Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталған болатын. Бүгінде Түркістан облысында ортақ жайылым жерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
Заңсыз жер қайтарылды
198
оқылды

Облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, облыстың жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Өңірде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, пайдаланып жатқан жер телімдерін қайтару бойынша облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітілген. 2024 жылға облыс бойынша 60 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Дегенмен жоспар артығымен орындалып, былтыр 70,9 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Өңірде 2023 жылдың басында жайылым тапшылығы 2 122,2 мың гектарды құраған болатын. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жайылым тапшылығы төмендеп, 2024 жылы 608 мың гектар болды. Облыс басшысы тиісті сала өкілдеріне жайылым жерді қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырды. 

Сонымен бірге, жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркістан облысының Жер ресурстарын басқару департаменті Бәйдібек, Түлкібас және Төле би аудандарының жергілікті атқарушы органдарына жер учаскелерін беру заңдылығына қатысты тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде жер учаскелерінің конкурс пен аукцион өткізілмей, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұза отырып берілгені анықталған. Соттың заңды күшіне енген шешімдерінің негізінде мемлекетке Бәйдібек және Түлкібас аудандары әкімдіктерінің қаулыларымен заңнаманы бұза отырып бөлінген 4,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Оның ішінде 1 149,54 гектар егістік және 3 209,71 гектар жайылым бар.

Төле би ауданы әкімдігінің саяжай құрылысына жалпы ауданы 7,56 гектар болатын 63 жер учаскесі заңсыз бөлінген. Сот бұл мәмілелерді жарамсыз деп танып, жер беру туралы шешімдерді заңсыз деп тапты.

Ал күн сайын көркейіп, жаңа ғимараттармен толысып жатқан облыс орталығының өзінде заңсыз салынған деп 14 ғимарат сот шешімімен бұзылып отыр. Сәулетшілер қанша жерден әсем ғимараттар салынса да құрылыс заң талаптарына сай жүргізілуге тиіс. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов жобалаушы ұйымдармен, техникалық қадағалаушылар және мердігерлермен кездескенде атап өтті. «Құрылыс – қала көркі ғана емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі. Сондықтан заңсыз және рұқсатсыз салынып жатқан нысандарға қатаң бақылау жүргізілуде. Мониторинг және бақылау жұмыстарының нәтижесінде 112 кәсіпкерлік нысанның толық аяқталмай пайдалануға берілгені анықталды. Олардың басым бөлігі Тәуке хан даңғылы, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі, С.Қожанов, С.Ерубаев көшелері мен Қызылорда және Кентау тас жолдары бойында орналасқан. Сот шешімімен бүгінде 14 нысан бұзылды. Жалпы заңсыздықтар үшін 29 942 120 теңге әкімшілік айыппұл салынды», – деп атап өтті бөлім басшысы. Сондай-ақ құрылыс салуға қажетті құжаттардың түгелдей болуы қадағалануы тиістігі айтылды. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы