Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, инсульт пен инфаркт өлімге апаратын 10 басты дерттің ішінде көш бастап тұр.
Гүлжан  Жаңалықова, дәрігер-кардиолог: Жүрек ауруы жас таңдамайды
1,575
оқылды

Әлемде күн сайын шамамен 20 мың адам инфарктен қайтыс болады екен. Ал дәрігерлер «инфаркт жасарып жатыр» деп дабыл қағуда. Осыған орай кардиолог Гүлжан Жаңалықовамен жүрек аурулары және дәрігер мәртебесіне қатысты әңгімелестік. 

– Жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығудың басты факторлары қандай? 

– Ең бірінші фактор – тұқым қуалаушылық. Яғни, генетикалық фактор. Егер де ата-анасында жүрек ауруы немесе кенеттен өлім болса, ол балаға берілуі мүмкін. Келесі фактор – атеросклероз. Жүректің артерияларының май тіндерімен бітелуі. Мұндай кезде жүректің тамырлары тарылып, ағзаны қанмен қамтамасыз ету нашарлайды. Соның салдарынан жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия, миокард инфарктісі сияқты аурулар туындайды. Соны­мен қатар жоғары қан қысымы кезінде де жүрек ауруы пайда бо­лады. Жоғары қан қысымы жүрек­тің артерияларының ішкі қабыр­ғаларын, бұлшықетін зақымдап, жүрек клапындарының кеңеюіне, жүрек бұлшықетінің гипер­трофиясына әкеледі. Тағы да айта кететін фактор – қант диабеті. Қант диабеті кезінде жүрек ауруы тез дамиды. Себебі қандағы қант деңгейі жоғары болатын болса, қан тез қоюланып, жүректің артерия­ларын атеросклерозды тіндермен бітеп, тамырдың тарылуына әке­леді. Одан кейінгі фактор – дұрыс тамақтанбаудан, семіздіктен. Гипо­динамия, яғни физикалық белсен­ділік төмендеген кезде жүрекке күш түседі. Соның салдарынан жүрек ауруы туындауы мүмкін. Соңғы фактор – зиянды әдеттер. Шылым шегу, алкоголь, энер­гетикалық сусындар ішу де жүрек­тің тамырларын зақымдайды. Осы­лайша, жүрек аурулары пайда болады. Айта кету керек, қазір адам­дар жиі күйзеліске түседі. Стресс кезінде бүйрекүсті безінен кортизол гармоны бөлінеді. Негізі бұл гармон таңғы уақытта бөлінуі керек. Егер адам күнделікті күй­зелісте жүрсе, кортизол да күндізгі уақытта бөлініп, қан қысымының жоғарлауына әкеледі. 

– Қазір ЖРВИ өршіп тұрған уақыт. Жалпы, вирустық аурулар жүрекке қалай әсер етеді?

– Көп жағдайда тұмаумен, ангинамен ауырғаннан кейін дә­рігерге қаралып, емделмесе, ви­русқа қарсы антибиотиктерді уақытында қабылдамаса, жүректің жасушалары зақымдануы мүмкін. Вирусты инфекциялар жүректің бұлшықеті қабатын да зақымдап, миокардит ауруы туындайды. Жүректің ішкі эндокарды зақым­далған кезде инфекциялық эндо­кардидке алып келеді. Герпес, эпштейн барр, цитомегаловирус инфекциялары кезінде кардио­миопатия ауруы пайда болуы мүмкін. Егер жүкті әйел вирусты аурулармен ауыратын болса, ішін­дегі бала туабітті жүрек ауруымен туылады. Сондықтан тұмау, анги­наны уақытында емдеуден ерінбеу керек. 

– Иә, статистика бойынша елімізде жыл сайын 5 000 сәби жүрек ақауымен дүниеге келеді екен. Жал­пы, туабітті жүрек ауруы бала­ның дамуын тежей ме? 

– Жүректің туабітті ауруы – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Бұ­рынғы кезде жүрек ауруын анық­тайтын зерттеу әдістері болма­ғандықтан, дүние есігін ашқан сәбилер тез шетінеп кететін еді. Қазір медицина дамып, жүкті әйелдің ішіндегі баланың жүрегін бақылайтын деңгейге жеттік. Бала аман-есен дүниеге келуі үшін анасы да өз денсаулығына бейжай қа­рамауы керек. Алдын ала тексеріс­терден өтіп, жүкті кезде вирустық ауруларды жұқтырудан сақ болғаны абзал. Өйткені инфекция қан арқылы баланың жүрегін зақым­дайды. Туабітті жүрек ауруы бала­ның дамуына да кері әсер етеді. Яғни, мұндай диагнозы бар балалар салмақ қоспауы, кеш сөйлеуі мүмкін. Егер баланың ерін, мұрын айналасында көгеру, тез шаршап қалу, тершеңдік, ентігу белгілері байқалатын болса, міндетті түрде жүректі ультра дыбыстық әдіспен тексерту керек.

– Жүрек ауруы адам жасына байланысты пайда болуы мүмкін бе?

– Қазір жүрек ауруы жас таң­дамайды. Жаңа туған нәрес­телер­дің де, жасөспірімдер мен ересек­тердің де арасында жүрек ауруына шалдыққандар бар. Сондықтан әр адам өзінің өмір сүру салтына жауап­кершілікпен қарап, дұрыс тамақтануы керек. Себебі қазір ағзаңызға салғырт қарасаңыз, бола­шақта оның зияны бала­ларыңыз­ға да берілуі мүмкін. 

