Батыс Қазақстан облысы Прокуратурасы 2024 жылғы тасқын кезінде атқарылған жұмыстарға, жұм­салған қаржы көздерінің заңдылығына тексер­іс жүргізген.
Тасқын тосыннан болмасын десек...
272
оқылды

Прокуратура өкілдері бірнеше заң бұзушылық­тарды анықтаған. Ол туралы БҚО әкімідігінде өткен үйлестіру кеңесінде мәлім болды. Кеңесті жүргізген БҚО прокуроры Серік Шалабаев биылғы тасқынға қар­сы жасалып жатқан жұмыстардың әлі де шала екенін атап өтті.

Прокуратура өкілдері ат­қар­ушы биліктің төтенше жағдай кез­інде облысты қорғау үшін жа­сал­ған негізгі шараларына тексеріс жүргізген. Үйлестіру кеңесінде бірінші болып сөз алған БҚО про­курорының айтуынша, біраз кем­шіліктер кеткен. 

– Былтыр су тасқынына қарсы жұмыстар кезінде біраз кемшілік­тер кетті. Біз оны тескеріс кезінде анық­тадық. БҚО биылғы су тас­қынына толық дайын деп айта ал­май­мыз. Қазір де ұйымдастыру жұмыстарында олқылықтар бар.  Шамамен, әлі бір айдай уақыт барын ескерсек, біз атап өткен ол­қылықтарды толық жоюға уақыт бар екенін атап өткім келеді, – деді үйлестіру кеңесінде сөз алған БҚО прокуроры Серік Шалабаев. 

Қазір облыста су тасқынына қарсы жұмыстардың негізгі бағы­ты –бөгеттер салу мен су каналдар­ын қазу бағытында жүріп жатыр. Мұнымен қоса, су қоймаларын мем­лекет баланысына алу, жөндеу жұмыстары да жүруде. Про­кура­тура өкілдері дәл осы жұмыстар кез­інде жіберілген бірнеше олқы­лық­ты анықтапты. 

– Ең алдымен, қаңтар айының аяғына дейін су тасқынына қарсы жұмысты ұйымдастыратын штаб құрылуы керек еді. Бұл штаб об­лыстық деңгейде құрылды. Бірақ Орал қаласының өзінде қалалық штаб қаңтар айының аяғына дейін құрылмады. Атқарушы билік был­тырғы су тасқыны кезіндегі жібер­ілген кемшілктерге талдау жасап, қажетті шараларды қолға алмаға­ны анық байқалады. Биыл Қара­төбе ауданының Аққозы, Шөпті­көл, Қоскөл, Үшағаш ауылдары суға кетуі мүмкін деген қауіп бар. Алайда қазір су тасқынына қарсы бағыттал­ған жұмыстар тек Қара­төбе, Қос­көл, Аққозы ауылдарын­да ғана жүргізіліп жатыр. Тасқынға қарсы жұмыстар Шөптікөл мен Үшағаш ауылдарын­да жүргізілмей отыр, – деді үйлестіру кеңесінде баяндама жасаған БҚО прокур­оры­ның бірінші орынбасары Дәурен Умарғалиев. 

Сонымен қатар үйлестіру кең­ес­інде бөгеттердің талапқа сай келмейтіні де айтылды. Атап өт­сек, биыл 50 бөгетті тексерген, тек­серіс нәтижесінде соның ішін­де 25 бөгет талапқа сай емес екен­дігі анықталған. Бұдан бөлек, биылғы су тасқынына қарсы жұ­мыс­тар кезінде қайта салынған бөгеттердің 19-ын жеке экспер­тизадан өткізгені анықталыпты. Ал заң бойынша мемлекеттік экспертиза жасалуға тиіс екен. 

– Орал қаласында және аудан­дарда 38 бөгеттің құрылысы жүрді. Алайда бұл бөгеттерге жер учаскесі белгіленбеген, құрылыстың жо­басы жоқ, сметалық құжаты жоқ, экс­пертизадан өтпеген. 23 және 24 жылдың көктемінде Бөрлі аудан­ындағы Ақбұлақ және Теректі ауданындағы Барбастау өзендерін­де екі бөгет бұзылды. Екі жағдайда да гидротехникалық құрылыс­тар­ды пайдалану ережелерін бұзу се­беп болды. Жауапты адамдар суды уақытылы жіберуді қамта­мас­ыз етпеген, нәтижесінде жи­нал­ған су көлемі қоршауды бұзды. Салдарынан, Бөрлі ауданында 14 тұрғын үй су астында қалып, 6 бас мал қырылды. Жалпы, облыста су тасқынына қарсы жұмыстар кез­інде жіберген олқылықтар үшін 7 лауазымды тұлға тәртіптік, екі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Облыс про­курорының бірінші орын­басары Дәурен Умарғалиев. 

Бұдан бөлек, аудандық жер­лерде жоқ техниканы құжатта бар деп көрсету фактілері анықтал­ыпты. Мұны БҚО ТЖД бастығы­ның орынбасары айтты. 

– Қазталов ауданының Сатып­алды ауылында, Көктерек ауыл­ын­да, Жалпақтал ауылында, Қара­тө­бенің Үшағаш ауылында тех­­ни­калардың санын асырып көр­сету фактілері тіркелді. Жәні­бек, Ақжайық аудандарында да эва­куация жасайтын техникалар­дың санын асырып көрсету немесе мүл­де жоқ техниканы бар деп көр­­сету фактілері анықталды, – деп атап өтті БҚО ТЖД бастығы­ның орынбасары Ерлан Жәлелов. 

2024 жылдың көктеміндегі су тас­қыны кезінде облыс бойынша 1 509 тұрғын үй мен 8 500 саяжай су астында қалған еді. Жалпы саны 22 елді мекенді су басты. «Бұл соңғы 80 жылда болмаған үлкен табиғи апат» деп жатыр біл­е­тіндер. 

Енді қазір елдің көңілі күпті. Батыс биыл тағы суға келе ме, жоқ па? Әзірге нақты болжам жа­сал­май отыр. Қазгидромет нақ­ты бол­жамды тек 15 наурыздан кейін айтатынын мәлімдеді. Әзірге біз­дің облыс суға кету қау­пі жо­ғары өңірлердің тізімінде тұр. Об­лыс әкімі Нариман Төре­ғалиев биыл­ғы су тасқынына қар­сы жұ­мыстар­ды ширатуды тапсырды. 

– Прокуратура өкілдері айтқан барлық кемшілікті наурыз айы­ның ортасына дейін толық жоюды тапсырамын. Біз наурыз айының 10-нан кейін әр ауданда кезекші бөлім ашамыз. Ол жерде 27/7 кез­екші маман отыратын болады. Ол әр сағат сайын аудандағы ахуалды, эвопункттердің жағдайын, кімге қандай көмек керек екенін тиісті мекемелерге хабарлап отыратын болады, – деп атап өтті БҚО әкімі Нариман Төреғалиев. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы