Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қайтыс болған адамға арнап мешітте ас беру бизнеске айналғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, Астанадағы Бас мешіт пен Хазірет Сұлтан мешіттерінің ас беру мәзірі той дастарқанынан кем емес. Бағасы – адам басына 20 мың теңгеге дейін.
«Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20 000 теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз! Адам өліміндегі ас емес, той жасайтын дастарқан! Минималды баға 7000 теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не? Мысалы, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарқанда тек 7-ақ ас түрі болады. Одан басқа мәзір жоқ! Ұсынбайды! Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды? Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… Осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан сайын соққы болып отыр. Ысырапшылдықтың алдын алу неге мешіттерден басталмайды?!» – деді Дәулет Мұқаев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.