Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл. Осы мерейтой қарсаңындағы іс-шараның бастауы Қарағандыда өтті.
30 жылдық Қарағандыда бастау алды
325
оқылды

Сонымен қатар Достық үйінде «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Облыстың ҚХА «Ақсақалдар кеңесінің» бастамасымен өткен ерекше байқау Ассамблеяның 30 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтары жылына орайластырылды. 

Қарағанды облысының әкімі Ерма­ған­бет Бөлекпаев құттықтау сөзінде Ақса­қал­дар кеңесінің дәстүрлерді сақтаудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті. 

– Ассамблея өз қызметінің 30 жылы ішін­де қоғамдық татулық пен ауызбіршілікті бе­кемдейтін негізгі институтқа айналды. ҚХА-ның барлық құрылымдары еліміздің әлеу­меттік және қоғамдық дамуына айтулы үлес қосып келеді. Оның ішінде, «Ақса­қал­дар кеңесінің» рөлі өте зор. Себебі хал­қы­мыз­дың даналығы, ақыл-ойы мен тәжі­ри­бесі солардың бойларында тұнып тұр. Ақ­са­қалдарымыз – тарихымыздың, негізгі ге­нетикалық және этникалық қорымыздың сақтаушылары, – деген Ермағанбет Қаб­дула­ұлы шараға республиканың түпкір-түп­кірінен тәжірибелерімен бөлісуге ар­найы келген ақсақалдарға алғысын білдірді. 

Дөңгелек үстел барысында басты мақ­са­ты өскелең ұрпақты патриоттық және ру­хани-адамгершілікке тәрбиелеу болып та­былатын «Адал азамат» жобасының іске асы­рылуы талқыланды. Адалдық, әділдік, әлеу­меттік жауапкершілік, Қазақстанның ең­бегі мен мәдени мұрасын құрметтеу қа­ғи­даттары бірінші орында болуға тиіс.

Қарағанды облысы әкімінің орын­ба­сары Әлібек Әлденей бұл кездесудің маңыз­дылығын атап өтті. Ол өңірде жүзден астам этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жат­қанын айтты.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі, мо­ра­ль­­­дық бағдарларды қалыптастырудағы және этносаралық келісімді нығайтудағы Ақ­са­қал­дар кеңесінің негізгі рөлін Қазақстан хал­қы Ассамблеясы төрағасының орын­ба­сары, ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының мең­геру­шісі Марат Әзілханов атап өтті. 

Мерейтойлық күнге және Жұмысшы кә­с­іптері жылына орай Ақсақалдар кеңесі «Адал азамат» жобасын ұсынды. Жеңім­паз­дар жеті номинация бойынша мара­пат­тал­ды. Лауреаттар – әртүрлі мамандық иелері, олар өздерінің күнделікті еңбегімен өңірдің және жалпы елдің дамуына елеулі үлес қо­суда.

ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзіл­ханов мерейтойлық жылда 400-ден ас­там ірі іс-шара жоспарланып отырғанын жет­кізді.

– Бірлік пен еңбек  – біздің қоға­мы­мыз­дың гүлденуінің негізі. Бұл іс-шаралар адам­дар арасында, оның ішінде еңбек ада­мы­ның жанында болуға бағытталған. Еңбек адам­дарын құрметтеуге арналған бүгінгі жоба  – солардың бірі, – деп атап өтті ол.

Өз қызметінің үздіктерін қоғамдық ко­миссия таңдады.

Бас марапатқа еңбек ардагері, Бұқар жы­рау ауданының құрметті тұрғыны Не­сі­бел­ді Досанова ие болды. Ол 17 жасында сауын­шы болып жұмысқа кірісіп, 40 жыл­дай еңбек етті. Көпбалалы отбасында үл­кен­дердің бірі болып, бес баланы өзі өсірді. Бү­гінде Несібелді апаның 11 немере мен 16 шө­­бересі бар. Ұзақ өмір сүрген ана көптеген ма­рапаттарға ие болған. Ол екі «Еңбек Қы­зыл Ту» орденін ең құнды марапат деп санайд­ы.

«Ерен еңбек иесі» номинациясын кен­ші, «Шахтер даңқы» иегері Нұрлан Сәтма­ғам­бетов иеленді.

– Ұлы Отан соғысы кезінде менің әжем шах­тада жұмыс істеп, көмір өндіріп, ерлер­дің еңбегін өз мойнына алды. Әскерден кейін училищеде оқып, «Стахановская» шах­тасында жұмыс істей бастадым. Міне, 36 жылдан бері жер астында еңбек етіп ке­ле­мін. Қазір Түсіп Күзембаев атындағы шах­тада бригада басқарамын. Өз тәжі­ри­бем­ді жас жұмысшыларға үйретудемін. Бү­гін марапатталғаным қуантады. Мұны күт­пеген едім. Біздің бригадада түрлі ұлт өкіл­дерінен құралған 37 адам жұмыс жасай­ды, – деді лауреат. 

«Ержүрек құтқарушы» номинациясында құтқарушы Мағарби Бұзырқаевты атап өтті. Қарағанды қаласының №10 өрт сөндіру бө­лімі бастығының орынбасары тұрғын үй­лерге жақын орналасқан кәсіпорында газ цис­тернасының жарылысы кезінде өртті сөн­діруге басшылық етті. Ошақтан 53 газ бал­лоны шығарылды. Жедел және кәсіби әре­кеттердің арқасында адам өлімінің ал­дын алу мүмкін болды.

Марапатталғандар арасында білім беру, мә­дениет, полиция қызметкерлері, Ерік­ті­лер лигасының жетекшісі бар. Мысалы, те­міртаулық педагог Вячеслав Варзин өз қа­ласында бірінші болып балаларға робот тех­никасын үйретіп, информатикадан автор­лық бағдарлама мен физикадан ғылы­ми-әдістемелік кешен әзірледі. Респуб­ли­ка­лық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын тәрбиеледі.

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды тех­ни­калық университетінің 20 жасар студенті, болашақ сәулетші Арина Бекпаева мектеп­тен бері волонтерлікпен айналысады. Ал Қа­ра­ғанды тәжірибесі негізінде «Адал аза­мат» жобасы ел бойынша кең көлемде на­си­хатталатын болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы