Алғыс айту күні Астанадағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт пен көрме ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Орталық әскери оркестрдің музыканттары оларды соғыс жылдарындағы әндерімен қуантты. Орталық ансамбльдің солистері мен вокалдық топтарының орындауында «Әлия», «Журавли», «Тучи в голубом» секілді шығармалар орындалды.
Орталықта кәсіби әртістермен бірге ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбаздары да өнер көрсетті.
«Жеңістің 80 жылдығына арналған концертке қатысқаныма қуаныштымын. Шығармашылық взводқа Тараз қаласының педагогикалық колледжінде алған мамандығымның арқасында түстім. Шығармашылық взводтағы қызмет маған колледжде үйренген үрмелі аспаптарда ойнау дағдыларын жоғалтпауға мүмкіндік береді», – деді сарбаз Мейрамбек Жарылқасын.
Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің солистері классикалық және заманауи шығармаларды орындады. Танымал әуендер, марштар мен джаз пьесалары көрермендердің көңілін серпілтті.
«Бүгін керемет күн, үш бірдей мереке деп айтуға болады: қасиетті Рамазан айы, қазақстандықтар Алғыс айту күнін атап өтуде, сонымен қатар көптен күткен көктем келді. Мерекелік көңіл күй мен жарқын эмоциялар үшін әскерилерге рақмет», – деді Сәуле Қасымова.
Орталық алаңында ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің қызметкерлері «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» көрмесін ашты.
Экспонаттар қатарына жеке заттар, мұрағат құжаттары, соғыс батырлары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Тілеуғали Әбдібеков және Хиуаз Доспанованың бірегей фотосуреттері, сондай-ақ ұрыс орындарынан табылған снарядтар мен сарбаздар медальондары кірді.
«Үшінші апта Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтарына концерт беріп жатыр. Біз «Азия парк» пен «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталықтарында өнер көрсеттік. Бүгін, міне, MEGA Silk Way-деміз. Концерт арқылы отандастарымызға қазақстандық жауынгерлердің жеңіс жолындағы ерлігін еске салып, оларды Алғыс айту күнімен құттықтағымыз келді», – деп түйіндеді Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары, аға лейтенант Азамат Ақтасов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»TELEGRAM арнасынан табасыз.