Былтырғы су тасқыны еліміз үшін үлкен сынақ болды. Биыл да қар аз емес.
Тасқын су: қауіп қайда демеңіз?!
543
оқылды

Түрлі аймақта су тасу қаупі  бар. Ендеше тиісті құрылымдар не істеп жатыр, былтырғы оқиғалардан қандай сабақ алдық, «Алаң» айдарында бірқатар  маманға сұрақ қойдық. 

1. Былтырғы жылдан қандай сабақ алдық? 

2. Су тасқынының алдын алуға  дайындық  қандай деңгейде?

3. Болашақта не істелуі керек?

1. Былтырғы жылдан қандай сабақ алдық? 

Эльдар Жұмағазиев,

«AMANAT» партиясының хатшысы:

– Еліміз былтыр көктемгі су тасу мау­сымында өте күр­делі жағдайды бастан кешкені рас. Бұрын тек бір-бір өңірде төтенше жағ­дай болатын болса, 2024 жылы көп­теген облыс су астында қалды. Соның ішінде Атырау облысы ерекше күр­делі жағдаймен бетпе-бет келді. Әрине, жергілікті халық үшін су тасу – бейтаныс дүние емес. Жылда Жайық арнасынан таситындықтан оны дайындықпен күтеді. Одан бөлек, Қиғаш, Жем өзендері бар. Бірақ дәл осындай деңгейдегі апатты шын мәнінде күткен жоқ. Оған дайын болмағаны­мыз рас, оны мойындауымыз керек. Оған ең бірінші себеп, Жайық жағалауында бұрынғы Кеңес кезінде қалыптасқан ирре­гациялық жүйенің кейінгі жылдары дымы қалмай жоғалып кеткені. Кезінде өзен бойында көптеген дамба, каналдар болатын. Солар ұзақ жылдар қараусыз қалып, опырылып құлап, табаны толып, жер бе­дері­мен бірдей боп тегістеліп кетті. Отыз жылдан бері Жайық дәл бұлай тасымаған­дық­тан, олардың қажеті болмады да, әкімдік ол жерлердің бәрін жер учаскесі ретінде беріп, оған халық үй салып тастады. Сондықтан да қауіпті жағдай туды. Өзім осы өңірдің тумасы болғандықтан, өңірдің жағдайын жақсы білем.

Сол кездегі ең басты міндет – кінәліні іздеу емес, тізе қосып табиғи апатқа қарсы тұру болды. Соған байланысты біздің пар­тия әдеттегідей күрделі кезеңде барлық өңірде бір кісідей атсалысып, жергілікті халыққа көмек көрсетті. Мәселен, Атырау қаласы бойынша 100 шақырымдай учаскенің 21,2 шақырымын «АMANAT» партиясы өз жауапкершілігіне алған болатын. Мені сол жұмыстарға басшылық етуге жіберді. Облыстық әкімдік Жайық өзенінің бойын 103 телімге бөлген екен. Ол телімдер өзен­нің су тасып, шайып кетеді-ау деген осал тұстарын ескере отырып бөлінген. Соның 7 учаскесінде «AMANAT» партиясы жұмыс істеді. Олар – Зарослый, Еркінқала, Көк­арна, Алмалы сияқты тағы да басқа тұрғын үй алаптарының маңдары. Бұл мақсатта бізге «Халық» қоры қаржылай қолдау көр­сетті. Осы жерлерге жалпы ұзындығы 21,2 шақырым бөген жасалу керек болса, күн­де­лікті 170 техника жұмыс істеп, 1,5 мың  адам жұмылдырылды. Бөген салу жұмыс­тарынан бөлек осынау көп адамды ішер аспен, көлікпен, тағы да басқа қажеттілік­термен қамтамасыз ету жұмыстарын атқардық.

