Өмірінде алғаш рет ауыз бекітіп, ораза ұстаған адамның қиналып қалары анық.
Алғаш рет ораза ұстаушыға арналған 9 пайдалы кеңес
istockphoto.com
1,265
оқылды

Өмірінде алғаш рет ауыз бекітіп, ораза ұстаған адамның қиналып қалары анық. Осыған орай Аikyn.kz сайты  muslim.kz порталында жарияланған пайдалы кеңестер жайлы материалға сүйеніп, ықшамдап, оқырманға ұсынып отыр.

1. Ең үлкен жұбаныш – бұл оразаны сізге дейін миллион адамның ұстағандығын ұмытпаңыз және сізден кейін де миллиондаған адам жалғастырады. Және олардың бәрі де бұл айды өте жақсы нәтижемен өткерді. Алдыңызда қандайда бір қиындық шықса, мұны сіз ғана көріп тұрсыз деген сөз емес. Бұл тығырықтарға көптеген адам тап болды және шешімін тапты.

2. Оразаның құндылықтарын, Алла арасындағы дәрежесі туралы толығырақ білуге асығыңыз, жиі еске алыңыз. Бұл сіздің оразаға деген құлшынысыңызды арттырады. 

3. «Биыл ораза ең ұзақ мерзімге түсіп тұр, әй шыдай алмаймын-ау» деген ой маза бермей жатыр ма? Ғалымдар адамның қарнында өз денесін 2 тәулік бойы алып жүруге жеткілікті деңгейде тамақ болатынын дәлелдеген екен.  Адам белгілі деңгейде бір уақытта жүйелі түрде тамақтанып үйреніп қалғандықтан, қарны аш болмаса да, асқазанына сөл бөлініп, ол миға қарнының ашқандығы туралы жалған ақпарат береді екен. Демек, адам ашығып бара жатқандықтан емес, ең әуелі жүйелі келетін тамақтың келмей қалғандығынан қиналады. Ең бастысы, «тамақ ішуім керек еді» деген ой аштыққа шыдатпайды екен. 

4. Бірнеше жыл бойы Рамазан оразасын ұстап жүрген білімді, салиқалы кісілермен сұхбат құрыңыз. Кеңес сұраңыз. Тіпті, оразаны бір рет қана және биыл бірінші рет тұтқалы отырған адамдармен де пікір алысыңыз.

5. Нашар әдеттеріңізді тастауға бел буыңыз. Ғайбат, өсек-өтірік айту секілді нашар қасиеттерді біртіндеп жеңуге тырысыңыз. Пайғамбарымыз келген хадисте: «Сендерден біреу ораза болған күні жаман сөздер айтпасын, даусын көтермесін. Ал, егер біреу оны балағаттаса, немесе төбелескісі келсе ондайға: «Расында, мен оразамын десін!»  деген.

6. Күн тәртібіңізді біртіндеп өзгерте бастаңыз. Бұл айда күн тәртібіңіз күрт өзгереді. Тамақты басқа уақытта ішіп, ерте оянасыз. Асқазаныңызды таңертең едәуір тамақ жеуге үйретіңіз. Ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Бұрын-соңды дүниелік шаруаларыңыз көп болса, рухани жаттығуларға орын босату керек болады. 

7. Ауру-сырқаттарыңыз болса, дәрігерге қаралыңыз. Қажетті ем-домды қабылдаңыз. Алла Тағала бекіткен құлшылықтар адам баласына қиындық тудыруды мақсат етпейді. Оразаның денсаулығыңызға орын толтыра алмастай зарарын тигізбейтіндігіне көз жеткізіңіз.

8. Арнайы дұғаларды жаттаңыз. Рамазан – дұға айы. Ауыз ашар сәтте айтылған дұғалар қайтарылмайды. Дәл сол сәтте, кітап іздеп кетпес үшін дұғаларды жаттай беріңіз. Ауыз ашарда айтылатын дұғаны да жаттауды ұмытпаңыз.

9. Отбасы мүшелеріне, әріптестер мен достарға оразаға деген ниетіңізді айтыңыз. Алайда, қарсы келушілердің болатындығына дайын болыңыз. Әдетте, жанашыр адамдар сіздің денсаулығыңызды, аптапты ыстықта қиналатындығыңызды ойлап қарсы келіп жатады. Алайда, сіз барынша сабыр сақтап, оразаның қасиеттерін, негізгі мақсатын және оның денсаулыққа пайдасын жеткізіңіз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз