Әйел ұрлаған сақинаның құны 1,5 млн теңге тұрады.
Астаналық әйел бриллиант сақинаны ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген
Фото: istockphoto
1,055
оқылды

Астана қаласында әйел бриллиант сақинаны ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген. Нұра аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 33 жастағы әйелді ұрлық қылмысына күдікті деп құрықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу барысында ұсталған әйел жәбірленушінің үйіне аспаз болып жұмыс істеуге барғаны белгілі болды. Ол жәбірленушінің жатын бөлмесіне кіріп, қобдишада тұрған алтын бұйымдарының арасынан бриллиант тасты алтын сақинаға көзі түскен. Жәбірленушіге тиесілі жалпы құны 1,5 млн теңге болатын бриллиант тасты алтын сақинаны ұрлап, елордадағы ломбардтардың біріне өткізіп жіберген.

– Елорда тұрғынына қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ол кінәсін мойындады, заттай айғақ тәркіленді. Жеке мүліктерін тексеру барысында, қалтасынан ломбардқа өткізгендігін дәлелдейтін түбіртек шыққан. Бойжеткеннің елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда, – делінген ақпаратта.

Астана қаласының Полиция департаменті сақ болуды, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.

Сондай-ақ Астана қаласының тәртіп сақшылары азаматтарға көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізу ҚР ҚК 196-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.