Енді былтырғы тасқын судың бізге көрсеткен сабағы, кемшілігі дегенге келсек – жергілікті атқарушы органдардың, соның ішінде аудан, ауыл әкімдерінің қолында көп құзыреттің жоқ екеніне көз жетті. Мәселен, материалдық-техникалық ресурстары жеткіліксіз екенін көрдік. Көп ауыл өз тарапынан көптеген мәселені шеше алмады. Халық жұмылып, кәсіпкерлер, кәсіпорындар көмектесіп, тығырықтан шыға алдық деуге болады. Бұл тұста жер­гілікті жерлерде ұйымшылдық өте жоғары болды. Соны атап айта кету керек. Бөген салу жұмыстарына ешкім халықты мәжбүрлі түрде тартпағанын бәріміз де біліп отырмыз. Олар өздері ынта-тілек танытып, сол жер­лерде күн-түн демей жұмыс істеді. Ол, әри­не, өздері үшін де болар, бірақ облыстың өзеннен алыс су шаймайтын жерлерінен де келіп көмек көрсеткендердің қарасы көп болды. Басқа өңірлерден келген қан­шама еріктілер, қарапайым тұрғындар жүрді. Бірде түннің он екілер шамасында өзім Дамба тұрғын үй алабының тұсында бір топ жігіттерге барып, хал сұрап, қандай көмек керек екенін сұрағанымда, олар қарақалпақ ұлтының өкілдері болып шық­ты. Көрші мемлекеттен келіп, сонда құры­л­ыста, базарда, шаруашылықтарда жұмыс істеп жүрген қарапайым азаматтар екен. Түрі бізге қатты ұқсайды ғой, оның үстіне көпшілігі беттерін бүркеп алған, басында мән берген жоқпын, өздері келіп әдейі айтты: «Аға, біз Қарақалпақстаннан келген адамдармыз, осы жердің нанын жеп, суын ішіп жүргенімізге 15 жыл болды. Сондықтан қалыс қалып тұра алмадық. Абырой ортақ қой, сізге кім екенімізді ескертіп қояйық дегенбіз» дейді. Ризашылығымды білдіріп, Қазақстан халқының атынан алғысымды айттым. Бірге суретке түстік. Одан да өзге күн-түн демей, бел жазбай көмектескен халықтың қарасы қалың болды.

Осы ретте менің беретін бағам – былтыр­ғы қиынғы кезде халқымыз өзінің ұйым­шылдығын, ауызбірлігін таныта алды. Қат­ты таң қалғаным, Жайық өзенінің жағасына 220 шақырым бөгенді тұрғызу халықтың өзінің күш-құлшыныс танытуымен жүзеге асты. Кәсіпкерлер көмектесті, меке­мелер көмектесті. Бір жақсы жері Атырау облысында ірі мекемелердің саны көп қой. Десе де, ұйымдастырушылық тұстарда Үкіметтің өзі араласуына тура келді. Мәселен, бастапқыда Құлсарыда те­хника жетпей жатты. Сол кезде Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірге сапармен келіп, сол кісі шешім қабылдап, Атыраудағы көптеген техниканы Құлсарыға жіберткізді. Осы сияқты көптеген тұстарда жедел ден қойып, шұғыл шешімдер қабылдауға тура келді. 

Әсет Жылқайдаров,

ТЖМ Төтенше жағдайдардың алдын алу комитеті

төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

– 2024 жылғы су тасқыны кез­еңінің қорытын­дысы бойынша тиісті қорытын­ды­лар жасалды. ТЖМ ықтимал су тасқын­ы­на инфрақұрыл­ым­ды дай­ындау үшін жер­гілікті атқарушы және мүдделі мем­ле­кеттік органдармен тығыз өзара іс-қимыл жасайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрліктің қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Ол табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылайды.

10 ақпаннан бастап Ішкі істер минис­трлігі, «Қазгидромет», «Қазсушар», «Қаз­автожол» және «Қазақстан Ғарыш Сапары» мамандарын тарта отырып, Министрліктің су тасқынына қарсы жедел штабы тәулік бойы жұмыс істейді. Осыған ұқсас штабтар өңірлерде де бар.

Бұған дейін 2024 жылғы су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін жергілікті ат­қарушы органдар ТЖМ аумақтық бөлім­шелерімен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізбесіне түзету және нақтылау жүргізген болатын. Соның нәтижесінде елімізде су басу қаупі бар аймақтарда 1 223 елді мекен бар екені пысықталды. Соған сәйкес, өңірлерде су тасқынына қарсы мыңнан астам іс-шара іске асырылды. Елді мекендерді қорғау үшін 576 шақырым қорғаныш бөгеттері мен біліктері салынды. 164 шақырым дренаж жүйесі жөнделді және салынды, автомобиль және теміржолдардың астына 960  су өткізу құрылығылары орнатылып, бірқатары ауыстырылды, 658 шақырым канал мен арық қазылды, 74 өзеннің қауіпті учаскесінде шамамен бес жүз шақырым тереңдету мен жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Елді мекендердің ішінде жаңбыр мен дренаж жүйелері жөнделіп, салынуда. Сондай-ақ елді мекендерден қар шығару үшін қауіпсіз полигондар алдын ала анықталып, белгіленді.

2. Су тасқынының алдын алуға  дайындық қандай деңгейде?

Эльдар Жұмағазиев,

«AMANAT» партиясының хатшысы:

– Биыл да менің ойымша, жақсы дең­гейдегі жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір өңірлік кеңестерде облыстық мәслихат­тардың тарапынан, сол жерлердегі Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдіктерінің тарапынан су тасқынына қарсы күреске қатысты көптеген жұмыс атқарылуда. Оны вице-премьер Қанат Алдабергенұлы былтырдан бері өзі басқарып әрбір облысқа барып, қарап жүр. Мұны жаңалықтардан бәріміз де көріп отырмыз. Мен тек Атырау облысында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқтала кетейін. Өйткені былтыр ең күрделі ахуал сонда болды ғой. Облыс әкімдігінің мәліметтеріне қарасақ, Жылыой, Махамбет аудандарында, Құлсары, Атырау қалаларында осы уақытқа дейін көптеген жұмыс ат­қарылған екен. Жылыой ауданында Қам­ыскөл көлінің жағалауы нығайтылып, Жем өзенінің арнасы 23 шақырым және Құрсай каналы 35 шақырым бойы тереңдетілген. Махамбет ауданында Жайық өзенінің Махамбет ауылы тұсындағы 4,5 шақырым жері бекітіліп, Махамбет және Сарытоғай ауылдары арасындағы көпірдің құрылысы аяқталыпты.

Атырау қаласы маңындағы Талғайран, Ақжар және Еркінқала ауылдарында қорғаныс бөгеттері салынып жатыр. Алмалы ауылында «Сарыөзек» каналының бойындағы 5,6 шақырым бөгеттер нығайт­ылып, Жайық өзенінің бойында ұзындығы 2,5 шақырым жаңа жағалау бекіткіштері салынып жатыр. 

Жайық өзені, Соколок каналы мен Каспий теңізі арасындағы негізгі буын саналатын Гоголь каналын тазарту және кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қазір жалпы ұзындығы 30 шақырым, ені 18 метр және тереңдігі 2 метр каналдың түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатса, бүгінгі күні ұзындығы 9,5 шақырым учаскедегі жұмыстар аяқталыпты. Одан да басқа атқарылып жатқан жұмыстар аз емес болар, бірақ менің көңіліме қонғаны – бұрынғы иррегациялық жүйелер қайта қалпына келтіріле бастаған.

