Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әділет органдарын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жасанды интеллект мүмкіндіктерін одан әрі қолдана отырып, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру, көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету жолдары туралы баяндады.
Баяндамада министр зияткерлік меншік құқықтарына да тоқталып, қазақстандық музыканы Meta платформасынан алып тастау оқиғасы ұжымдық басқарудағы кемшілік екенін айтты.
«Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталып өтсем. 2024 жылы күз айында орын алған қазақстандық музыканы Meta платформасынан алып тастау оқиғасы ұжымдық басқару саласындағы кемшіліктерді айқын көрсетті. Көптеген танымал авторлар мен орындаушылар өздерінің осы платформадағы шығармалары үшін сыйақы алмағандары туралы шағымданды. Осыған орай, аталған саланы цифрландыру қажет. Авторлар мен өзге де құқық иеленушіге барлық кезеңді, яғни келісімшарт жасаудан бастап, сыйақы жинау, бөлу және төлеуге дейін онлайн форматта қадағалауға мүмкіндік беру жоспарлануда», – деді Ерлан Сәрсембаев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің рөлін барынша күшейту талап етілетінін, сапалы құқықтық реттеуді қалыптастыру және заң сараптамасының сапасын арттыру мақсатында заңнамалық бастамаларды іске асыру кезінде нақты «пакеттік» қағидатты қамтамасыз ету шаралары қабылданатынын айтып, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында атқарылатын негізгі басым бағыттарға тоқталып өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.