Мәселен, дарынды оқушыларға және оларды дайындаған ұстаздарға бірреттік сыйақы берілмек, балабақшада бала мектепке бірінші сыныпқа барғанға дейін қалатын болады, сол сияқты кітапханаларға ақылы іс-шаралар өткізуге рұқсат беріледі, ал ЖОО-ның кейбір түлектері мемлекеттік грантты өтеуден босатылмақ. Бұл туралы Мәжіліс қабырғасында айтылды. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Түзетулерді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов таныстырды. Жалпы отырыста депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Біз де жаңашылдықтарды кеңірек білмекке құжатты әзірлеушілердің бірінен сұхбат алған едік.
– Асхат Қанатұлы, Мәжілістің осы аптадағы сәрсенбі күні өткен Жалпы отырысында қаралған жалғыз заң жобасы өзіңіз таныстырып өткен құжат болды. Ендеше соның маңызды тұстарына тоқталып өтсеңіз?
– Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Онда көптеген маңызды мәселелер қозғалып отыр. Мәселен, дарынды оқушыларды қолдау жайын алайық. Өткен жылы біз ең беделді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен оқуға түсу мүмкіндігін беру туралы заңды қабылдаған болатынбыз. Оған қоса, «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриат деңгейінде шетелдердің озық университеттеріне түсу құқығын бердік. Бұл норма Мемлекет басшысының дарынды балаларды қолдау тапсырмасын орындауға бағытталған. Енді қазір қарастырып отырған заң жобасында халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған оқушыларға және оларды дайындаған ұстаздарға бір реттік сыйақы беру туралы норма енгізіліп отыр. Оның көлемі 6 миллионға дейін барады. Бұрын мұндай төлемдерді тек халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары ғана алатын. Бұл шара жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға және талантты оқушыларды ынталандыру үшін маңызды деп санаймыз.
Заң жобасының маңызды бағыттарының бірі – жекеменшік білім беру ұйымдарына тұлғалардың есімін беру және оны өзгерту процесін ономастикалық комиссиямен келісу тәртібін енгізу. Соңғы жылдары жекеменшік білім беру мекемелері көбейіп, сәйкесінше оларға түрлі тұлғалардың есімін ешқандай ресми келісімсіз беруі жиілеп кетті. Кейбір фактілер қоғамда резонанс тудырды. Мәселен, мектепке туған-туыстарының немесе ата-бабаларының атын берген болмаса атауы берілген адамның атын дұрыс жазбаған оқиғалар кездескен. Осыған орай, енді жекеменшік білім беру ұйымдары тұлғалардың есімін бермес бұрын, облыстық ономастикалық комиссияның ресми мақұлдауын алуға міндетті болады. Яғни, мемлекеттік білім беру ұйымдары сияқты ономастикалық рәсімдерден өтеді.
Сондай-ақ мектепте оқып жүріп жұмыс мамандығын алу мүмкіндіктерін де беруді көздеп отырмыз. 10-11 сыныпта оқитын оқушылар үшін мектеп бағдарламасымен қатар сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби дағдыларды меңгеру қарастырылған нормалар ұсынылды. Ол осындай мүмкіндігі бар жерлерде оқушылардың өз қалауымен іске асырылады. Мысалы, аудан орталықтарында оқушылар бір ауысымда оқиды. Олар түстен кейін сол жердегі колледжге барып, қосымша жұмысшы мамандығы бойынша білім ала алатын болады.
– Заң жобасының мәдени салаға қатысты тұстары қандай?
– Тағы бір ұсынысымыз – AQYLMAN картасын енгізу. Ақылман картасы мектеп оқушыларына мәдени ұйымдарға баруға мүмкіндік береді, осылайша олардың елдің мәдени өміріне араласу деңгейін арттырады. Мұндай бастамалардың шетелдік тәжірибеде сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Мысалы, Франция, Германия, Италия, Испания сияқты елдерде осындай карталармен оқушылар музейлерге, театрларға, көрмелерге және басқа да мәдени нысандарға жеңілдетілген түрде бару мүмкіндігін алады.