Енді қазіргі алдымызда тұрған сын – былтырғы болған келеңсіздіктерді қайта­ламау деп санаймын. 2024 жылдағы күрделі ахуал бізге сабақ болу керек. Соған байланысты қандай шаралар қолданылды? Қаражат бөлінді ме? Техника алынды ма? Себебі менің өзімнің басымнан өткен нәрсе, былтыр топырақ салып, бөген тұрғызатын қапшықтардың өзін таба алмай қалған жағдай болған. Күніне 15-20 мың қаптан толтырып, бөген салынып жатты. Оны Атырауға Алматыдан алдырдық, арғы жағы Қытайдан келді. Ол қымбаттап кетті, көптеген делдал ортадан килікті. Сонда ел басына күн туғанда, содан пайда көріп қалғысы келген адамдар бар екенін көрдік. Жасыратын ештеңесі жоқ, бір самосвал топырақ әкелудің бағасы да өсіп кетті. Ол, әрине, дұрыс емес! Екіншіден, жанар-жағармай, техника жетіспеушілігі мәселесі. Атырауда ірілі-кішілі мұнай мекемелері, кәсіпкерлер көмектескен болар, бірақ басқа облыстарда ол қатты сезілді. Жұмыс істеп жатқан 120 көлікке күніне бензин немесе ди-зель отыны керек болды. Жанар-жағармай бірде бар, бірде жоқ болғандықтан, бастапқыда техникалар тұрып қалып, жұмыстар кідіріңкіреп қалып жатты. Осының барлығында бізге «Халық» қоры үлкен көмек көрсетті. Олар 90 тонна дизельдік отын, 200 мың қап алып берді. Күніне таңертең бір көлікке 100-150 литрден беріліп тұрды. Бастапқыда кәсіпорын, мекемелер берген 120 техника аздық етті, кейіннен 50 шақты жекеменшік техниканы тарттық. Сол кезде азаматтар қолма қол есеп айырысқанды қалап отырды. Барлығын шұғыл істеу керек, алдын ала келісім болмағандықтан олардың құжаттарын реттеу де уақыт алды. Міне, осындайда алдын ала алгоритмнің жоғын түсіндік.

Әсет Жылқайдаров,

ТЖМ Төтенше жағдайдардың алдын алу комитеті

төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Төтенше жағдайлар министрлігі ел өңірлеріндегі 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыруда. Кешенді іс-шаралар шеңберінде халықты және инфрақұрылымды көктемде өзендердің арнасынан асуына байланысты қауіптерден қорғауға бағытталған көптеген іс-шара жүзеге асырылуда. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі негізгі іс-шаралар орталық және жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттармен іске асырылады. Осы іс-шараларды  іске асыру су басу қаупін бар­ынша азайтуға және елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Табиғи құбылыстың ықтимал салдарын болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар Төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп қорғаныс бөгеттері мен біліктерін тұрғызу және нығайту, су бұру арналары мен арықтарды құру, сондай-ақ жаңа нөсер жүйелері мен су өткізу құрылыстарын салу жөніндегі жұмыстарды жүргізуде. Осы шаралардың барлығы су тасқынынан қорғау үшін сенімді инфрақұрылым құруға бағытталған.

Бүгінде өңірлерде су тасқыны қаупін барынша азайту республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттармен іске асырылуда. Олар – әлеуметтік-эконо­микалық дамудың кешенді жоспарлары және Өңірлерді дамыту жоспарлары, су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстардың өңірлік жоспарлары. Бұдан басқа ТЖМ қызмет­керлері 2025 жылғы су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру бойынша барлық өңірдің дайындығына тексеру жүргізуде.

Су тасқынын болжау үшін цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Төтенше жағдайлар, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар мини­стрліктерімен бірлесіп «TASQYN су тасқынын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесін әзірледі. TASQYN АЖ жұмысы су қоймасына келетін судың және өзендердің көктемгі ағынын болжау процестерін автоматтан­дыруға, сондай-ақ цифрлық болжамды гидрограф және су қоймаларынан жос­парланған су ағындары бойынша су басу аймақтарын модельдеуге бағытталған. Ақпараттық жүйе қысқа және ұзақмерзімді перспективада өзен деңгейлері мен су көлемін болжауға мүмкіндік береді. Қазір TASQYN АЖ апробация кезеңін өтуде. Ағымдағы су тасқыны кезеңінде ақпараттық жүйенің практикалық жұмысы тексеріледі, соның негізінде жүйенің жұмысын жақсарту жөнінде шешімдер қабылданатын болады.

