Облыста ірі инвестициялық жоба сәтті жүзеге асты, бұл Президенттің аграрлық саладағы өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес орындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне сілтеме жасап. Жаңа кәсіпорынға СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барып, технологиялық процеспен танысты.

Жобаға 34 млрд теңге инвестиция құйылып, толық қуатына шыққанда 220 жұмыс орны ашылады. Бюджетке 3,2 млрд теңге салық құяды. Жаңа кәсіпорын жылына 400 мың тоннаға дейін майлы дақылдарды өңдей алады. Өндіріс толықтай автоматтандырылған және қалдықсыз жұмыс істейді, заманауи еуропалық жабдықтармен қамтылған. Зауыттың өнімі – күнбағыс, рапс және зығыр майы, сондай-ақ күнжара мен шрот. Ашылған күннен бастап 10 мың тонна тазартылмаған күнбағыс майы өндірілді. Көктемде экстракция желісі іске қосылса, жыл соңына дейін тамақ өнеркәсібінде сұранысқа ие лецитин өңдеу цехы ашылады.


"Кәсіпорын шикізатты жергілікті диқандардан сатып алады, бұл өңірдің жоғары әлеуетін көрсетеді. Биыл әртараптандыру аясында майлы дақылдардың егіс алқабы 85 мың гектарға ұлғайтылып, 760 мың гектарға дейін жетті", – деп атап өтті өңір басшысы.