Заң жобасында, сондай-ақ мемлекеттік кітапханалардың қорын сақтау және кеңейту шаралары қарастырылған. Бұл қадам әдебиеттің қолжетімділігін арттыруға және кітапханалар жүйесін нығайтуға бағытталған. Бұдан бөлек, мемлекеттік кітапханаларға білім беру және мәдени іс-шараларды ақылы негізде өткізу құқығы беріледі, бұл олардың қосымша қаржы тартуына жол ашады. Кітапханалардың рөлін тек кітап сақтау орны ретінде емес, заманауи мәдени-білім беру орталығы ретінде нығайтуға мүмкіндік береді.
– Заң жобасында ЖОО-ларға қатысты да елеулі өзгерістер ұсынылған екен. Ол қандай жаңашылдықтар?
– Иә, тағы бір жаңашыл бастамалардың бірі – ЖОО-ларды топтастыру жүйесін енгізу. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Жолдауда бюджеттен университеттерге бөлінетін гранттардың құнын олардың білім беру сапасына байланысты анықтауды тапсырған болатын. Осыған орай, осы нормалар енгізілді. Бұл жүйе Қазақстандағы ЖОО-ларды білім беру сапасын арттыруға және ғылыми зерттеулерді дамытуға ынталандырады. Университеттер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, кадрларды сапалы даярлауға ықпал етеді.
Сондай-ақ ЖОО түлектерін қолдауға да үлкен назар аударылып отыр. Мәселен, бізде қазір мемлекеттік грант бойынша оқыған университет түлектері міндетті түрде үш жыл мамандығы бойынша жұмыс істеп, грантын өтеуге тиіс деген талап бар. Өтемесе, гранттың соммасын бюджетке қайтарады. Бірақ бізге мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған немесе I топтағы мүгедекке күтім жасасап жүрген азаматтар өте жиі шағымданады. Күрделі жағдайларын ескеріп өтеу міндетінен босатуды сұрайды. Осыған байланысты заң жобасында сондай түлектерді міндетті түрде еңбек өтеу талабынан босату ұсынылды. Шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу үшін түскен азаматтарға да міндетті еңбек өтеу мерзімін оқуын аяқтағанға дейін шегеру мүмкіндігін беру қарастырылып отыр. Мәселен, бакалаврды бітірген түлек шетелге резидентура, магистратура, аспирантура, докторантураға түсетін болса, грантын өтеуден 2 жылға босатылады.
– Мектепке дейінгі білім беру бойынша да өзгерістер бар.
– Заң жобасында мектепке дейінгі білім беруге екі маңызды норма қарастырылған. Біріншіден, балабақша құрылысына арналған жер учаскелерін егжей-тегжейлі жоспарлауда жер бөлу және оларды жекеменшікке беруге тыйым салу ұсынылады. Бұл шара балабақшаларға арналған жерлерді сақтап, мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Екіншіден, балалардың балабақшада қалуына мүмкіндік беру. Қазіргі таңда ата-аналар жиі кездесетін мәселенің бірі – балаларының 6 жасқа толғаннан кейін, бірақ оқу жылы басталғанға дейін балабақшадан шығарылуы. Бұл өз кезегінде ата-аналар үшін үлкен қиындықтар тудырады, өйткені олар бала күтімін ұйымдастыру мәселесімен бетпе-бет келеді. Мысалы, егер бала жылдың басында, ақпан айының 5 күні 6 жасқа толса, оны кейбір балабақшалар дереу шығарып жібереді, бірақ ол баланы мектепке әлі бара алмайды. Осы норманы енгізу арқылы балалардың балабақшада 31 шілдеге дейін қалуына мүмкіндік беріледі.
– Одан өзге де қандай өзгерістер енгізілмек?
– Сол сияқты білім беру ұйымдарындағы штаттық құрылымның ашықтығын қамтамасыз етуді де назарда ұстап отырмыз. Заң жобасында білім беру ұйымдарына штаттық бірліктер мен лауазымдар туралы ақпаратты өздерінің интернет-ресурстарында және бірыңғай платформада жариялау міндеті енгізіледі. Бұл шара білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам мен педагогтер үшін кадрлық саясаттың айқындығын арттырады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан ҚОСАЙ