Алдағы су тасқыны кезеңіне жедел дайындық мақсатында, Төтенше жағадайлар, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан және жергілікті атқарушы органдардан тұратын азаматтық қорғау қызметтері жеке құрамның жалпы саны 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4 096 су айдау және 640 жүзу құралы бар күштер топтамасы құрылды. Министрліктің аумақтық бөлімшелерінен қосымша резервтік топтары дайындалды.

Жыл сайын республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексеру мақсатында «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіледі. Биылғы жылы оқу-жаттығулар екі кезеңде өткізілуде. Бірінші кезең 6-7 ақпан аралығында Батыс және оңтүстік өңірлерде, яки 2 қала және 9 облыста өткізілді. Наурыз айының басында ұқсас жаттығулар басқа аймақтарда, яки Шығыс, Солтүстік және Орталық аймақтарда өткізілетін болады. Оқу-жаттығу аясында мемлекеттік органдармен және әкім­діктермен су тасқынын жою бойынша іс-қимыл алгоритмі пысықталды.

Ғалымжан ҚАМБАРБЕКОВ,

Су ресурстары және ирригация министрлігінің сарапшысы:

– Былтыр біздің министрлік су қой­ма­лары мен басқа да гидро­техникалық ныс­андарды жаң­ғыр­ту және жөндеу бойынша ауқымды 20 жобаны іске асыр­ды. Мәселен, Ақтөбе су қой­масы­на 36 жылда алғаш рет реконструкция жасалды. Бүгінде қой­маның сыйымдылығы 245 млн текше метр­ге жетті. Батыс Қазақстан облысында соң­ғы 58 жылда бірінші рет Киров су қой­ма­сы жөн­делді. Бұдан бөлек, 74 шақырым суару каналы қалпына келтірілді. Атырау об­лысында 41 жылда алғаш рет ұзындығы 74 шақырым болатын «Ақсай» каналы жөнделді. Ал Астана су қоймасын рекон­струк­циялау үшін жобалау-сметалық құжат­тама әзірленуде. Шығыс Қазақстан облысында Қандысу өзеніндегі су қоймасын қайта жаңғыртуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Су тасқынына дайындық мақсатында бассейндік инспекциялар ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және «Қазсушар» РМК өкілдерімен бірлесіп гидротехникалық құрылыстардың (ГТҚ) жағдайын көзбен шолып, тұрақты тексеру жүргізіп тұрады. Тексеру қорытындысы бойынша жөндеуді қажет ететін 564 ГТҚ анықталды. Гидро­тех­никалық нысандардың барлық меншік иелеріне бассейндік инспекциялар тарапы­нан тасқын суларды қауіпсіз өткізу үшін белгілі бір іс-шараларды жүзеге асыру туралы ұсынымдар берілді. Осы ұсынымдарға сәйкес, өңірлерінде жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) қайта жаңарту, жөндеу және әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ма­ма­ндар гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігінің төмендеуіне әсер ететін негізгі себептер: оның тозуы, техникалық қыз­мет көрсету мен мониторингті қаржы­ландырудың аздығы, антропогендік фак­тор­лардың әсері, сондай-ақ коммун­алдық меншікте ГТҚ пайдалану жөніндегі су шаруашылығы ұйымдарының болмауы екенін айтып отыр. Бүгінде бұл салада 15 мамандандырылған ұйым жұмыс істеуде болса, оның 9-ы былтыр құрылған.

