Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Маңызды қалаларды дамыту туралы заң жобасы қаралады
504
оқылды

Депутаттардың талқылауына бірінші оқылымда астананы және республикалық маңызы бар қала­ларды дамыту мәселелері бойын­ша Үкіметтің түзетулері ұсы­ныла­ды. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының тапсырмасын орын­дау мақсатымен әзір­ленген. Заң жобасы 1 кодекс пен 6 заңға өзге­рістер енгізуді ұсынады. Олар елорда мен республикалық маңы­зы бар қала­ларды абаттандыру ережелерін жетіл­діруге бағыт­талған. Атап айтқанда, қол­жетімді ортаны қамтамасыз ету, ди­­­зайн-код енгізу және стационарлы емес нысандарды орналастыру және олардың қызметін реттеу. Соны­мен қатар жарнама қызметін реттеу, қоғамдық орындарда көше­дегі аудиожарнамаға тыйым салу, тротуарлар мен автожолдарда сыртқы жарнама орналастыруға шектеу қою, елордадағы көші-қонды реттеу тетіктерін жетілдіру сияқты жарнама мәселелері қарастырылған. 

Бірінші оқылымда депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске су ресурстарын қорғау және пайда­лану мәселелері бойынша енгі­зілетін өзгерістерді де талқылайды. Заң жобасы депутаттардың бастамасымен жаңа Су кодексінің редакциясымен заңнамалық ак­тінің ережелерін үйлестіру мақ­сатымен әзірленді. Депутаттардың түзетулері екі кодексте жерасты су ресурс­тарын реттеу және пайда­лану мәселе­лерінде бірыңғай тер­минологияны қол­дануға, Каспий теңізінің қазақстандық сек­торында көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша операция­ларды жүргізуге қойылған тыйым­ды алып тастауға, сон­дай-ақ Арал теңізінің аумағында ерекше эко­логиялық мәртебені ескере оты­рып, жер қойнауын пайдалану опе­рацияларын жүргізуге тыйым салуға қатысты.

Ілеспе заң жобасы аясында Әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы кодекске өзгерістер ен­гізіледі. Олар заңсыз су алуға, су объектілерінде, су қорғау аймақ­тары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс жүргізуге, су пайдалану шарттары мен ре­жимін бұзуға, су объектілерінің арна­ларын және шекараларын өзгертуге қа­тысты санкцияларды қатаңдатуға бағыт­талған. Сондай-ақ гидро­техника­лық құ­ры­лыстарға техникалық тексеруді орындамағаны немесе қате жүргізгені, оларды қауіпсіздік декларациясынсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік ен­гізіледі.

Екінші оқылымда Мәжіліс тауарлар­дың шығарылған елін айқындау мәселе­лері бойынша түзетулерді қарастырады. Заң жобасы Президенттің 2023 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жол­дауын іске асыру үшін Пар­ламент депу­таттарының бастама­сымен әзірленген. Олар жоғары үлесті оқшаулаудың өндіріс циклін құруды көздейді. Бұл өз кезегінде импорттық жеткізілімдерге тәуел­ділікті азайтуға, заманауи техно­логиялар тран­сфертіне және жаңа өндірісті оқшаулауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қолда­ныстағы «СТ-KZ» сертификаты мен индустриялық сертификаттың орнына қазақстандық тауарлардың бірыңғай тізілімін құру ұсы­ныла­ды.

Сонымен қатар депутаттар қылмыс­тық  жолмен  алынған  кірістерді  заңдас­тыру  (жылыстату) және терроризмді қар­жыландыру тәуекелдерін бағалау ха­лық­аралық орталығын құру  туралы  келі­сімді  ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа алады.