Ресми мәліметке сүйенсек, биыл 1 223 елді мекен су басу қаупі бар аймақта тұр.
Ресейден Батыс Қазақстанға су жоспардағыдан көп жіберіліп жатыр – Нартай Сәрсенғалиев
Фото: istockphoto
5,702
оқылды

Былтыр елімізде алапат су тасқыны болып, он аймақта төтенше жағдай жарияланды. Осы ретте "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев биылғы су тасқыны жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутат сол кезде халық атқарушы биліктің тасқынға тосқауылды ерте бастамағанына наразы болғанын еске салды. Расында, Мемлекет басшысының «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады» деп жұртқа жауап беруі тиіс жауапсыз органдарды қатаң сынағаны есімізде. 

Тасқынның салдарын жою үшін Үкімет резервінен 46,9 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, әр облыстың бюджетінен де қомақты қаражат берілді. Сорақысы сол, 2024 жылы су тасқынының алдын алуға деп жергілікті бюджет бір рет қаржы бөледі, тасқыннан соң салдарын жоюға деп және қыруар қаражат алады бюджеттен. Заңды сұрақ туады, ендеше төтенше жағдайдың алдын алуға бөлінген қаражат қайда кетті, кім жауапты? Ел әлі осы сұрақтың жауабын талап етеді.

Ресми мәліметке сүйенсек, биыл 1 223 елді мекен су басу қаупі бар аймақта тұр. Қазірдің өзінде Ресейден еліміздің батыс өңіріне су жоспардағыдан көп жіберіліп жатыр деген дерек бар. Демек, тағы қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалмау үшін қауіпсіздікті қазірден бастап күшейту керек. Әйтпесе тұтас елді тасқынның астына тастап, салдарын жою үшін бюджетті айналшықтап жүру жөн білетін адамның әрекеті емес,  деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат былтыр су астында қалған аймақтар 2025 жылы төтенше жағдайдың алдын алуға қанша қаражат дайындап қойғанына тоқталды. 

Ақмола облысы 131,5 млн теңге, Ақтөбе облысы 848,7 млн теңге, БҚО 10,5 млрд теңге, Павлодар облысы 3,6 млрд теңгені бюджеттен қарастырған. Абай әкімдігі 2025 жылы су тасқынының алдын алуға жергілікті бюджеттен 67 млн теңге, Атырау облысы 22,1 млрд теңге, Қарағанды облысы 6 млрд теңге, Қостанай облысы 916,2 млн теңге, Солтүстік Қазақстан облысы 2,5  млрд теңге дайындап қойған. 

Былтыр көзіміз жеткен тағы бір өзекті мәселе су өткелдері мен арықтардың тазаланбаған күйі жылдап жатқаны. Тіпті, кей аймақтарда өзендердің жайылмасы тұрғын үй алабына айналып кеткен. Былтырғы қателіктен сабақ алып аталған су арналарын ашу қажет. Бұдан бөлек, еліміздегі су қоймаларының көбі қараусыз қалған, біразы жекеменшікке берілген. Тиісінше тиісті күтім жоқ. Салдарынан гидрологиялық нысандардың тоз-тозы шыққан. Бұл проблеманың айтылғаны бүгін немесе кеше емес. Бірақ ескерту бар да, ескеру болмай тұр. Биыл да халық тасқыннан тентіреп кетпесін десек, аталған проблемаларды дереу шешу қажет,  деп нақтылады депутат.

Осы орайда "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі мынадай нақты ұсыныстарын жеткізді:

  1. Президент былтыр «Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс» деген тапсырма берді. Арада бір жыл өтті, ол жүйе дайын ба? Болса ашып көрсетіңіздер, халық та білсін. 
  2. Көктемгі су тасқынында халық жапа шекпеу үшін төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын пысықтау қажет. 
  3. Су басуы мүмкін елді мекендердегі тұрғын үйлер мен ғимараттарды, мүліктерді сақтандыру жұмыстарын үйлестіру қажет. 
  4. Өзендердің жайылмаларын, су арналарын тазалап, қарғын келгенде көмектесетін дренаждар мен насостарды қайта орналастыру керек.
  5. Келген суды ысырап қылмай сақтау үшін елдегі су қоймаларының жарамдылығы мен сыйымдылығын тексеру қажет.
  6. Мемлекет басшысы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын декларативті сипатқа ие құжат деп қатаң сынға алған болатын. Аталған тұжырымдамаға су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайтуға мүмкіндік беретін жаңадан енгізілген өзгерістерді жауаппен қоса жолдасаңыздар.