Денсаулығымызға кері әсерін тигізбес үшін асты қалай ішкен дұрыс? Оразада дұрыс тамақтанудың маңызы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде біз нутрицолог Ләззат Ибраимовамен сұхбаттасқан едік.
– Оразаға ағзаны қалай дайындаймыз?
– Әдетте көпшілік адам уақыт тақалғанда, оразаға 1-2 апта қалғанда дайындаламыз деп бізге қабылдауға келіп, диагностикадан өте бастайды. Мүлдем дайындық жасамағаннан ол да дұрыс, бірақ біз ораза кезінде ғана емес, үнемі денсаулығымызды күтіп, саламатты өмір салтын ұстанып жүрсек, дұрыс тамақтансақ, оразада бүкіл ағзамызды емдеп, көп аурудың алдын алар едік.
– Не себепті алғашқы күндері кей адамдардың басы айналып, әлсірейді? Ондай жағдайда не істеу керек?
– Көбіне алғашқы апталарда адамның басы айналады. Ол – ағзада интоксикация жүріп жатыр деген сөз. Егер асқазанымыз дұрыс жұмыс істесін десек, ауызашардың алдында немесе сәресінің алдында да бір апта сорбент ішуіміз керек. Сондай-ақ кей адамдарда ішқату болуы мүмкін, ондайда қорытылмай қалған тамақтың қанымызға сіңіп кету қаупі бар. Бұл кезде де адам әлсірей бастайды. Оның алдын алу үшін тамақты көп шайнап, клетчатканы, яғни көк шөптер мен көкөністерді көбірек қолдануға тырысу қажет. Магний цитраты дәруменін қабылдап, Донат магний суын жылы күйінде, газын шығарып ішкен де пайдалы. Салат жапырағын зәйтүн майымен араластырып жесек, қанша зиянды қалдықтардан арыламыз.
– Сәресіне қандай тамақ ішсек күні бойы тоқ жүреміз?
– Кей адамдар тойып тұрмын деп сәресіне тұрмайды. Бұл – үлкен қателік. Себебі, біріншіден, сәресінде береке бар, тамақ ішкісі келмесе де ең құрығанда бір стақан су ішіп, құрма жеген абзал. Ал кей адамдар күні бойы қарнымыз ашады деп тыңқиып тойып алады, ол да дұрыс емес. Өйткені сіз неше түрлі тағамдарды, тоқаш, бауырсақ жеп алған соң жатып ұйықтасаңыз, күні бойы басыңыз ауырып, шаршап жүресіз, күш-қуатыңыз болмайды, одан қалса шөлдейсіз. Сондықтан сәресінде дұрыс тамақтану маңызды. Мысалы, жұмыртқаны өз қалауыңызша пісіруге немесе қуыруға болады, тек күнбағыс майына емес, зәйтүн майы, күйдірілген сары май секілді пайдалы майларды қолданған жөн. Қасына, әрине клетчатка, көкөністер қосуға болады, сонымен бірге ашытқысыз тұтас бидайдан әзірленген нанға сары май жағып жеуге болады.
Бір айта кетерлігі, сәресінде көп су ішу өте маңызды, ашқарынға 1-2 стақан жылы су ішкен пайдалы, сәресін ішіп болғаннан кейін тағы 1 стақан су ішсеңіз, тіпті керемет. Егер суға лимон қоссаңыз, ас қорыту процесіне көмектеседі. Ал минералды су ішкісі келетіндер судың газын шығарып, жылы күйінде тамақтан кейін ішкені абзал. Ашқарынға және салқын күйінде ішуге болмайды. Шайлардан жалбыз, иван шай, цикорий ішуге болады.
– Әдетте көпшілік сәресіне майсөк дайындап жатады...
– Майсөкті жеуге болады, әрине, бірақ күнде емес, басқа дәнді дақылдармен түрлендіріп отырған абзал. Бізде майсөкке көбіне дүкеннің сүтін, қант қосып дайындайды, олар – жеңіл көмірсулар. Одан гөрі аздап кокос қантын, гхи майын қоссаңыз, жаңғақтармен, жеміс-жидектермен әрлесеңіз, дәмді әрі пайдалырақ болмақ. Қасына қандайда да бір ақуыз, мысалы, бір-екі тілім қазыны көк шөппен қосып жесеңіз, күні бойы тоқ жүресіз.
