Соңғы жылдары тіпті түрлі жобалар жанданып, қалалар мен ауыл-аймақтарды көріктендіріп, тал-дарақтарды отырғызуға қазынадан қыруар қаржы қаралуда. Алайда бюджеттен миллиондаған теңге бөлінгенімен, отырғызылған жас өскіндердің өспей қалуы жанға батып тұр.
Иә, қазір көшеттің көптігі емес, көктігі керек. Мәселен, Жамбыл облысында «2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспарға сәйкес, 140,8 миллион дана ағаш көшетін отырғызу көзделген. Облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Гүлмира Жабағиеваның айтуынша, орман қорын молайту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету 15 орман шаруашылығы мекемесіне бекітіліп берілген екен.
– Бүгінде Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 млн 425 мың гектар болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2 млн 313 мың гектарды құрайды. Орман қоры жері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5 000 гектарға жуық жерге орман ағаштары көшеттен және тұқымынан егіліп келеді.
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, республика бойынша отырғызылатын 2 млрд ағаштың 140 млн түбі 2021-2025 жылдары Жамбыл облысының мемлекеттік орман қорына егілуге тиіс болған. Тапсырманы орындау мақсатында соңғы төрт жылда 94,7 млн түп ағаш егілді. Ал биыл 16,1 млн көшет отырғызу көзделуде.
Еліміздің аумағын жасыл баққа айналдыруға бағытталған кешенді шара 2021 жылдан бері өз тиімділігін көрсетуіне байланысты жоспар 2027 жылға дейін ұзартылды. Бұл өз кезегінде орман қорын молықтыру жұмыстарының дер кезінде және ауа райының қолайлы уақытында, орман екпелерін отырғызу жұмыстарының сапалы орындалуына мүмкіндік береді, – дейді Гүлмира Рысқадырқызы.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қосымша 200 мыңға жуық көшет отырғызылады деп күтіліп отыр екен.
Әрине, бұл – жанға жылу беретін ақпар. Алайда аталған көшеттердің қаншасы өніп, қаншасы қурап кетіп жатқаны белгісіз. Себебі өңірдің ауа райына байланысты егілген жас өскіннің 60 пайызы өніп шықса, «қанағаттанарлық» деген баға беріледі екен. Ал қалған 40 пайызға кеткен ақшаның есебін шығарып жатқан ешкім жоқ. Желге ұшты, құмға кетті. Жылы жабылды.
Тараз қаласында да соңғы жылдары көгалдандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, ықшамаудандар мен саябақтардың аумағын жасыл желекпен көмкеру қарқын алды. Мәселен, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті егілген. Бұдан бөлек, Саңырық батыр, Тәуке хан көшелеріне, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов атындағы саябақтарға, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің маңайына, «Қазақ хандығы» монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, Теміржол вокзалы, «Қуғын-сүргін құрбандары», «Арбат» скверлеріне, «Денсаулық», «Атшабар» аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық әртүрлі ағаш отырғызылған.
Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, биыл да 20 мың түп ағаш егілмек. Қаланы көгалдандыруға жауапты «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ның агрономы Жасұлан Молдабаевтың айтуынша, аталған тал-дарақтар «Қызылабад» алқабының аумағына отырғызылмақ. Оның 10 мыңы көктем айларында, қалған жартысы күз мезгілінде егіледі деп жоспарланып отыр екен.
– Бұдан бөлек, көктем-күз айларында қылқанжапырақты талдар – қарағай, арша, тікенекті, сібір шыршалары, шығыс және батыс бозаршалары отырғызылады. Олар Айша бибі, Тәуке хан көшелерінің, Теміржол вокзалы және «Арбат-1, 2, 3» скверлерінің, «Үшбұлақ-2» каналы жағалауының, «Қазақ хандығы» және «Біз біргеміз» монументінің, облыстық оңалу орталығының, сондай-ақ қаланың Бас жоспарына сәйкес белгіленген аумақтардың ажарын ашады. Ал жайпақ жапырақты ағаштардан – шаған, қарағаш, терек, сәнағаш, үйеңкі және сібір алмасы егіледі. Олар Абай даңғылы, С.Сейфуллин, Д.Шостакович, Н.Әбішев көшелері мен «Бәйтерек», «Арай» және «Ұлы дала» шағынаудандарын көк желекпен көмкереді. Осылайша, жалпы саны 6 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарда тұр, – дейді агроном.
