Қазақстан әлемдік гастрономиялық картада өз орнын нығайтуда. Алматыдағы «Auyl» мейрамханасы мен Астанадағы «Temple Bar» «50 Best Discovery» беделді топтамасына енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qaztourism-ге сілтеме жасап.
Үздік мейрамханаларды анықтауға арналған дауыс беруге әлемнің түкпір-түкпірінен 1900-ден астам тәуелсіз сарапшы қатысқан. «Auyl» дәстүрлі мейрамхана өнеріне жаңа көзқарас арқылы халықаралық мамандардың назарын аударды. Алматы қаласындағы мейрамхана өз қонақтарына бірегей тәжірибе қалыптастырып, тағамдардың ұсынылуы жарық, дыбыстық және хош иіс әсерлерімен сүйемелденеді.
Астанадағы «Temple Bar» да алхимиялық дәстүрлері, speakeasy тұжырымдамасы және миксологияға инновациялық көзқарастың үйлесімімен ерекшеленді. Оның басты ерекшелігі – мәзірдің болмауы: әр тағамды дайындау кезінде қонақтардың жеке сұранысы ескеріледі. Әлемдегі үздік барларға дауыс беруге 1 200-ден астам салалық беделді маман қатысқан.
Отандық мекемелердің «50 Best Discovery» тізіміне қосылуы еліміздің гастрономиялық туризм орталығы ретінде тартымдылығын көрсетеді. Қазақстан талғампаз шетелдік саяхатшыларды тоғыстыратын жаңа мекенге айналуда, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, «50 Best Discovery» – «The World’s 50 Best» жаһандық рейтинг және жоғары асүйді таңдайтындар үшін ең беделді дереккөздердің бірі. Онда әлемнің үздік мейрамханалары мен барлары қамтылған. Қонақжайлық саласындағы 1000-нан астам тәуелсіз сарапшының дауыс беруі негізінде беделді гайд жаңартылып тұрады. Бұған дейін әлемдік гастрономиялық рейтингке «Qazaq Gourmet» және «Barmaglot Bar» кірген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.