Шымкентте 1 667 үйге қауіп төніп тұр. Неге дейсіз ғой? Өйткені олар судың, газдың, жылудың және кәріз жүйесі құбырларының үстіне салынған. Жуырда Шымкентте осы күрделі мәселеге орай үлкен жиын өтті.
«Қайғылы жағдайлар болмас үшін» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстелді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС ұйымдастырған. Оған қаладағы осы салаға жауапты барлық басқарма басшылары, прокуратура, құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылған. Алайда жыр болып отырған бұл мәселенің көтеріліп жүргеніне бірнеше жыл болды.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тарапынан 2012 жылдан бері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорына, сәулет және қала құрылысы басқармасына, бас прокурорға, энергетика тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық басқармасына, Шымкент қаласының әкіміне, оның орынбасарларына және экология департаментіне жүйелі түрде хат жазылып келеді. Алайда одан мардымды жауап та, белсенді жұмыс та көрмеген. Ал одан бергі кезеңде тұрғын үйлердің астындағы бірнеше құбыр жарылған. Абырой болғанда оқиға күндіз болғандықтан, тұрғын үйлердегі адамдарға қатер төнбепті. Қалада мұндай 5 дерек тіркелсе де, адам шығыны болмағандықтан болса керек, мән беріп, бас ауыртқан ешкім жоқ. Бізде әлеуметтік мәселенің салдарынан бала өртеніп, сәбилер анасыз қалып зардап шеккенде ғана қимылдайтыны белгілі ғой. Оған дейін себептің салдарымен күресуді мың жерден айта беріңіз, бәрібір селт етпейді.
Сонымен, жиында серіктестік басшысы Анарбек Орман осы мәселені көтерді. Дабыл қағылып, жедел түрде шара қолдану керегін айтты. «Кәріз жүйелері, су, газ, жылу құбырларының үстіне салынған үйлер үшін мұнда жалғыз тұрғын үй иелерін кінәлау артық. Себебі оларға тұрғын үй салу үшін жерді әкімдік береді. Ал үй салуға дейін санитарлық талаптары туралы, өрт қауіпсіздігі, инфрақұрылымы жайлы (келешекте мұнда қандай жол салынатыны, газ, су, жарық, кәріз жүйелерінің бар екені туралы) рұқсат қағаздарға жер инспекциясы, жер комитеті, құрылыс бөлімі сынды тиісті орын басшылары шиырып тұрып қол қойып береді. Осынау инфрақұрылым жайлы толық мағлұмат зерделенген соң ғана акт құжат дайындалады. Жобалық құжаты болмай бірде-бір ғимарат салынбауы керек. Мәселен, апат болған 5 үйге де рұқсат алынған. Ал қол қойғандар ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ», – деді ол.
Иә, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деуші ме еді? Таяқтың бір ұшы өздеріне тиетін болған соң, құзырлы орган тыныш жатқан жыланның құйрығын басқысы келмеген шығар, кім білсін?! Одан бөлек, немқұрайдылық деген тағы бар.
Айта кетейік, Шымкентте дәл қазір осындай заңсыздық орын алған 1 667 нысан бар екен. Оның 344-і коммерциялық ұйым болса, 912-і тұрғын үй. Тағы да қарапайым халыққа қатер төніп тұр. Ал аталған 1 667 нысан иелерінің барлығының да қолында жерді пайдалану жөніндегі актілері бар. Архитектура, жер комитеті сынды барлық жауапты мекеме де осында кәріз жүйесі бар екенін біледі. Біле тұра осындай заңбұзушылыққа жол берген. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластық деген бәле осылайша өздігінен алдымыздан шығып тұрған сыңайлы. «Бұған немқұрайлы қарауға болмайды. Ертең бір жағдай болса не болады? Қазір бейбіт уақытта бұл мәселені реттеп алу керек» деп шырылдады Анарбек Орман.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 833 ғимараттың сүрілуі тиістігі жөнінде сотқа шағым түсірген. Қазіргі таңда оның 813-іне соттың шешімі шыққанымен, оларға өз деңгейінде нақты шаралар қолданылмапты.
Мамандар көлемі 200 мм су құбыры өткен жерден тұрғынүйлер немесе ғимараттар екі жағынан да 5 метр қашықтықта орналасуы керек екенін, ал 1 000 мм болатын су құбырынан 20 метр алшақ тұруы тиіс екенін айтады. Дегенмен бүгінде жоғарыда атап өткен 1 667 нысанда осы қарапайым қағидалар сақталмаған. Олардың қатарында Ғ.Иляев көшесіндегі №117/1, Театр көшесіндегі №8/1, Қ.Жарқымбеков көшесіндегі №1, Жеңіс көшесіндегі №8 және тағы басқа да жеке тұрғын үйлер бар. Егер осы үйлердің астындағы құбырлар жарылатын болса кететін шығынды айтпағанның өзінде, адам өміріне үлкен қауіп төнбек.
Жиында үшінші мегаполистегі 173 кәріз құдығының қақпағы қолды болып кеткені туралы да айтылды. Су арнасы мекемесінің басшылығы бұл туралы құқық қорғау органдарына арызданғанымен, әлі күнге дейін бірде-біреуі табылмапты. Сонда дейміз-ау, біз қауіптің ортасында отырғанымыз ба? Ертең ол құдыққа кішкене бала немесе қараңғыда кез келгеніміз түсіп кетуіміз мүмкін ғой.
Назгүл НАЗАРБЕК,Шымкент қаласы