Сонымен қатар наурыз-сәуір айларында 60 мыңға жуық раушан мен өзге де сәндік гүлдер көне шаһардың көркін кіргізеді деген ойда.
Бұл деректерді оқыған адам Таразды көк желек көмкерген иранбағы ретінде елестетері сөзсіз. Алайда жылда егілетін бұл көшеттердің де өніп шығуы көңіл көншітпейді. Отырғызылған жасыл желектердің жыл өтпей қурап, көктей солуына қатысты Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков та күні кеше өткен аппараттық жиында сала мамандарының жұмысын сын тезіне алды.
– Жылда көшет егеміз. Алайда оларды суғарып, күтіп-баптауға келгенде сала мамандары салғырттық танытуда. Қаланың ауа райы мен жер жағдайын ескермей, тал-дарақтар еге бересіздер. Бұл дұрыс емес. Біздің Ботаника институтымен келісілген мәмілеміз бар. Міне, осы институт мамандары айтқан ағаштарды отырғызу керек. Биыл қарағай мен арша ағаштарын екпейсіздер. Оның орнына 1 сұрыпты 3-4 жасар, өнімділігі жоғары көшеттерді отырғызу керек.
Қаладағы көгалдандыру жұмыстарына қазынадан 2,2 млд теңге бөлінді. Бұл аз ақша емес. Сондықтан көшет отырғызу жұмыстарына жауапкершілікпен қарау керек. Күні кеше Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта былтыр егіліп, қурап кеткен ағаштарды көрдім. Осы ағаштардың орнын сапалы көшетпен ауыстыру керек. Осындай ағаштары қурап тұрған орындар аз емес. Барлығын алмастыру қажет.
1 наурыздан бастап екі айлық сенбілік науқаны басталады. Осы екі айда барлық мәселе оңтайлы шешілуі керек, – деген қала әкімі жауаптылардың басынан сипамады.
Егілген жас көшеттердің қурап кетуіне қатысты «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС мамандары сан сылтауды алға тартып отыр. Олардың сөзіне сүйенсек, қалада көлік саны көбейіп, содан шығатын түтін көшеттерді солдырып тастап жатқан көрінеді. Көк түтін мен ыстық ауа райының салдарынан қарағай, арша, шырша секілді желектердің 30 пайызға жуығы «өліп» кетуде. Ал жайпақ жапырақты ағаштардың бейімделу деңгейі жоғарырақ. «Олардың 90 пайызы «тірі» қалады», – дейді мамандар.
Бұдан бөлек, агроном Жасұлан Молдабаев қала тұрғындары, әсіресе жастардың көкжелекке жанашырлықпен қарап, қамқорлық танытпайтынына қынжылысын жеткізді. Бойына қуаты енді тарап, тамыры жаңа қатайып келе жатқан көшеттерді сындырып кететін тентектердің тірлігіне қапаланған маман ата-аналардың бұл тұрғыда тәрбиелік жұмыс жүргізуі қажет екенін айтады.
Әрине, есік алдындағы жасыл желекке шелек су құюға ерінетіндер бар екені жасырын емес. Алайда «битке өкпелеп, тонды отқа жағуға» әсте болмайды. Оған қоса, бұл жұмыстарына «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің мамандары жалақысын алып отыр. Сондықтан сыныққа сылтау іздемей, жүктелген жұмысқа жауапкершілікпен қараған жөн. Ертең «сен салар да мен салардың» кері келіп, сан соғып отырмайық. «Судың да сұрауы бары» секілді, қазына қаржысын да оңды-солды шашуға жол берілмеуге тиіс. Осыны сала мамандары санасына құйып, биылға бөлінген миллиондаған қаржыны мақсатты жұмсайды деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы