Бүгінде «Отпан» – Назарбаев Зияткерлік мектептері және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры былтырдан бері жүзеге асырып жатқан отандық білім берудегі ең табысты жобалардың бірі. Отпантау – Каспий аймағындағы жай ғана тау емес, бұл Маңғыстаудың асқаралы мақсаттар мен биік белестерге шабыттандыратын сакралды символы.
Жобаға облыс орталығы, Түпқараған, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Мұнайлы аудандарындағы 45 мектептің алты мың оқушысы мен екі мыңға жуық мұғалімі қатысты.
– Маңғыстау – бала туу және бала саны бойынша алдыңғы шептегі облыстардың бірі, яғни олардың білім сапасы жақын арада сол өңірдің және тұтастай елдің дамуына да әсер етеді. Сондықтан «Отпан» болашақтың мүддесіне жұмыс істеуге дайын барлық жанды бір арнаға тоғыстырды, – деп атап өтті Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Жоба аясында мектеп инфрақұрылымы жасақталып, Ақтауда да, ауылдық мекендерде де материалдық-техникалық база жаңартылды, оқу кабинеттері мен робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, арт және телестудиялар, кітапханалар, сондай-ақ инклюзивті оқытуды қолдау үшін арнайы кеңістіктер жабдықталды.
– «Отпанның» миссиясы – Маңғыстау өңірінде орта білім беру сапасын арттыру және қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты қысқарту. Біз тірек мектептерге NIS-тің үздік тәжірибелері мен жетістіктерін енгізудеміз. Бірнеше жыл бұрын Атырау өңірінде ірі білім беру жобасы іске асырылды, оның басты нәтижесі ретінде PISA халықаралық мониторингінде рейтингінің көтерілуін атап өте аламыз. Бірінші кезеңде педагогтердің әртүрлі санаттары: директорлар мен олардың орынбасарлары, пән мұғалімдері, әдіскерлер, психологтердің кәсіби сұраныстары бойынша мониторингтік зерттеулердің үлкен сериясы жүргізілді. Орта білім беру сапасы, мектеп инфрақұрылымы және педагогикалық практикадағы проблемалық басымдықтар туралы нақты деректер негізінде толық карта жасалды, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ жоба аясында мұғалімдердің біліктілігін арттыру және әдістемелік қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. «Отпан» қатысушыларының кестесіне семинарлар, тренингтер, Назарбаев Зияткерлік мектебінде тағылымдамалар, біліктілікті арттыру курстары енгізілді, олардың әрқайсысы отандық және әлемдік білім берудегі басты трендтерге арналған. Әсіресе, мұғалімдердің қызығушылығын мектеп командасын құру, оқу, математикалық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылықты қалыптастыру, мұғалімдердің жеке және кәсіби бренді сияқты өзекті тақырыптары тудырды.
Жоба қатысушылары бас емтиханды сәуір айында, PISA халықаралық мониторингі кезінде тапсырады.
Мира АЛИПИНОВА