Қазақстанда инклюзивті қоғам құру – мемлекеттің әлеуметтік саясатында ұстанған маңызды басым бағыттың бірі. Осыған байланысты "AMANAT" партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы мен мүмкіндігін арттыруға арналған республикалық кеңес өткізді. Кездесуге мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері де қатысты. Отырыста инклюзивті туризмнің қазіргі жағдайынан бастап, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелеріне дейін, сондай-ақ оны шешу жолы талқыланды.
Кеңес төрағасы, "AMANAT" фракциясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Тұрсынбайұлы Әбдиев ең әуелі инклюзивті қоғам қалыптастырудағы мәселелерге жүйелі түрде тоқталу керегін айтты. Сонымен қатар ол инклюзивті туризм мен арнаулы инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті әкімдіктердің жұмысы күшейтілуі қажет екенін де тілге тиек етті.
Отырыста сөз алған сарапшылардың бірі әрі қолжетімді орта жөніндегі кеңесші Анар Төребаева инклюзивті инфрақұрылым стандарттарының толық орындалмай отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, көптеген туристік орын мен әлеуметтік нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайсыз болып отыр. Сол себепті «Универсалды дизайн» концепциясын енгізу мен барлық нысанда кедергісіз орта қалыптастыру маңызды екенін жеткізді.
- Біз қолжетімді орта мәселесін алғаш рет көтеріп отырған жоқпыз, жылдар бойы бұл тақырыпты талқылап келеміз. Егер біз қазір нақты шаралар қабылдамасақ, бұл мәселені тек талқылай беретін боламыз! Шынымды айтсам, министрліктер мен әкімдіктер жұмыс істемейді деп айтқым келмейді. Әрине, белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ біз нақты нәтиже көріп отырмыз ба? Жоқ! Неге? Өйткені бұл – математикалық есеп секілді дүние. Егер мәселені шешуде қателік жіберсеңіз, жауабы да дұрыс болмайды. Бізде шешім бар, дегенмен ол қате нәтиже беріп отыр. Бүгінгі негізгі мәселе – партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында мүгедектігі бар азаматтар мен халықтың қозғалуы шектеулі тобы үшін барлық инфрақұрылымды жақсарту. Бұл мәселе де кезек күттірмеуі қажет. Бізде 2027 жылға дейін барлық нысан 100% бейімделуі тиіс деп жоспарланған. Бұл – өте батыл шешім. Бірақ бұл шындыққа сай келе ме? Менің ойымша, белгілі бір нысанды жай ғана қолжетімділік картасына енгізу арқылы мәселе шешілді деп есептеу дұрыс емес, – дейді ол.
Ал Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Аруна Жақсағұлова ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету шараларын күшейту керек екенін алға тартты. Ол жиынға қатысқандарға Қостанай облысында инклюзивті білім беру мекемелерінің санын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. Алайда кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын жасырмады.
Одан кейін Жамбыл облысының қоғам белсендісі Әйгерім Дәулетбекова инклюзивті білім беру саласындағы кедергілер туралы айтты. Сарапшының сөзінше, мұғалімдер ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге дайын емес. Оған қоса, ол ата-аналар арасында өзара түсіністік жетіспейтіні және оқу орындарының материалдық-техникалық базасы әлсіз екенін алға тартты.
- Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі баланы емес, оған деген көзқарасты өзгертеді. Бұл тәсілдің негізінде мектептегі білім беру жүйесі барлық оқушының дені сау және дамуында ауытқулары бар жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруы керек деген тұжырым жатыр. Инклюзияның мәні сол – мүмкіндігі шектеулі баланы сыныптың өміріне толығымен тарту, – дейді қоғам белсендісі.
Ә. Дәулетбекованың сөзінше, осы бағытқа қатысты елімізде бірқатар өзекті мәселе бар. Олар:
- кедергісіз білім беру ортасын құру, яғни жайлы орта қалыптастырудың қиындығы (жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалардың өзі қатарлы балалармен бір сыныпта отыруы үшін жағдай жасалмауы, яғни мектептерде өздігінен қимылдай алмайтын, қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған жеделсатылар мен көтергіштердің жоқтығы);
- мүмкіндігі шектеулі және мүгедек балаларға әлеуметтену проблемалары мен қиындықтарын шешуге бағытталған қолжетімділігі (әлеуметтендіру үшін оларды жетектейтін арнайы мамандармен жеткілікті қамтамасыз ету);
- мұғалімдердің мүмкіндігі шектеулі балалармен психологиялық және кәсіби жұмыс істеуге дайын еместігі (мүмкіндігі шектеулі балаларға ыңғайлы әдіс-тәсілдерді меңгеруі үшін арнайы біліктілік арттыру курстарымен толық қамтылуы);
- басқа оқушылардың ата-аналары үшін ерекше балаларды балаларымен бірге оқыту фактісін қабылдау қиындығы (кей ата-аналар сыныпта өз баласымен бірге мүмкіндігі шектеулі баланың отыруын қабылдай алмайды, яғни психологиялық теңсіздікті көрсетеді);
- балабақшалардың, мектептердің және басқа да оқу орындарының материалдық-техникалық базасының жеткіліксіздігі (мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті, яғни олардың қоршаған ортаға, қоғамға икемделуі үшін тиісті құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі) .
Алқалы жиында «BI Жұлдызай» қорының жобалар жетекшісі Алмагүл Сәлімбаева да сөз сөйледі. Ол балаларға арналған арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін кабинеттерінің маңызын ерекше атап өтті. Елімізде 200-ге жуық сондай кабинет барын, бірақ олардың көбі қажетті ресурстармен, мамандармен толық қамтылмағанын айтты.
- «BI Жұлдызай» қоры Қазақстанда кеңінен танымал деп ойлаймын. 20 жыл ішінде біздің қайырымдылық жобаларымыз ерекше білім беру қажеттілігі бар мыңдаған баланың тағдырын өзгертті. Олардың денсаулығын жақсартып, шығармашылық пен спорттағы талантын ашуға көмектесті. Балаларды ерте жастан бастап психологиялық-педагогикалық қолдаудың маңызы өте зор. Бүгінде елімізде 200-ге жуық сондай кабинет бар, бірақ олардың көбі балаларға тек 3 ай ғана қызмет көрсетуге мүмкіндік алады. Бұл уақыт өте жеткіліксіз. Ал қызметке кезек күту ұзақтығы балалардың даму мүмкіндігін шектейді. 2022 жылы осы мәселені шешу үшін мемлекеттік психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге мемлекеттік тапсырыс енгізілген еді. Бұл жүйені құру үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі үлкен күш жұмсады. Бұл жаңашылдық ерекше балалары бар қазақстандық отбасылар үшін үлкен үміт сыйлады. Бірақ қазіргі таңда бұл жұмыс тоқтап қалды. Бұл – ұлттық деңгейдегі төтенше жағдай! Балалар қажетті қолдауды ала алмайды, ал мемлекет болашақ еңбекке жарамды азаматтарын жоғалтып жатыр. Неліктен бұл мемлекеттік тапсырыс тек Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында ғана жүзеге асырылып жатыр? Неліктен бұл мәселеге ҚР Бала құқықтарын қорғау комитеті, тиісті министрліктер және прокуратура назар аудармай отыр?! Біз "AMANAT" партиясының белсенділерін бұл мәселені ашық жариялап, әр өңірдегі осындай кабинеттердің жағдайын зерттеу үшін рейд ұйымдастыруға шақырамыз, – деп сөзін түйіндеді ол.
Сонымен, қоғамдық кеңесте мәлім болғандай, биыл жыл басында ел бойынша 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар (бұдан әрі – ЕБҚ) 235 мыңнан астам бала есепке алынған. Инклюзивті білім беруді дамыту бойынша мақсатты көрсеткіштер 2023-2029 жылдарға арналған Білім беруді дамыту тұжырымдамасында және 2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивтік саясат тұжырымдамасында көрсетілген.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, инклюзивті білім беру жағдайын жасаған ұйымдардың үлесі:
мектепке дейінгі ұйымдарда – 70 %,
орта білім беру ұйымдарында – 90 %,
басқа білім беру ұйымдарында – 81 %.
Ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған мүмкіндігі шектеулі балалардың үлесі – 85 %.
Әрбір білім беру ұйымында арнаулы педагогтер (10 мың), психолог-педагогтер (8 мың), әлеуметтік педагогтер (5 мың), педагог-ассистенттер (3 мың) кіретін психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері құрылған.
"AMANAT" партиясының республикалық кеңесі барысында инклюзивті қоғам қалыптастыруға қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Сарапшылар, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдардың өкілдері инклюзивті туризмді дамыту, білім беру және инфрақұрылымды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар жасады. Жиын барысында қабылданған ұсыныстар алдағы уақытта тиісті органдардың қарауына жіберіліп, кеңес төрағасы нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асырылады деп сенім білдірді. Себебі инклюзивті қоғам – тең мүмкіндіктер қоғамы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасуы керек.