Ол 14 жастағы мектеп оқушысы болып шықты.
"Кәмпит ұсынған": Көкшетауда көшеде мектеп оқушысының ізіне түскен адам ұсталды
1,083
оқылды

Көкшелік жұртты өткен аптада мектеп оқушысының соңына түскен ер адам жайлы хабар зәрелерін ұшырған.  Күдікті полицияның құрығына түсті, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Қатты қорыққан қыз бала көшеде кездескен ерлі-зайыпты адамдарға қарай қашып барғанда белгісіз адам тайып тұрған еді. Әлеуметтік желілерде желдей ескен видеода ер адам кішкентай қыздың соңынан жүргені, одан кейін адамдарға жақындаған сәтте қашып кеткені анық көрінеді. Оқиғаның куәгері әрі оқушы қызды үйіне дейін шығарып салған қала тұрғыны Юлия Ситкевич болған жағдайды бастан-аяқ баяндады. Оның айтуынша, бойы ұзын жігіт қызға кәмпит ұсынып, өзіне шақырған. Қыз бала дереу көмек шақырып, жақын маңдағы адамдарға жүгінген. Видео материалдар арқылы дереу із кескен полиция күдіктіні анықтады. Ол 14 жастағы мектеп оқушысы болып шықты.

- Жасөспірім баланың түсініктемесі бойынша ол қандай да бір қылмыстық ойы болмаған. Қыз балаға әзіл ретінде кәмпит ұсынғанын айтқан. Әкімшілік жауапкершілікке тартуға жасы жетпегеніне байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 449-бабының 1-тармағына сәйкес материал оның заңды өкіліне қатысты жинақталды, - деді облыстық полицияның баспасөз қызметінен. 

Әлеуметтік желілерге пост жазып, белсенді азаматтық позициясын білдірген қала тұрғынына полиция разылығын білдіріп, департамент басшысы, полиция полковнигі Нұрсұлтан Мұқашевтің тапсырмасымен Юлия Ситкевичке алғысхат ұсынды.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.