Қазақ тіл білімі мен ұлт әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, ұлт ұстазы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы 1934-1937 жылдар аралығында, яғни 1937 жылы қамауға алынғанға дейін тұрған үй әлі күнге мемлекет меншігіне берілмей, жеке қор иелігінде тұр. Бұл мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Талай рет айтылған. Одан көпшілік хабардар. Бұл тақырыпты қайтадан қаузауға 2022 жылы болатын Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мәселе оң шешімін тауып қалар деген үкілі үміт себеп болды.
Қаржы бөлген соң иелік етсе керек-ті
Осы үміттің жетегінде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа арнайы хат жолданған да екен. Бұл хатқа филология ғылымының докторы, академик Рәбиға Сыздықова, Қазақстан тарихшылар қауымдастығы төрағасы, академик Мәмбет Қойгелді, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов сынды белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қол қойып отыр. Хатта Ахмет Байтұрсынұлының айтулы мерейтойы жақындап қалғаны және оның жәдігері Алматыдағы мұражай-үйі ғимаратының тарихи маңызы зор ескерткіштер тізіміне алынғанына 30 жыл болатыны, осы шежірелі даталарды ел жадында мәңгі қалдыру мақсатында ұлы ғалымның өнегелі өмірін насихаттайтын жиынды ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жайы сөз болады. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі мерейтойлық комиссия құрамын жасақтау жедел қолға алынса деген ұсыныс айтылған.
Аталған игі шаралар іске асырылуы үшін алдымен Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің өзекті мәселелерін шешіп алу қажеттігін ең негізгі мәселе ретінде көтерген. Бұл үйде ғалым шығармаларының төлнұсқасы, ресми құжаттары және жеке заттары сақталған. Осыдан үш жыл бұрын тарихи жәдігер еліміздің киелі жерлер тізіміне енген. Сол кезде де алдағы уақытта мұражай-үй мемлекеттің қарамағына өтіп, жұмысы жандана түседі деген үміт болған. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас» күйін кешуде.
Үкіметтен ғалым мұрасын насихаттау мақсатында көмек сұраудың арқасында кітаптары, көптомдығы екі рет басылып шықты. Ақыры Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға үнемі Үкімет көмектеседі екен, онда неге мұражай-үй қордың меншігі болуы керек? Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болып танылатын ұлттық әдебиеттану мен тіл білімі ғылымының басында Ахмет тұрады да, ал Ахметтің артында қалған жалғыз жәдігер үйіне келгенде «ол қоғамдық қордың меншігі» деу, Үкіметтің өзіне ұят емес пе?!
Ғалым атындағы қорда штат та жоқ
«Осы мұражай-үйде жұмыс істегеніме 26 жылдан асты. Осы уақытта 26 рет те айлық алған емеспін, бұл менің қоғамдық жұмысыма айналды. Соншама уақыттан бері мені құрғақ сөзбен алдап келген, не мұражай ретінде дұрыс ұстай алмайтын, не қор ретінде қызметін көрсете алмайтын бұл ұйымға әрмен қарай қалай сенуім керек? Ахметтің не жазығы бар? Жазықсыз құрбан боп кеткені аздай, одан қалған жалғыз жәдігер, мемлекеттің киелі жерлер тізіміндегі тарихи нысан неге мемлекеттің қамқорлығынан сырт қалуы керек? Тарихи жәдігер неге «қолды» болды деп ойлайтын жан қалмағаны ма? Өтпелі кезеңде балабақшалар жекеменшікке беріліп, жұмысты дұрыс жүргізе алмағандарын мемлекет кері қайта алды ғой. Қор меншігіне берілген Ахмет мұражай-үйі де осы уақытқа дейін дұрыс жұмыс істеген жоқ. Не мұражайда, не мұражайды меншігіне алған қорда осы уақытқа дейін штат жасақталған емес. Мұражай туралы кітаптар шықса, бұл тарихи тұлғаның мұрасына деген шексіз құрметімнен туған жанкешті еңбек. Мұражай-үй осымен үшінші рет еліміздің тарихи нысаны ретінде тізімге еніп отыр. Бірақ бұл тізім де жәдігер үйді құтқарып тұрған жоқ. Сонда Қазақстанның қасиетті нысан деп танылған киелі орындарының бірегейі Ахмет Байтұрсынұлының жәдігері мемлекетке керек болмағаны ма?! Ең бастысы, мұражай-үйді мемлекеттік мекеме жасап, Мәдениет министрлігінің қарамағына өткізу», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбет.
