, қарапайым адамдар да жарыса жазып, YouTube каналдар жарыса ақпарат таратып жатыр. Содан нәтиже шығып жатыр ма? Меніңше, жоқ. Айтылған сөз айтылған жерде қалады. Тек резонанс тудырған оқиғалар ғана оң нәтижесін беріп, халықтың қолдауымен қандай да бір нәтижеге жетіп жатыр деуге болады. Оның өзінде бәрі емес.
Ал памфлет негізінен саясатты, саяси жүйені сынайтын салмағы ауыр жанр. Бүгінде саясатқа ешкімнің тісі батып жаза бермейді. Жасыратын несі бар, бізде цензура басым. Саясатқа қызықпайтын адам кемде-кем. Бұл ретте фельетонға қарағанда YouTube каналдарының саяси-сараптамалық, ақпараттық хабарларының салмағы басым болып тұр. Әрине, саяси сатираның оқырманы қашанда табылар еді, тек соны батылы барып жазатын адам жоқтың қасы.
Бұрын, 2000 жылдардың басында «Ара» журналында фельетонды көптеп жаздық. Бәрі демеймін, бірақ арасында кейбір фельетондарымыз Үкімет тарапынан қолдауға ие болып, министрліктерден, жауапты орындардан «жазған фельетондарыңызға орай шара қолданамыз» деген хаттар келіп жататын. Ал қазір жазған фельетоныңа ешқандай ұйым, органдардан мардымды жауап ала алмайсың. Сондықтан бұл жанрды келмеске кеткен, өткен ғасырдың жанры десек болатын шығар.
Сатириктер азайып бара жатыр
– Әр әзілдің астарында шындық болатыны – сатира талабы ғой. Осындай әділетсіздікке соққы болатын бір сатираңызды оқып беріңізші.
– Бұрынырақ жазылса да тақырыбы әлі актуалды сатираларым бар. Соның бірін айтып берейін. «Үкіметке арналған жұлдыз жорамалдан» үзінді:
Қаржы полициясы үшін бұл жылы аса қиын шаруа байқалмайды. Жыл өзіңіз ойлап, алдын ала жоспарлағандай өтеді. Жемқорларды топ-тобымен ұстағаныңызбен, бәрін бірдей жауапқа тарта алмайсыз. Ірі шенеуніктер қандай да бір пара алғаны үшін қолға түсер болса, оның ісін дәлелдеу аса қиынға түспек. Өйткені істің аяғы әдеттегідей сиырқұйымшақтанып, соңында сіз қолға түсірген дөкей «судан таза, сүттен ақ», ешқандай пара алмаған болып шыға келуі мүмкін. Сондықтан басты қатырмау үшін ірі шенеуніктерден гөрі долларлап емес, теңгелеп қана пара алатын ұсақ шенеуніктерді көбірек қармаққа іліктіргеніңіз жөн.
Ал егер аса шыншылдыққа салынбай, ара-арасында өзіңіз де алдыңызға келіп тұрған «олжадан» там-тұмдап пайда көретін болсаңыз, айыңыз оңынан туып, келесі жылға дейін өз орныңызда сенімді түрде отыратыныңызға бәс тігеміз.
Мінамдай мінсіз министрлерді сиыр жылында үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жыл басы ауыс-түйіспен басталып, бір орнында ұзақ отыра алмайтын министрлер үшін «қызмет ауыстыру» шеруі басталмақ. Әйткенмен, аса уайымға салынудың қажеті жоқ. Ел ішінде сіздер жайлы небір өсек-аяң өріп жүргенімен, сол баяғы сірескен қалыптарыңызда биліктің бір бұрышын ұстап тұра беретіндеріңізге аспандағы сіздерді қолдап жымыңдаған сан мың жұлдыздар кепілдік береді. Тіпті, ойда-жоқта қолыңыздан келмейтін бір салаға топ етіп бастық болып кеткеннің өзінде, алда-жалда қолыңыздан ештеңе келмесе, сол баяғы өзіңіз әбден үйренген, отыра-отыра жиренген орныңызға қайта баруыңыз бек мүмкін.
Ал егер «қасықтап жиған абыройымнан бір-ақ күнде айырылып қалмаймын ба?» деген күдік-күмәніңіз болса, өз салаңызға бұрын-соңды адам ойына келмеген жаңаша бір реформаны тезірек енгізіп жіберіп, әжептәуір бедел жинап алуыңызға әбден болады. Бастысы, сіз ойлап тапқан реформа өзіңізден басқа ешкімнің көкейіне қонбайтындай шым-шытырық болсын.
Ал халыққа айтарымыз: биыл да әлдебір буалдыр сағымның жетегіне еріп, қапыда алданып қалуыңыз мүмкін. Дегенмен сіздерге қатты жаны ашитын ғаламшарлар алдағы күндерге үмітпен қарауларыңызды, қандай жағдайда да құдайдан үміттеріңізді үзбеулеріңізді қатты өтінеді. Өйткені өмір сүру былайынша қиын сияқты көрінгенімен, шындығында сіздер ойлағаннан әлдеқайда қиынырақ. Биылғы жылы құрылыс компанияларынан, банктерден көп алданғандықтан, келесі жылы кез келген істі бастамас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескендеріңіз жөн.
Ең бастысы, саясат қуып сандалмай, тыныш жүріңіздер!
– Иә, керемет екен. Ал қазір осылай өндіріп жазып жүрген сатириктер кімдер? Қалжыңның дәмін келістіретін жаңа буын қалыптасты ма?