– Смузи ішкен дұрыс па?
– Смузиді шпинат, банан, тағы басқа да жеміс-жидектер мен пайдалы майлар қосып дайындап, сәресінен бұрын ішкен жөн. Сонда клетчатканың күндізгі нормасын толтыруға болады. Май біздің өтіміздің жақсы бөлінуіне көмектеседі, ағзамызға сергектік береді. Бұрын әжелеріміздің шайға май қосып ішіп отыратыны тегін емес.
– Смузи тойымды ғой, одан кейін ас батпаса ше?
– Ондай жағдайда ішпей-ақ қойған дұрыс. Смузидің өзі тамақ болмайды, ол белоктың орнын толтыра алмайды. Әсіресе, әйел адамдарда онсыз да темір тапшылығы бар, тек смузи іше берсек, күш-қуатымыз азаяды.
– Ал ауызашарда қалай тамақтанғанымыз дұрыс?
– Ауызды жылы сумен, құрмамен ашқан абзал. Құрманың кей түрін жеуге болмайды. Кейбір елдерден келетін фруктозамен, глюкозамен өңделген түрлері бар, егер сіз ашқарынға сондай құрма жейтін болсаңыз, қаныңыз бірден көтеріліп кетеді де, күні бойы ағзаңыздың тазарып, детокстан өткені бекер болады. Қант бірден көтерілген кезде созылмалы ауруыңыз болса, асқынады, шаршап, басыңыз ауыра бастайды. Сондықтан құрманы дұрыс таңдау маңызды. Таза, ешқандай қоспасы жоқ түрлерін таңдаған дұрыс. Алдымен құрмамен су, сәлден кейін сорпа ішкен өте пайдалы. Малдың сүйегін салып, көбірек қайнатып, оған сәбіз, лавр жапырағын қосып, піскен соң кинза сияқты көк шөптер турап ішсеңіз, өттің жақсы жүруіне көмектесесіз, екіншіден ақуыз аласыз. Оразада тамақты аз ішкендіктен, бізде ақуыз тапшылығы болуы мүмкін. Егер ақуыз жетіспесе, тырнағымызға да, терімізге де, күш-қуатымыздың болуына да әсер етеді. Әсіресе, әйел адамдарда гемоглабин, ферритиннің түсуіне әсер етеді. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана сорпа ішіп, қаншама дәруменнің орнын толтыруға болады. Сорпа – белок көзі ғана емес, ол таза, пайдалы майларға да бай.
Сөйтіп, сорпадан кейін ыстық тамақтың алдында салат жеп аламыз. Ет жеймін десеңіз, оны да түрлендіріп отырсаңыз керемет, қырыққабатпен бұқтырып немесе тауық етін маймен, табиғи қоспалармен маринадтап, балықтың түр-түрін алып лимон шырынын тамызып, қасына түрлі түсті қырыққабат, қабақ, баялды, асқабақ сияқты көкөністер қосып пеште пісірсеңіз, уақытыңызды да үнемдейсіз әрі пайдалы.
Ыстық тамақты сорпадан кейін барып асықпай шайнап отырып ішсеңіз, ағзаға сіңімді болмақ. Қандай тамақ жегеніміз ғана емес, оның сіңімді болуы да маңызды. Қазір көп адам стресте, үнемі асығып жүреді, тамақты телефонға қарап отырып жейді. Тым болмаса осы ораза айында асықпай, аптықпай, ашуланбай, жақсы көңіл күймен ішсеңіз, ол бойыңызға дұрыс сіңеді. Ал егер асығыс-үсігіс ішсеңіз, ол дұрыс сіңбей тұрып қалады, нәтижесінде өттің қоюлануына, тастың түзілуіне әкеледі. Сондай-ақ жеңіл көмірсудан тұратын тағамдар да өттің қоюлануына әсер етеді. Сондықтан оразада ағзамды емдеймін деп керісінше ауруыңызды асқындырып алуыңыз ғажап емес. Пайғамбарымыз с.а.у. асқазанның үштен бірін суға, екінші бөлігін тамаққа, қалған бөлігін бос қалдыру керек екенін бекер айтпаған. Рамазан айында ғана емес, күнделікті өмірде осы қағиданы ұстанатын болсақ, асқазанымызға жеңіл болар еді.
