Сақтандыру десе ойымызға бірден көлік сақтандыру сап етеді. Оның өзі көлігі бар жандар шығар. Үйге қажетті дүниені реттемесе де көлікті сақтандыруды ұмытпайды. Ал өмірді сақтандыру ше? Еуропа жұрты секілді біздің халықтың бойына өмірін сақтандыру дендей алды ма?
Сақтандыру тиімді ме, әлде депозит пе?
istockphoto.com
1,254
оқылды

Шындығында, ол нәрсе елдің ойына кіріп те шықпайды. Оларды кінәлай да  алмайсыз. Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң бәрі бекершілік секілді. Көпшілігі сақтандырудан гөрі, депозитке салғанды жөн көреді. Оның өзіне ел енді-енді үйреніп келе жатыр.

Halik Life өмірді сақтандыру компаниясының қаржы консультанты Әлия Исалинованың айтуынша, олар өздерін депозитпен де, инвестициялық қорға салған табыспен де салыстыруға келмейді деп санайды. Банк, инвестиция, сақтандыру саласы болсын, әр қайсының өз заңдылықтары, өз ережелері бар. Әрбірі соған сай жұмыс істейтінін жеткізді ол.

– Депозиттен айырмашылығы біріншіден, біздің полисті сатып алушы алда-жалда оқыс жағдайға түссе, бізге салып үлгерген ақшасын емес, саламын деген ақшасына кепілдік береміз. Яғни, салымшы кенеттен қаза тапса, бала-шағасы түгелдей жинаймын деген қаражатты шешіп алады. Ал депозитте білсеңіз, банк салған ақшаңызға ғана кепіл етеді. Екіншіден кез келген азамат бала-шағасының ертеңгі күнін ойлайды. Басына қандай да іс түсіп, күнкөрісі қиындап кетсе не болмаса дәм-тұзы таусылып, кенеттен көз жұмса, ұрпағы не істейді, жағдайы қалай болады деген ой іштен жейтіні де рас. Оның үстіне марқұмның төленбей қалған несиесі, ипотекасы жақындарының мойнына ілінеді. Осындайда сақтандырудың пайдасы бар. Алған полисінің көлеміне қарай төлем түседі немесе ұрпағына мұра ретінде қомақты сома қалады, – дейді Әлия Мұхтарқызы.

Сондықтан қаржы консультанты әр адамда мүмкіндігінше депозит те, инвестциялық қор да, сақтандыру да, отбасы банкінде есепшот та болуы тиіс деп санайды. «Негізі осының бәрі – қаржы сауаттылығының бір үлкен бөлшегі. Байқасаңыз, кейде 150 мың теңге табысы бар жаннан 500 мың теңге табатын адам қарыз сұрап отырады. Мәселе қаражаттың аз-көптігіне байланысты емес, ақшаны дұрыс жинау білуде» деді ол.

 

Өмірді сақтандыру, денсаулықты сақтандыру емес

 Айтуынша, сақтандыру полисінің ең төменгі мөлшері – 10 мың теңге. Егер 35 жастағы тұлға сол көлемде сақтандыруды 28 жылға ашса, қорда 3 миллион 360 мың теңге болады. Кейін салымды жылына бір рет 10-20 пайызға көтере алады. Қалауыңызға қарай қосымша қамтуларды қосса, үстіне тағы төлем қосылады. Барлық қамту 5 мың теңгенің көлемінде шығуы мүмкін. Қызығы 50-55 жасқа келгенде жаңағы қосымша қамтулар сол мөлшерде қала береді. Сөйтіп клиент өмірін 5 миллион теңгеге сақтандырды делік.

– Біздің сақтандыру полисі екі қамтудан тұрады: бастапқы және қосымша. Бастапқы қамту тұлғаның  келісімшартының мерзімі аяқталғанда толықтай сақтандыру сомасын алу және өмірден өткен жағдайда пайда алушы, яғни жақындары оның жинақтамақ болған ақшасын ала алады. Қосымша қамтуды келісімге қосу-қоспауды әр адамның өзі еркінде. Әр қосымшаның өз артықшылы бар. Мысалы сақтандырушы 30 мың теңгеден ай сайын құйып тұрса, қосымша қамтуды алса, оған да ақы төленеді. Өйткені, ең алдымен, сіз өміріңізді жазатайым жағдайдан сақтандырасыз. Ал денсаулықты сақтандыру қосымша қамтуға кіреді. Оның төлемі белгіленген мөлшерде есеп калькуляторымен есептеледі.

Жасыңыз 20-да болса, бұл қосымша қамту 600 теңге, ал 50 жастағы азаматқа 900 теңгеге шығады. Осы қосымшаны алғаны үшін сақтандырушыға қордан бір жылға 3 миллион теңге бөлінеді. Бағанағы азамат кенеттен жол апатына түсіп, бір жерін жарақаттаса не болмаса абайсызда құлап, қолын сындырса, әр дене жарақаттың ауырлығына байланысты жаңағы бекітілген соманың 10 пайызы төленеді. Бұл дегеніміз – 300 мың теңге, бірақ ол өмірді сақтандыруға бөлінген 5 миллион теңгеден алынбайды. Қосымша қамтуға бөлінген сомадан төленеді. Ол – бір. Егер қолын сындырған жігіт 6 айдың ішінде қайта емдетіп, ота жасаса қамтудың қорынан тағы 10 пайыз, яғни 300 мың теңге төленеді, – дейді қаржы консультанты Әлия Исалинова.

