Бүгінгі Аikyn.kz оқырманының сауалы алимент жайында болмақ. Оның айтуынша, жолдасымен ажырасқанына үш жылдың жүзі болған. Күйеуі балаларға алиментті уақытылы төлеп отыр. «Алда-жалда ол жұмыссыз қалып, алимент төлей алмаса, не істейміз? Балаға төлеуі тиіс алиментті кімнен талап ете аламыз?» деген сұрағына Астана қаласы заң консультанттары палатасының мүшесі, заңгер Бауыржан Әбдімұратұлы Аймбетов жауап берді.
– Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 169-бабының 3-тармағына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды.
Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыссыз немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер немесе алимент бойынша берешек, яғни сол берешекті өндіріп алу кезінде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады. Республика бойынша орташа айлық жалақы мөлшерін статистика органдары айқындайды, – дейді Бауыржан Аймбетов.
Заңгердің айтуынша, ол жағын енді сот орындаушылар анықтайды. Егер алимент төлеушінің мүлкі, көлігі болса, соны бағалап, сатқызып, ақшасын өндіре алады.
– Алайда алимент төлеуі тиіс азамат жұмыссыз әрі дүние-мүлкі болмаса, төлемді оның әке-шешесінен талап етіп, оларды сотқа бере алады. Егер баланың ата-әжесінде қаражаты жеткілікті болса, сот арқылы алиментті төлетуі мүмкін. Оны сот процесінде сот шешеді. Ең бастысы – талап-арызы болуы тиіс. Содан кейін сот барлық дәлелдерді сұрайды. Сондықтан әрбір істі жіті қарап, ата-әжесінің қосымша табыс көзі бар ма, одан қанша алады, зейнетақысының мөлшері қандай дегендерді анықтау қажет. Оның бәрі іс барысында анықталады, – деді заңгер.
Бұған дейін заңгер қосымша табыс көзінен алимент өндірілетінін айтқан еді.