– Ауызашарға барғанда көбіне ет, палау сияқты тағамдар ұсынылады, асқазанға ауырлық болмас үшін нені ескеру керек?
– Иә, ауызашарға жиі барып, манты, палау, ет, торт жесек, денсаулығымызға кері әсерін тигізуі мүмкін. Тамақты көп жегенде қант көтерілмеуі үшін кемі 1 сағат жаяу жүруге кеңес беремін. Сондай-ақ ауыр тамақтан кейін сәресіне 1 таблетка, ауызашарға 1 таблетка фермент қабылдасақ, ол тамақтың қорытылуына көмектеседі.
Егер ет болса етін алып, қасына салаттар қосып, қияр, қызанақтан салат, рукола, салат жапырағы сияқты көк шөптерді салып алып жесеңіз, дұрыс тамақ дегеніміз – осы. Көпшілік дұрыс тамақтану деген қандай бір диета, қиын деп ойлайды. Оны қиындатпауымыз керек, кез келген үйге қонаққа барғанда дастарқанға көкөніс, шөптер қойылады. Ал егер палау ұсынылса, тәрелкеңізді үшке бөліп, жартысына күріш, екінші жартысына салат, ал үшінші жартысына қазы-қарта, тауық сияқты тіскесебасарды салып алып жесеңіз болады. Осы жерде маңыздысы, жейтін тамағыңызды бөлек-бөлек емес, бірден салып алсаңыз, бәрі көз алдыңызда тұрады. Әйтпесе, не жеп, не қойғаныңызды білмей қаласыз.
– Оразаның детоксикациялық әсері бар екенін білеміз, яғни ағза табиғи жолмен тазаланады, ол ойдағыдай жүруі үшін қосымша препараттар қолдануымыз керек пе? Бауырға, жалпы ағзамызға қалай көмектесеміз?
– Біз оразада дастарқанды толтырып, тойып тамақ ішуге үйренгенбіз. Жеңіл көмірсулардан тұратын ұннан жасалған тағамдарды көп жейміз. Оған қоса, газдалған сусын ішеміз. Ондай тамақтан кейін клеткалық детокс емес, керісінше асқазанға салмақ салып, тіпті кейбірінің ауруы асқынып жатады. Өті қабынып, ауырып, ауызын ашып жіберетіндер де кездеседі. Сондықтан біз ағзамызға оразаның пайдасы көбірек болсын десек, ауызашарда дұрыс тамақтануымыз керек.
– Оразада ұйқы режимі бұзылатыны анық, оны қалай реттейміз?
– Ораза кезіндегі ең жақсы ұйқы – ауызашарды тойып ішіп, бірден жата кетпей, таза ауа жұтып, сәл жүріп барып ұйқыға кетсек, жақсы тынығып тұрамыз. Мелатонин гормоны 22.00-ден түнгі 2.00-ге бөлінетіні бәріне белгілі. Осы кезде ұйықтаған адам оңай арықтай алады әрі оның иммунитеті көтеріледі, жасару процесі жүреді, есте сақтау қабілеті артады. Сондай-ақ сәресінен кейін жата кетпей, сәл ары-бері жүрсек, таза ауаға шығып келсек, күні бойы сергек жүреміз.
– Аузы берік адамның спортпен шұғылданып, жаттығу жасауына бола ма?
– Өкінішке қарай, көп адам ауыз бекіткен соң «басым ауырды» деп жатып қалады. Бұл ағзаға зиян. Бас қозғалыс болмағаннан ауырады. Керісінше, біз қозғалған сайын күш-қуатымыз арта түседі. Бұрыннан спортпен шұғылданатындар әрі қарай жалғастырғаны жөн. Бірақ бұрын айналыспай, ораза кезінде қолға алған дұрыс емес. Ең жақсысы – жаяу жүру. Жүрудің де өз ережелерін сақтап, асықпай жүрген дұрыс. Таңертең жүрген өте пайдалы және ауызашардан кейін көп емес, аздап жүруге болады, себебі ұйықтарда керісінше күш-қуатымыз азаяды. Ораза кезінде неғұрлым белсенді болсақ, соғұрлым өзімізді жеңіл сезінеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жанна ТІРКЕШБАЙҚЫЗЫ