Сақтандырудың келісілген мерзімі таяғанда салымшы келісімшартта белгіленген бүкіл қаражатты шешіп алуға құқылы. Егер салымшы кенеттен қаза тапса, ол ақшаны бала-шағасына тиесілі.

 

Еңбекке жарамсыздығы бойынша да төлемақы төленеді

 Қамтудың екіншісі – еңбекке жарамсыздығына байланысты. Әлгінде қолын сындырып алған азамат жұмысқа шыға алмайтыны белгілі. Дәрігерден алған еңбекке жарамсыздығы туралы парақшасын жұмыс орнына өткізетіні анық. Соның  көшірмесін қорға көрсетсе тағы төлем жүреді. 

  –  Бізге әлгі анықтамалықтың көшірмесі жарай береді. Жетінші күннен бастап 60 күнге дейін төлем жүргізіледі. Сақтандырудың қамту қоры 3 миллион теңге болса, әр күніне 0,2  пайыздан яғни 6 мың теңгеден төленеді. Қазақстанның заңы бойынша әрбір мекемеде сырқатқа байланысты 25 АЕК дейін есептеледі. Мәселен 500 мың теңге жалақыдан бар-жоғы 70 мың теңге төленеуі мүмкін. Ал бізде ол үшін күніне 6 мың теңге төнеді. Бір айда 180 мың теңге шығады. Оның өзі салымшы жазатайым оқиғаға ұшыраса ғана беріледі, – деді Әлия Исалинова.

Айтуынша, ол алдындағы төлемнен бөлек ақы. Алайда жұмыссыз болсаңыз мұндай төлем жүрмейді. Сонда сақтандыру қоры жазатайым оқиғаға, жарақат алғаны мен жұмысқа жарамсыздығы үшін үш бірдей төлем төлейді.

Егер салымшы жарақатынан 1-2 топтың мүгедектік алса, сақтандыру қоры ең алдымен оны ай сайынғы салымнан босатады. Бұл онымен келісімшарт тоқтатады дегенді білдірмейді. Керісінше, оған көмек ретінде сақтандыру полисін алған мерзіміне дейін салымды өздері салып отырады.

 «Ол адам бізбен келісімге отырған күні келеңсіз жағдайға ұшыраса да оған төлем толығымен төленеді. Келісімшарт неше жылға жасалды, сол уақытқа дейін оның салымын сақтандыру төлейді. Уақыты келгенде бүкіл ақшаны салымшы не болмаса оның ұрпағы шешіп ала алады. Мүгедектіктен жазылса, төлем өзіне оралады. Егер клиент сырқаты бойынша мүгедектік алса, компания оны салымнан сол күннен босатпайды. Тек үш жылдан кейін босатылады.

Сақтандыруға салымды 6 ай немесе 1-2 жыл төлеуі тиіс деген қандайда бір көлемде немесе белгілі бір мерзім бойы қаржы құюға міндеттеме қойылмаған. Келісімге отырған сәттен ол адамды компания өз қамқорлығына алады. Ал енді сақтандыруға салымды қалай жасайды, салымшының еркінде. Ай сайын, үш айда бір, әлде 6 айда бір, тіпті салымды толығымен салуына болады», – дейді қаржы консультанты.

Үшінші қамту 300-ден 900 теңге аралығында белгіленген. Негізі 1 және 2 топтағы мүгедектік бойынша төлем жүреді. Бастысы «оның мүгедектікке өтті» деген анықтамасы болуы тиіс. Сақтандырудың салымшысы қара жұмыс істесе, яғни  шахтада, құрылыс саласында жүріп, оқта-текте апаттық жағдайда қаза тапса, оның мұрагерлеріне ақша екі еселеніп төленеді. 

 

 Сырқаты болса, өмірін сақтандыру мүмкін бе?

 Өмірді сақтандыру полисін ерте жастан алған дұрыс дейді Halik Life компаниясының қаржы консультанты Әлия Исалинова. Жас ұлғайған сайын өмірді сантандырудың талаптары күшейтілген, сол себепті ертерек әрі ұзақ жылға сақтандырған жөн санайды. Алтыншы қамту сырқатқа арналған. Онда да салымшы жазатайым құлап, мертігуден сақтандырылады.

Әлия Исалинованың айтуынша, клиентте онкология, инфаркт, инсульт, жүрекке ота не органдардың трансплантациясы секілді бекітілген сырқаттар тізіміне кірсе сақтандырылмайды. Десе де І-ІІ топтағы мүгедектігі бар жанның жағдайы нашарласа, оның ем-домына 3 миллионға дейін бір реттік көмек беріледі. Төлемнің мөлшері өздерінің арнайы кестесі бойынша бекітіледі.