Сонымен қатар еліміздің 16 өңірінде су тасқынына дайындық аясында жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 400-ге жуық бөген жөнделді. Бұл жұмысты Су ресурстары және ирригация министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігі және әкімдіктермен бірлесіп іске асыруда. Мем­ле­кеттік органдар бірлесе 6 облыстың 84 елді мекенінде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізілуде.

Сондай-ақ Су ресурстары және ирри­гация  министрлігі әкімдіктермен бірлесіп елді мекендерге жақын өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерін санациялау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын, яки Жол картасын бекітті. Оған сәйкес 10 облыста 51 өзен учаскесі мен 1 көл анық­талды, онда бірінші кезекте жалпы ұзындығы 814,06 шақырым өзендерді санациялау қажет. Бүгінде Атырау облысындағы Жайық және Қиғаш, БҚО-да Шаған өзендерінің арналарын санациялау жұмыстары басталды.

3. Болашақта не істелуі керек?

Эльдар Жұмағазиев

«AMANAT» партиясының хатшысы:

– Менің бала кезім Геолог деген ауылда өтті. Өзеннің мына басы Дамба деген ауыл, мына басы біз. Сонда 1983-жылдар Жайық қатты толды. Сәл лық етсе екі ауылды да алып кететін еді, сол кезде өзеннің мөлтілдеп толып тұрғанын білемін. Бірақ былтырғысы одан да зор су. Секундына 2 900 текше метр бол­ып ақты. Енді «табиғатта сулы цикл, қуаң цикл болып бөлінетін уақыттар бола­ды» дейді ғалымдар, сол айтқандай, бұл Қа­зақстанда 80-жылдан бері болып тұрған су тасуы екен. Ендеше, табиғаттың осы ерекшелігі бізде стратегиялық деңгейде басшылыққа алыну керек. Елді мекендерді құру, жерге орналастыру мәселесінде бір-і­н­ші кезекте ескерулеуі қажет.

Екіншіден, әр өзеннің жағасында саға көп. Кеңес кезінде қолдан жасалған иррига­циялық жүйелер бар. Солар сақталу керек. Ой жерлерге үй салуға тыйым салынуға тиіс. Бұрынғы ирригациялық жүйелер қалпына келтірілуі керек. Мысалы, Жайық­тың жағасында Нарын деген канал бар еді. Содан ешқандай саға қалмаған.

Үшіншіден, былтырғыдай техника жетпеу, құрал-саймандар жетіспеушілігі, жанар-жағармай тапшылығы болмау қажет. Барлығы алдын ала дайындалып, қаржысы да, басқасы да түгел бөлініп, артығымен дайын тұруға тиіс. Жоғары тұрған басшылық келіп араласып, «қолмен басқару» сынды әрекеттер болмау қажет.

Төртіншіден, сөз басында айтып кет­кенім­дей, ауыл-аудан әкімдерінде төтенше жағдайға қарсы көп құзырет жоқ. Ол су тасқыны ма, өрт шарпу ма, басқа ма, қай-қай­сысында да ең жақын жердегі ауылда немесе ауданда заңнама деңгейінде шешім қабылдайтын мүмкіндіктер болу керек. Техникасы, құрал-саймандары, адам күшін беру қажет. Өйткені олар төтенше жағдай кезінде орталыққа хабарлап, олардан көмек күтіп отырады да, уақыт жоғалтады. Мұны біз бұрнағы жылдары орман өрті кезінде көрдік. Сондықтан да табиғи апаттар қауіпті аймақтарда орналасқан ауылдардың әкімдеріне материалдық-техникалық, заңнамалық мүмкіндіктер беру керек.

Әрине, атқарылған шаруалар аз емес, алда да қыруар мақсат-міндеттер тұр. Былтырғы жағдай биыл да қайталануы мүмкін, сондықтан босаңсуға болмайды. Су тасқыны, дала өрті, сел жүру сынды елді мекендерге қауіп төндіретін табиғи апаттарға тек маусымдық көзқараспен қарауға болмайды. 

Нұрлан ҚОСАЙ