Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мен Коммуналдық қалдықтарды жинау, шығару, қайта өңдеу бойынша инфрақұрылымды дамыту мәселесі де талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиынға Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, «KazWaste» ассоциациясының өкілі Шынболат Байқұлов, қоғам белсендісі Сергей Снегиров, Ерлан Мақажанов, Батырбек Әубәкіров сынды бірқатар азамат қатысты.
Отырысты кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов ашып, еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда коммуналдық қалдықтарды тиімді басқару мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы реформаларды жетілдіру үшін мемлекеттік және жергілікті органдардың, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдерінің бірлесе жұмыс істеуі маңызды.
Келелі жиында сөз алған баяндамашылардың бірі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Кәрімұлы Төкенов коммуналдық қалдықтарды басқару саласында қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Ол қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу деңгейін арттырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар бұл бағыттағы халықаралық тәжірибелерді енгізу қажет екені туралы пікір білдірді.
«Қазіргі таңда елімізде қалдықтарды басқару саласында бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Алайда халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және бұл жүйені кеңейту үшін кешенді шаралар қажет. 2024 жылы елімізде шамамен 4,8 млн тонна коммуналдық қалдық пайда болған, оның 25,8%-ы сұрыпталып, қайта өңделді, ал қалған бөлігі тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) полигондарына көмілді», – деді ол.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 2973 ТҚҚ полигоны бар, оның 608-і (20,4%) экологиялық және санитарлық талаптарға сай.
Талаптарға ең аз сәйкестігі байқалған өңірлер:
- Павлодар облысы – 5 полигон (1,56%)
- СҚО – 11 полигон (2,4%)
- Абай облысы – 5 полигон (2,9%)
- Ал Астана, Шымкент, Түркістан және Жамбыл облыстарында барлық полигондар талаптарға сай.
Сарапшының сөзінше, министрлік ауылдық полигондар үшін талаптарды жеңілдетуді жоспарлап отыр, өйткені олардың заңдастырылуы өте қымбатқа (175 млрд теңге) түседі. Жаңа стандарт бойынша тек қоршау, санитарлық және су қорғау аймақтары, дозиметриялық бақылау, дезинфекциялау ванналары қарастырылатын болады.
Сондай-ақ 2024 жылы 4886 заңсыз қоқыс орны анықталып, 93%-ы (4423) жойылған. Бірақ Атырау (74%), ШҚО (75%) және Ұлытау (0%) облыстарында көрсеткіш төмен. Сол себепті экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 164 лауазымды тұлға (әкімдер мен орынбасарлары) 9,3 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Отырыста қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесі де көтерілді. Сарапшылардың пікірінше, заманауи технологияларды енгізу арқылы қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Оған қоса тиісті заңнамалық өзгерістер енгізу арқылы қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға қолдау көрсету керектігі айтылды.
«Қалдықтарды өңдеу зауыттарын жаңғырту және жаңа технологиялар енгізу – басты басымдықтардың бірі. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылуға тиіс», – деді отырыста сөз алған баяндамашылардың бірі.
Жиын қорытындысы бойынша Экологиялық кеңес коммуналдық қалдықтарды тиімді басқаруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, қалдықтарды жинау мен өңдеу жүйесін жетілдіру, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қатысты бастамалар көтерілді. Отырыста қаралған мәселелер алдағы уақытта нақты іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асырылатын болады. Кеңес мүшелері бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін және экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.