– Ермахан Шайхы, Толымбек Әлімбек, Мұхтар Шерім, Аймұханбет Бейсембек, Берік Садыр, Еркін Жаппас ағалар, Қанағат Әбілқайыр замандасым – қолынан қаламы түспей келе жатқан санаулы сатириктер осылар. Былтыр ғой деймін, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып Дәурен Қуат ағам отырған кезде бірде маған хабарласып, «Үміт, газеттің соңғы сатира бетін жақсылап шығаруға атсалысшы. Сатира жазып жүрген жаңа авторлар бар ма, болса әзілдерін жинақтап, келістіріп берсең» деді. Мен ол газетте жұмыс істемеймін. Сонда да өзім сүйетін жанрым туралы әңгіме болған соң қарап отыра алмай бұрынғы өзім білетін авторларды іздестіре бастадым. «Ара» журналында істеп жүргенде авторларымыз жетерлік еді. Қазақстанның әр түкпірінен, облыс, аудандарынан, ауылдарынан небір әзіл-сықақ ағылып жататын. Солардың қатары анағұрлым азайыпты. Жазуға да стимул керек қой. Сол сияқты сатира жанрында жазатын қаламгерлерді де ынталандыру керек. Оларға қаламақы беріп, анда-санда бәйге ұйымдастырып жіберіп, сый-сыяпат беріліп тұрса, қалам тербейтіндер қатары көбейер еді деп ойлаймын. «Ел іші – өнер кеніші» деп халқымыз бекер айтпаған. Халық арасында танылмаған талант көп. Тек оларды шығару керек. Газетке авторлар іздеп отырып бұрын өзім аралас-құралас болған бір-екі жас авторға (қазір жас деп отырған сол жігіттердің өзі 40-45-тің айналасында) хабарласып, «Не жазып жүрсіңдер? Газетке сатираларыңды беріңдерші» деп едім, «Ой, апай, газеттің тиын-тебені не болады, біз қазір мына «Жайдарман», КТК дегендерге жазып жүрміз. Әзілдерімізге жап-жақсы қаламақы береді» деді. Қысқасы, сатира жазып, көзге түсіп жүрген жасты байқамадым. Сатириктер қатары жылдан-жылға азайып барады.
Жаңа буын сатира мектебінен өтуі керек
– Сіз үшін сатира күштілер қаруы ма? Сын-сықақ арқылы қоғамды өзгерту мүмкін бе?
– Орнымен күлдіріп, орнымен сынай білсең, күлкі – күшті қару. Адамдар күлкі болудан қатты қорқады. Өйткені түсінген адамға, күлкі болу – қорлық. Сатирик-жазушы Сейіт Кенжеахметов ағамыздың осы орайда айтқан әдемі нақыл сөзі бар: «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім» дейді. Керемет тауып айтылған сөз.
Сын-сықақ арқылы қоғам өзгеріп кетеді дегенге сену қиын. Қоғам жоғарыдан бастап заң мен тәртіпке бағынғанда, жүйелі түрде тәртіп орнағанда өзгереді. Ал сын-сықақ қоғамның, адамның теріс қылықтарын әшкерелеп, ұятын ояту арқылы ой салуға ғана қауқарлы.
– Сатирик боламын деген жасқа қандай бағыт-бағдар бересіз? Кімнің шығармашылығын оқу керек?
– Сатирада «олай жазба, былай жаз» деген қағида жоқ. Күлдіріп отырып шындықты жеткізе білсең, астарлап сынай білсең, ол сының халықтың ойынан шығып, қоғамның қышыған жеріне дөп тисе – бастысы осы. Мен де басында өзімнен бұрынғы буынның шығармаларын оқыдым, сатирик ағаларыма еліктедім. Сосын біртіндеп өзімнің қолтаңбам қалыптаса бастады. Көпен Әмірбек ағамның көп ақыл-кеңесін «қағып алуға» тырысатынмын. Ол кісі «Үміт, формаға салып жаз. Сонда жазғаның теп-тегіс, жұмыр болады» дейтін. «Ешқашан шұбалаңқы, ұзақ етіп жазуға тырыспа, жазғаның қысқа-нұқса болсын» деуші еді. Қолына тым ұзақ сықақ әңгіме, өлең түсе қалса сызып-сызып тастайтын да, ең маңызды деген жерін қалдырып, «міне, айтайын дегені осы ғой, неғыламыз қалған сылдыр сөзді» дейтін. Редакциялауды, әзіл-сықақ әңгімелерді орыс тілінен өз тілімізге жатық түрде аударуды сол кісіден үйрендім. Басында сатираларым мен аудармаларымды мұғалімнің дәптер тексергеніндей қып-қызыл етіп шимайлап түзетіп беретін. Көпен ағаның редакциялауынан кейін кез келген солғын әзілің ойнап, езуіңе күлкі үйіріп шыға келетін.
Осылайша, ұстазымыздан біраз нәрсе үйреніп, қолға түскен кез келген сын-сықақ мақаланы, фельетонды, әзіл өлеңді өңін айналдырып, жайнатып жіберетін болдық қой. Сатирик боламын деген жас осындай мектептен өткені дұрыс. Қашалмай, шыңдалмай белгілі бір дәрежеге оп-оңай жетем деу бекершілік. Арнайы мына кітапты немесе мына кісінің шығармасын оқысын деген де қағида жоқ. Бәрін оқысын, салыстырсын, ізденсін. Сонда ғана қолтаңбасы айқындалған қаламгер, сатирик қалыптасады.
– Алда қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар?
– Қазір өз шығармашылығыммен, редакторлықпен айналысамын. Құдай қаласа, сатираларымның қатары толықса, тағы бір кітабымды жарыққа шығарсам деген жоспарым бар.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