– Сақтандыру компаниясымен шартқа отырар кезде әрбір адамның денсаулығын толыққанды тексереміз. Оның қай учаскіге тіркелгенін, дәрігердің атын, қан қысымын сұрастырады. Мысалы 63 жастағы қарттың сырқаты жоқ емес, бар. Олардың бізге салымшы болу-болмауына арнайы андерайтерлер бөлімі іріктейді. Мұндай талап бізде ғана емес, бүкіл әлемнің сақтандыру компаниялары ұстанады. Бастасы салым салушы І-ІІ топтың мүгедегі болмауы тиіс. Онкология, қант диабеті секілді созылмалы сырқатпен ауырмауы қажет. Қандайда бір диспансерлік есепте тұрып, сырқатының салдарынан мүгедектік алу қаупі болса, ол адам өмірін сақтандыра алмайды. Бұрыннан сырқаты болып, ота жасаса ол да бізге жатпайды, – деді Әлия Мұхтарқызы.

Алайда ол кісі өмірін сақтандыра алмаса да, сақтандырушы бола алады. «Бізде әр келісімшартта үш тұлға бар. Біреуі – жинақтаушы өмірін сақтандырса,  екіншісі – сақтандырушы, үшіншісі пайда алушы. Оған мұрагер жатады, яғни салымшы мұрагерлікке кімді жазады өзі біледі. Біз тек соны орындаймыз» деген қаржы консультанты 18 жастан 64 жасқа дейін салымшылардың өмірін сақтандыра алатынын айтты.

  

Салымшы қордағы ақшадан несие алуға құқылы

 Келісімшарттың ең қысқа мерзімі – 5 жыл. Мысалы 64 жастағы қарт 70 жасына дейін ғана аша алады. Қартайған шағында өмірді сақтандырудың айбы жоқ, қайта зейнетақыға қосымша төлем қосылады. Аз да болса қор жинауға мүмкіндік. Алайда сақтандыруға құйған ақшаны екі жылдай шығара алмайсыз.

Әлия Исалинованың сөзінше, сақтандырудың өз артықшылығы бар. Салымшы кенеттен жұмыссыз қалып, ақша құюға мүмкіндігі болмаған жағдайда төлемді кейінге шегеру мүмкін. Оған тек 30 күн беріледі. Сол аралықта қандайда бір жазатайым жағдайға түссе, қордан төлем төленеді. Алайда шегерілген мерзім біткен соң төлем жанданбаса, әуелдегі қосымша қамтулар күйіп кетеді.

– Жұмыссыз қалған салымшы сақтандыруға қаржыны 2-3 жылдан бері жинаса, бізден зайым ала алады. Ол бізде несие емес, займ деп аталады. Займ деген қарызға алу. Салымшы үш жыл 30 мың теңгеден құйып отырып,  миллион теңге жинаған делік. Қысыл-таяң кезінде 1 миллион теңгенің 850 мың теңгесін алуына болады. Мұндағы мақсат – сақтандырудың төлемін бұзып алмау. Бір жылдан кейін зайымды белгіленген 5-тен 11-ге дейінгі пайыздық мөлшерлемемен компанияға қайтарады.  Соған қарамастан жоғарыда айталған инвестициялық табыс полиске түсе береді. Оның пайыздық мөлшерлемесі  сақтандыру компаниясының сол жылғы пайдасымен есептеледі. Мәселен  былтыр компанияның инвестициялық табысы 9,2 пайыз болған. Міне, салымшыға инвестициялық табыс сол көлемде түсті, –  деді Әлия Исалинова.

 Осы полистегі ақшаға ешқандай арест қойылмайды. Тіпті ерлі-зайыптылар ажырасып, мүлікті бөліссе де қордың есепшотындағы қаржы бөліске салынбайды. «Мұны әлеуметтік счет деп санаңыз. Бұған ешқандай шектеу қойылмайды. Ол – заң» деген ол үкімет тарапынан салымшыға жалақысынан 10 пайыз салық жеңілдігін бергенін қозғап өтті.

– Салық кодексінің 341-бабы бойынша бізбен келісімге отырып, сақтандыру полисін алған әрбір жан жеке табыс салығынан босатылады.  Келісімшарттың көшірмесі мен төленген төлемнің квитацияны жұмыс орныңыздағы бас есепшіге өткізесіз. Ай сайынғы сақтандыруға төлеген сомманың он пайызын, яғни жеке табыс салығыңыздың 10 пайызын жалақыңызға қосып қайтарады. Сақтандыру ақысының 90 пайызын сіз төлесеңіз, 10 пайызын үкімет төлеп отыр. Бес жылдан кейін келісімшарт аяқталып, салынған қаражатты шешіп алсаңыз оған да салық салынбайды, – дейді Halik Life компаниясының қаржы консультанты Әлия Исалинова.

Қоғамда әлі де болса қаржы мәдениеті қалыптаспады. Десе де, өмірді сақтандыру өз-өзіңе деген жанашырлық. Сол жанашырлықты өз-өзімізге қиюға дайынбыз ба? Мәселе – осында...