Ғалым «Үкімет шығарған шешім неге аяқсыз қалған?» деп сұрайтын бір мемлекеттік мекеменің болмағанына қынжылады. «Рухани жаңғыру» жобасы аясында қос шешімді негізге алып, қоғамдық қордың басшысын тезге салатын кез келді. Мұражай-үй ұйымдастырылсын деген шешімді өзгертетіндей өкім қайдан келгенін ашық айтсын! Бірінші пайда болған қор емес, мұражай. Ендеше, ол неге заңды мекеме ретінде тіркелмеген, 30 жылға жуық штатпен қамтылмаған? Ғалым мұрасын насихаттау немесе кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізе алмайтын қауқарсыз қор не үшін құрылған? Қоғамдық қорда да штат болған емес. Тек қағаз жүзіндегі құрылтайшылар: қор басшысы, ахметтанушы – мен, үшінші тұлғаның «аты бар, заты жоқ». Күрмеуі жоқ бұл мәселені, Ахметтей тұлғаның мұрасы мен көзіндей болған жәдігер үйді жекешелендірудің өзі үлкен қиянат екенін сан мәрте айттым. Бірақ нәтиже жоқ», – деді Р.Имаханбет.
Еріктілер көмектесіп жүр
Бір қуанарлығы, қазір Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйіне жоғары оқу орындарының студенттері мен түлектері жиі бас сұғады. Тіпті, олардың біразы соңғы 5 жыл көлемінде мұражайға штаттан тыс қызмет көрсетіп келеді. Бұл – қаншама жыл мұражай-үйдің жалғыз қорықшысына айналып, тағылым мектебінде жасалуы тиіс іс-шаралардың бәрін табандылықпен атқарып жүрген Райхан Сахыбекқызының үгіт-насихатының жемісі. Ұлт ұстазының тағылым үйінде экспонаттармен таныстыру, тіпті зал еденін жуып, мұражай ауласын сыпыру, келушілерді қабылдау осы ерікті жастардың көмегімен ғана жүзеге асып отыр. Бүгінде қоршауы алынып тасталған қасиетті орынның ауласы өткен-кеткеннің тамақ ішетін, қоқыс тастайтын «полигонына» айналғаны да ақиқат. Осы ерікті жастар да қала басшысына арнайы хат жолдап, ұстаздары Райхан Сахыбекқызының 1992 жылдан мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер санатына енгізілген мұражай-үйге республикалық немесе ұлттық мәртебе берілуін жедел шешу туралы айтылған ұсынысын қолдайтынын білдірген.
«Бізден бұл мұражайға ешқандай пайда жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының асырап алған қызы, менің анам Шолпанның айтуына қарағанда, кішкентай кезімде Ахмет атам осы үйде мені мойнына салып көтеріп жүреді екен. Ол кез, әрине, менің есімде жоқ. Анам ауырып жатқанда аталас бауырым Сергей қор құру туралы қол қойдырып алған ба әлде басқа жолмен реттеген бе, әйтеуір қор ашылыпты. Ол кезде мен ештеңені түсінген жоқпын. Қазір жасым 84-ке жақындады. Мұражайдың қайтадан мемлекет меншігіне өтіп, күтімге алынғанын көріп кетсем деймін. Атамның мерейтойы қарсаңында мұражай-үйге келушілер көбейеді деп ойлаймын. Сондықтан тағы да бір күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп шықса жөн болар еді», – дейді тарихи тұлғаның жиеншары Айман Байсалова.
Ғалымның айтулы мерейтойы қарсаңында ол туралы жарияланған материалдар легі қайта өңделіп, бұрын шыққан 6 томдығын толықтырып, кейіннен табылған туындыларын қосып 10 томдығын шығару ойда бар. Бір кездері Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмірбаянына байланысты деректі фильм шығару бастамасы айтылған. Әзірге бұл іс қолға алынған жоқ. Ғалымның жүріп өткен өмір жолы туралы карта әзірленіп, экспедиция ұйымдастыру да жоспарланған. Мұның бәрі осы таяу мерзімде атқарылуы тиіс шаруалар. Дегенмен оның қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