Әлеуметтік желіде Нұрлан имам деген атпен танымал дінтанушы, Астанадағы "Ырыскелді қажы" мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы ауызашар туралы сөз қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Дінтанушы Қазақ радиосына берген сұхбатында ауызашар жасау бәсекеге айналып бара жатқанына қынжылды. Сонымен қатар қасиетті айда даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет екенін айтты.
«Ауызашарды бәсекеге айналдырып бара жатырмыз. Ауызашар сауапты амал ғой. Шамасы жетпеген адамдар да талпынып, үйінде ауыз аштырып, қонақ қылып шақырайын десе, жағдай жоқ. Енді біреулер болады, мыңдаған, миллиондаған адамға мейрамхана жалдап, ауызашар бергенге мәз болады. Бір күні бір облыстың әкімі маған айтады: «700 адамға ауызашар берейін деп едім» деп. Қасындағылары айтып, үйреткен ғой. «Неғыласыз? Жарнама керек пе сізге?» дедім, «жоқ» деді. Өзіңізді таныстырмақшысыз ба? Бәрі отырып алып сізді мақтайды. Басшыларымыз ауызашар бергенде қарамағындағыларды немесе зейнетке шыққан қызметкерлерін шақырады, олар мақтайды. «Сізге рақмет, ауызашар бергеніңізге рақмет!» деп. Ауызашар бермесе, аштан өліп қалатындай халық. Мақтау мен мадақтау дегенді қою керек. «Қабыл болсын!» деп, бәрі иіліп сәлем беріп, аяғына жығылғанды қоятын уақыт келді. Тамаққа қарап тұрған қазақтың күні жоқ. Сондықтан берсеңіз, жақсы, қабыл болсын. «700 адамға берейін деп жатырмын» дейді. Біреу «650 адам болып тұр, тағы елу адам тауып бер» дейді. Көшеден бәрін желкелеп алып келеміз бе, тамақ ішіп қайт деп? Жақсы нәрсе емес.
Одан кейін көңілдеріңізге қараңыздар. Мейрамхана жалдау, өзі қарызға батып жүргенде қарызданып, қауғаланып дастарқан жаюдың қаншалықты қажеті бар? Хадисте ауыз аштыру деген сөз бір құрма, бір жұтым су деп келеді», – дейді дінтанушы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.