Ол – «Болмаған балалық шақ». Бұған дейін ақын, жазушы Ақберен Елгезектің бала өмірін суреттеген кітабы оқырман арасында кең таралып, қазақша бестселлер қатарына енген еді. Одан кейін қатарынан үш бірдей театрда спектакль қойылып, қалың көрерменге ерекше эмоция сыйлағаны тағы бар. Ендігі кезек кинотеатрға келді.
Фильмнің режиссері – Айдын Сахаман. Айтуынша, шынайы тағдырды көрермен жүрегіне жеткізу үшін бала Ақберенді 700 үміткердің ішінен таңдап алу оңай болмады. Режиссер бұл кітаптағы бір адамның емес, халықтан шыққан жиынтық образ екенін айтты. Кино өнердің бір түрі болғандықтан, заңдылығына сәйкес шығармада айтылмаған ой, қосылған тұстар болды. Фильмнің ерекшелігі де – осы. Оқырманға белгісіз күйінде қалған кей жағдайды киноға кіріктірген Айдын Сахаман мен сценарий авторы Ефрат Шәріпов өрбіген оқиғалар легін жазушының өзінен сұрап алғанын алға тартты.
– Киноның басынан аяғына дейін жаздың да, қыстың да көрінісі бар. Осылай ұзақ уақытты қамтыған фильмнің түсірілімі де бірнеше айға созылды. Кастингке еліміздің түкпір-түкпірінен талантты балалар қатысты. Ішінен суырылып шыққан осы екі жігіт: Шәкәрім Алмасбек пен Нұртілек Жарылқасын. Шығармашылық процестің қызық болғанын мойындау керек. Өйткені барлығы – кәсіби, елге танымал әртістер. Ал кішкентай балалармен жұмыс істеген, әрине оңай емес. Бірақ балалардың ойыны сәтті шықты деп ойлаймын. Оған көрермен бағасын бере жатар. «Болмаған балалық шақ» спектакльде сол өнердің заңдылығы бойынша қойылған болса, фильмде киноөнердің заңдылығымен қойылды. Меніңше, біздің елде мұндай тағдырлар өте көп. Сондықтан тұсауы кесілгелі отырған киноны отбасылық кино санатына жатқызар едім, – деді режиссер Айдын Сахаман.
Кітапсүйер қауым үшін «Болмаған балалық шақ» туындысы жат емес. Әкесінен ерте айырылып, нағашыларының қолында тәрбиеленген, кейіннен өгей әкенің қысымын көріп өскен бүлдіршіннің тағдыры, есейіп атамекеніне оралса да көңілі анаға деген сағыныштан құлазып тұратын шағы еріксіз көзге жас үйіреді. Осындай қиын тағдыр оқырманға әсерлі шығарманың тууына себеп болған болар. Осы оқиға желісімен жазылған фильмнің алғашқы сценарийінде автор Ақберен Елгезектің өзі де болған. Алайда автор фильмге түскісі келмегенін атап өтті.
– Фильмнің сценарийінде өзім болған сахналарды кесіп тастадық. Өйткені түскім келмеді. Бірақ содан кейін кино жұп-жұмыр, түсінікті болып шықты деп ойлаймын. «Болмаған балалық шақ» шығармасы жарыққа шыққаннан кейін көп хат алдым, спектакль қойылды. Бірақ көрермен өзіне керек жауапты фильмнен алады. Өйткені кино – толыққанды түйінделген шығарма. Бұл шығарма – басымнан өткен шынайы тағдыр, кейіпкерлері өмірде болған, әлі де бар адамдар. Негізі, бұл кино режиссердің шығармасы, Айдын Сахаманның «Болмаған балалық шағы». Спектакльді қойған үш режиссерге де айтқанмын, бұл жердегі «Болмаған балалық шақ» – өздерінің туындысы. Әркім әрқалай көреді, түсінеді. Қысқасы, «Болмаған балалық шақтың» жалғасы – осы кино.
Алдағы уақытта үлкен кеңістікке шығамыз деген ой бар. Қазір бір романым дайын, соны жарыққа шығару жоспарымызда тұр, – дейді Ақберен Елгезек.
Фильмнің тағы бір ерекшелігі жанрында екенін айта кеткен жөн. Өгей әкеден көрген зұлымдық пен ащы жұдырық, анасын сол «бүжәйдан» қайтарып алу күресі мистикамен суреттеліп, бір тағдыр ерекше бояумен бейнеленген. Режиссер айтқан 700-ге жуық баланың ішінен озып шығып, бала Ақберенді сомдайтын жас актер Шәкәрім Алмасбек 5-сыныптың оқушысы. Бір қызығы, аталмыш шығармаға негізделген фильмде басты рөлді ойнайтынын достары да, мұғалімдері де білмейді. Жас талант «кино жарыққа шыққаннан кейін өздері көреді» дейді.
– Кастинг ашық жарияланды. Бағым жанып өткеніме қуандым, әрине. Кейін кино жұмысына қызу кірісіп кеттік. Түсірілім барысында мен үшін физикалық та, психологиялық та ең қиын сахналар болды. Кей сахна таңға дейін жалғасты. Бұл – жарыққа шыққалы жатқан алғашқы үлкен жобам. Бұған дейін эпизодтық рөлдерде, түрлі бейнеклипте бой көрсетіп едім. Айтпақшы, менің осы киноға түскенімді ұстаздарым, сыныптастарым білмейді. Кастингтен өткенімнен ата-анам мен туысым ғана хабардар болған. Өскенде әлемге танымал актер болғым келеді, – деді Шәкәрім.
Фильмнің жабық көрсетілімінде қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және бірқатар зиялы қауым өкілдері жиылды. Көпшілік «Болмаған балалық шақтың» экрандағы нұсқасына жоғары баға берді. Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова мұндай әсерлі туындыны жазу үшін сондай тағдыр иесі болу керек деген ойының астарында Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағы» оқырман үшін де, әдебиет үшін де ерекше туынды болғанын жеткізді.
– Адамның өзінде жеке тағдыр болмаса, бұндай дүние тумайды. Автобиографиясы жоқ адамнан ақын да, жазушы да шықпайды. Сондықтан бізді тебіренткен, жан дүниемізге ерекше әсер еткен «Болмаған балалық шақты» қазақ киносына, қазақ әдебиетіне келген керемет туынды деп айтамын. Алғашқы дүниенің бірден проза болып, спектакльге айналып, одан кейін кинотуындыға айналуы – шығарманың бекер емес екені. Мықты шығармалар ғана осындай өнердің әр жанрына айналады, – деп баға берді жазушы Роза Мұқанова.
«Болмаған балалық шақтың» тұрақты оқырманы көбеймесе, азаймайды, енді осы тағдырлы шығарманың желісімен түсірілген драмалық фильмнің әр сәтінен көрермен бір түйін шығаратыны сөзсіз. Айта кетейік, фильм бүгіннен бастап барлық кинотеатрда көрсетіледі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