Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті 2025 жылғы 1 наурыздан бастап жолдарда көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу енгізілетіні туралы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шілдедегі № 492 бұйрығына сәйкес көктемгі кезеңде жол жүрісін ұйымдастыру кезінде уақытша жүрісті шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдеріне сәйкес жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының жүрісіне шектеу енгізіледі. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын мерзімінен бұрын тозудан сақтау мақсатында бесінші жол – климаттық аймаққа жататын сегіз облыста шектеу 2025 жылғы 1 наурыздан бастап қолданылады:
1) Алматы облысы;
2) Атырау облысы;
3) Жамбыл облысы;
4) Ұлытау облысы;
5) Қызылорда облысы;
6) Маңғыстау облысы;
7) Жетісу облысы;
8) Түркістан облысы.
Көктемгі кезеңде:
1) халықаралық келісімдерге сәйкес жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасымалдарын жүзеге асыратын;
2) төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою іс-шараларын жүзеге асыратын;
3) зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуді жүзеге асыратын;
4) азық-түліктерді тасымалдауды жүзеге асыратын;
5) жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын;
6) дәрі-дәрмектерді тасымалдауды жүзеге асыратын;
7) мердігер ұйымдарға реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін берілген учаскелердегі жол-құрылыс жұмыстарын жүзеге асыратын;
8) қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, сондай-ақ әскери тасымалдауларды жүзеге асыратын автокөлік құралдарына шектеулер қолданылмайды.
23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай шектеулер енгізіледі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.