– «Алдыма келетін науқастардың басым бөлігінде артық салмақ бар» деп айттыңыз. Семіздік қандай ауруларға әкеледі? Қалай күресу керек? 

– Иә, артық салмағы бар адамдар көбейіп келеді. Өйткені адамдардың тұтынатын тамақ­тары тез дайындалатын тағамдар мен газдалған сусындар. Олар­дың құрамында көмірсу өте көп деңгейде. Мысалы, 1 литр тәтті сусынның құрамында 12 ас қасық қант болады. Сөз басын­да айтқанымдай, қант қанға түскеннен кейін тез қоюла­нып, тромбқа айналуы мүм­кін. Сондықтан артық сал­мақ­қа үлкен проблема ретінде қарауымыз керек. Әсіресе, офиста, бір орында отырып жұмыс істейтін адам­дардың қан айналымы бұ­зылады. Жүрек адам ағзасында матор­дың қызметін атқарады. Сон­дық­тан жүрек жақсы жұмыс істеп тұруы үшін әр адам күніне он мың қадам үзбей жасауы қажет. Тамақтың рационына көкөністерді қосу керек. Сол кезде ешқандай ауру да болмайды. 

– «Қан қысымын түсіреміз» деп адамдар білместікпен көп жағдайда аспирин тағы сол сияқты пре­парат­тар қолданады. Бұл қан­шалықты дұрыс? 

– Ацетилсалицил қышқылы, яғни аспирин дәрісінің екі эф­фектісі болады. Бірінші, анти­агрегант, яғни қанды сұйылтатын, қабынуға қарсы дәрі. Аспиринді кардиологияда көп жағдайда жедел коронарлы синдром кезінде, миокард инфарктісі туындаған кезде қанды сұйылтып, шұғыл медициналық көмек көрсететін кезде қолданылады. Сондай-ақ жү­ректің ишемиялық ауруы, стено­кардия, инсульттан кейінгі жағ­дайда ішілетін дәрі. Бірақ көп адам қан қысымы жоғарласа болды бірден аспиринді, тромбопол, тромбас, кардиомагнил, аспирин кардио сияқты препараттарды ішеді. Бірақ бұлардың барлығы бір топтың дәрілері. Яғни, қанды сұйыл­­тады. Бұл дәрілерді қан қысымы жоғары кезде ішуге бол­майды. Кез келген адам «қаным қою» деп өздігінен ішуіне де бол­майды. Тек кардиолог дәрігердің нұсқауымен қабылдауы тиіс. Ұзақ уақыт аспиринді ішкеннен мұрын­нан, тік ішектен, асқазан эрозиясы мен жарасынан қан кетуі мүмкін. Соның салдарынан көп адамдарда анемия ауруы туындайды. 

– Қазір дәрігерлер «инфаркт жасарып жатыр» деп дабыл қағуда. Шынымен де, көп адам жүрегі ауыратынын кеш біледі. Осылайша, өмірімен қоштасып жатқандар көп. Жалпы, жасырын жүрек ауруының қандай да бір белгілері бола ма?

– Иә, егер ентігу пайда болса, ол – жүрек ауруының белгісі. Бірақ кейбір науқастарда ешқандай шағым болмайды. Сол себепті де жылына 1 рет экг, эхокг, холестерин, лпнп, кардиолог кеңесін, зерттеу әдістерін өту өте маңызды.

– «Дәрігер мәртебесін арттыру керек» деген пікірді жиі айтып жүрсіз. Қазір елімізде дәрігерлерге құрмет қай деңгейде?

– Көп дәрігердің жүктемесі ауыр. Оны түсініп жатқан науқастар да аз. Олар дәрігерлерге дөрекі сөйлеп, тіпті қол көтеруге дейін жеткен жағдайларды көріп жүрміз. Әсіресе, участкелік дәрігерлер баланы да ересекті де қабылдап, үй аралайды. Сондықтан науқастар дәрігерлерге сыйластықпен қараса деп ойлаймын. Адам денсаулығына жауапты дәрігерлерге диагноз қою, емдеу, зерттеу әдістеріне қарап науқасқа жедел көмек көрсету оңай емес. Кейде біз 1-2 секунд ішінде науқастың шағымдарына қарап шешім қабылдауымыз керек болады. Алайда көп жағдайда нау­қастар агрессия көрсетіп жатады. Сонда дәрігер науқас­тардан үнемі қорқып отыруы керек пе? Осыдан 2 жыл бұрын қабылдауыма бір науқас жазылды. Кореядан 2 миллион теңгеге кешенді тексе­рілуден өтіп келіпті. Бірақ Оңтүстік Корея, Түркия сияқты дамыған елдерде дәрігерлер науқасқа анализ қорытындыларын «жағдайыңыз қалыпты» деп бір ауыз сөзбен ғана түсіндіреді. Ал біз алдымызға келген адамға бірнеше қайталап, жіліктеп түсіндіріп береміз. Керек болса, жазып та қолына ұстатамыз. Содан әлгі науқас менің қабыл­дауыма тапсырған анализ қоры­тын­дысын қайта қаратуға келіпті. Неге сол науқастар шетелдің кли­ни­каларында «түсіндірмедіңіз» деп жанжал шығармайды? Өйткені ол жақтың дәрігерлері өздеріне құр­метті талап етеді. Ал біздің дәрі­герлер аз айлыққа әр науқастан сөз естіп жұмыс істейді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН