«2025 жылы күзгі-қысқы кезеңнің дайындығы мен өтуіне мониторинг жүргізу жүйесі іске қосылады. Сондай-ақ салалық ақпараттық жүйелерге жасанды интеллект элементтерін енгізу және мұнай өнімдері мен сұйытылған мұнай газын бөлу бойынша цифрлық сервисті іске асыру жоспарланып отыр. Бұл саланы басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және тұтынушыларды энергия ресурстарымен үздіксіз қамтамасыз етуге ықпал етеді», – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Сонымен қатар, Қазақстанда Энергетика министрлігінің ахуалдық-талдамалық орталығы (АТО) – мониторингті, болжауды жүзеге асыруға және нақты уақыт режимінде деректер негізінде жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін саланы цифрлық басқарудың заманауи құралы пайдалануға берілді.
АТО энергетикалық объектілер жұмысының негізгі көрсеткіштерін бақылауды, тәуекелдерді уақтылы талдауды және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді. Орталықтың жұмысы әртүрлі бағыттар бойынша ақпаратты көрсететін интерактивті бақылау тақталарын пайдалануға негізделген:
- Электр энергиясын өндіру және тұтыну;
- Мұнай мен газды өндіру және тасымалдау;
- Күзгі-қысқы кезеңнің өту мониторингі;
- ОЭК объектілерінің ахуалдық-талдамалық картасы.
АТО енгізу – Қазақстанның отын-энергетикалық кешенін цифрлық трансформациялаудағы маңызды қадам, – делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.