Шың басына Қазақстанның, Ассамблеяның Туы тігілді.
Қазақстандық альпинистер Килиманджаро шыңын бағындырды
Фото: видеодан кадр
396
оқылды

Қазақстандық альпинистер командасы Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) 30 жылдығына орай Африкадағы ең биік шың – Килиманджароны бағындырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Экспедицияны аты аңызға айналған қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев басқарды. Топ құрамында әртүрлі ұлт өкілдері болды, бұл саяхатты ерекше мағыналы етті.

ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Instagram парақшасында экспедицияның сәтті аяқталғанын хабарлады.

«Көтерілу оңай болған жоқ – қатты жел, оттегінің жетіспеушілігі барлығына әсер етті. Бірақ ешкім кері қайтқан жоқ. Бұл сапар біздің бірлігіміздің символына айналды», – деді ол.

Альпинистер теңіз деңгейінен 5 895 метр биіктікте орналасқан Ухуру шыңына жеткенде, ерекше толқынысты сезінген.

«Олар Қазақстанның ғана емес, Ассамблеяның Туын да желбіретті. Бұл менің жадымда ұзақ сақталатын сәт болды», – деп бөлісті Әзілханов.

Айта кетейік, Килиманджаро – Африкадағы ең биік тау және әр континенттің ең биік шыңдарынан тұратын жеті шың қатарына кіреді. Енді оның биігінде қазақстандық спортшылардың да ізі қалды.