«Жомарт» кенішінің шахтасында апаттың себептеріне болжам айтылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz
17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарайтын «Жомарт» кенішінің шахтасында апат болып, 7 адам қаза тапты. Ең жасы - Ардақ Жақұбаев. Ол 1998 жылы туған, 27-де ғана еді. Жерасты учаскесінің тау-кен шебері болған.
Барлығы дерлік әлі тау қопаратын жаста және мәселе онда да емес – нешеде болса да адамның өмірі – ең қымбаты. 50 жастағы Қайрат Ақшалов – сорғы қондырғыларының машинисі, оның құрдасы Бақытбек Жұмадоллаев – жерасты тау-кен жұмысшысы, 34-дегі Орынбек Кенжебеков – тиеу-жеткізу машинасының машинисі, 47-дегі Ғалымжан Молдабеков – шпур бұрғылаушының көмекшісі, 46-дағы Олжас Нұролдаев – жерасты учаскесінің энергетигі, 33-тегі Константин Рожков – жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі болған.
qazaqstan.tv мәліметінше, мыс сульфидін өндіретін кеніш шахтасындағы апатқа басында «тау жынысының опырылуы» түрткі болды деген болжам айтылған. Алайда құтқару тобы апат болған орында тау опырылмағанын анықтаған. Ал табиғи газдың жарылуының себебін білгенше, яғни тергеу біткенше кеніш жұмысы тоқтатылды.