Салғырттық сан соқтырмасын
Салғырттық сан соқтырмасын
234
оқылды
Шымкентте 1 667 үйге қа­уіп төніп тұр.  Неге дейсіз ғой? Өйт­­кені олар судың, газ­­дың, жы­­лудың және кәріз жүйе­сі құ­быр­ларының үстіне са­лын­ған. Жуырда Шым­кент­­те осы күр­­делі мәселеге орай үлкен жиын өтті. «Қайғылы жағдайлар болмас үшін» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстелді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС ұйымдастыр­ған. Оған қаладағы осы салаға жа­у­апты барлық басқарма бас­шы­лары, прокуратура, құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылған. Алайда жыр болып отырған бұл мәселенің көтеріліп жүргеніне бірнеше жыл болды.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тарапынан 2012 жылдан бері сол кездегі Оңтүстік Қазақ­стан облысының прокуро­ры­на, сәулет және қала құрылысы бас­қар­масына, бас прокурорға, энер­гетика тұрғын-үй және ком­му­налдық шаруашылық басқар­масына, Шымкент қаласының әкіміне, оның орынбасарларына және экология департаментіне жүйелі түрде хат жазылып келеді. Алайда одан мардымды жауап та, белсенді жұмыс та көрмеген. Ал одан бергі кезеңде тұрғын үйлер­дің астындағы бірнеше құбыр жарылған. Абырой болғанда оқи­ға күндіз болғандықтан, тұрғын үйлердегі адамдарға қатер төн­беп­ті. Қалада мұндай 5 дерек тір­келсе де, адам шығыны болма­ған­­­дықтан болса керек, мән бе­ріп, бас ауыртқан ешкім жоқ. Бізде әлеуметтік мәсе­ленің сал­да­рынан бала өрте­ніп, сәбилер анасыз қалып зар­дап шеккенде ғана қимыл­дайтыны белгілі ғой. Оған дейін себептің сал­дары­мен күресуді мың жерден айта бері­ңіз, бәрібір селт етпейді.
Сонымен, жиында серіктес­тік басшысы Анарбек Орман осы мәсе­лені көтерді. Дабыл қағы­лып, жедел түрде шара қолдану кере­гін айтты. «Кәріз жүйелері, су, газ, жылу құбырларының үсті­не салынған үйлер үшін мұн­да жалғыз тұрғын үй иелерін кінәлау артық. Себебі оларға тұрғын үй салу үшін жерді әкімдік береді. Ал үй салуға дейін санитарлық та­лап­тары туралы, өрт қауіп­сіз­дігі, инфрақұрылымы жайлы (келе­шекте мұнда қандай жол салы­натыны, газ, су, жарық, кә­різ жүйе­­лерінің бар екені туралы) рұқ­­сат қағаздарға жер инспек­ция­­сы, жер комитеті, құрылыс бө­­лі­мі сынды тиісті орын бас­шы­лары шиы­рып тұрып қол қойып бе­реді. Осынау инфрақұрылым жай­лы толық мағлұмат зерделен­ген соң ғана акт құжат дайында­ла­­ды. Жобалық құжаты болмай бір­де-бір ғимарат салынбауы ке­рек. Мәселен, апат болған 5 үй­ге де рұқсат алынған. Ал қол қой­­­ғандар ешқандай жауапкер­ші­­­лікке тар­тыл­ған жоқ», – деді ол. Иә, «қарға қарғаның көзін шұ­қымайды» деуші ме еді? Таяқ­тың бір ұшы өздеріне тиетін бол­ған соң, құзырлы орган тыныш жат­қан жыланның құйрығын басқысы келмеген шығар, кім біл­сін?! Одан бөлек, немқұрай­ды­лық деген тағы бар.
Айта кетейік, Шымкентте дәл қазір осындай заңсыздық орын алған 1 667 нысан бар екен. Оның 344-і коммерциялық ұйым болса, 912-і тұрғын үй. Тағы да қара­пайым халыққа қатер төніп тұр. Ал аталған 1 667 нысан иеле­рі­нің барлығының да қолын­да жер­ді пайдалану жөніндегі акті­ле­рі бар. Архитектура, жер коми­те­ті сынды барлық жауапты ме­ке­ме де осында кәріз жүйесі бар екенін біледі. Біле тұра осындай заңбұзушылыққа жол берген. Жең ұшынан жалғасқан сыбай­лас­тық деген бәле осылайша өз­ді­гінен алдымыздан шығып тұр­ған сыңайлы. «Бұған нем­құ­рай­лы қарауға болмайды. Ертең бір жағдай болса не болады? Қа­зір бейбіт уақытта бұл мәселені рет­­теп алу керек» деп шырылдады Анарбек Орман.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 833 ғимараттың сүрілуі тиіс­тігі жөнінде сотқа шағым тү­сір­ген. Қазіргі таңда оның 813-іне соттың шешімі шыққанымен, оларға өз деңгейінде нақты ша­ра­лар қолданылмапты. Мамандар көлемі 200 мм су құбыры өткен жерден тұрғынүй­лер немесе ғимараттар екі жа­ғы­­нан да 5 метр қашықтықта орна­ласуы керек екенін, ал 1 000 мм болатын су құбырынан 20 метр алшақ тұруы тиіс екенін айта­ды. Дегенмен бүгінде жоға­ры­да атап өткен 1 667 нысанда осы қара­па­йым қағидалар сақ­тал­маған. Олардың қатарында Ғ.Иляев кө­ше­сіндегі №117/1, Театр көше­сін­дегі №8/1, Қ.Жар­қым­­беков кө­шесіндегі №1, Же­ңіс көше­сіндегі №8 және тағы басқа да жеке тұр­ғын үйлер бар. Егер осы үйлер­дің астындағы құ­­быр­лар жары­ла­тын болса кете­тін шығынды айтпағанның өзін­де, адам өміріне үлкен қауіп төн­­бек. Жиында үшінші мегаполис­те­гі 173 кәріз құдығының қақ­па­ғы қолды болып кеткені туралы да айтылды. Су арнасы мекемесі­нің басшылығы бұл туралы құ­қық қорғау органдарына арыз­дан­ғанымен, әлі күнге дейін бір­де-біреуі табылмапты. Сонда дей­міз-ау, біз қауіптің ортасында отырғанымыз ба? Ертең ол құ­дық­қа кішкене бала немесе қа­раң­ғыда кез келгеніміз түсіп кетуі­міз мүмкін ғой.    width=Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы