Екатерина Смышляеваның айтуынша, еліміз Еуропалық Одақтан кейін жасанды интеллект мәселелерін реттейтін жеке заң қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болуы мүмкін. Оны дамытудың негізі жасанды интеллектіні экономика мен өмірдің түрлі саласына ауыртпалықсыз енгізу, оның жүйелерін сенімді әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, елде тиісті технологияларды дамыту болды.
– Цифрлық заңнамада біз технологиялық бейтараптық қағидатын ұстануға тырысамыз, яғни заңдарды немесе ережелерді жеке технологияларға ғана бағыттамауымыз қажет. Бірақ бұл жағдайда технологияның ерекшелігі сонша, ол өз айналасында әлеуметтік қатынастардың ерекше түрін жасайды. Бұл заң жобасы оларды реттейді, – деді Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, негізгі заң жобасы 7 тарау, 27 баптан тұрады. Негізгі жаңалықтардың бірі – ЖИ жүйелерін тәуекел деңгейлері (ең төменгі, орташа және жоғары) бойынша жіктеу. Бұл пайдаланушылардың және қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне ықтимал әсеріне байланысты олардың жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте бақылаусыз зардаптардың ықтималдығын азайту үшін жобада Қазақстан аумағында адамның араласу мүмкіндігінсіз шешім қабылдайтын жүйелерді құруға және енгізуге тыйым салынады. Жасанды интеллект иелері мен әзірлеушілері пайдаланушыларға жасанды интеллектпен қалай әрекет ету қажеттігін ескертуге және оның қалай жұмыс істейтіні туралы түсініктеме беруге міндетті.
Жеке деректерді қорғау және айла-шарғы жасаудың алдын алу мақсатымен адамдарды әлеуметтік, биометриялық және мінез-құлық ерекшеліктеріне қарай бағалау үшін ЖИ-ді қолдануға қатаң шектеу, сондай-ақ адамның мінез-құлқын басқаруға қабілетті ЖИ құруға, пайдалануға тыйым салу туралы норма енгізіледі.
Сонымен қатар Ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылады. Басқарылатын ортада ЖИ жүйелерін әзірлеу, оқыту және сынақтан өткізу үшін мемлекеттік технологиялық инфрақұрылым қалыптасуда. Бұл осы саладағы отандық шешімдерді дамытуға ықпал етеді. Бұл ретте ЖИ және деректер саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары Үкіметте қалады. Реттеуші Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан құрылған Жасанды интеллект комитеті болады.
Ілеспе жоба аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ «Ақпараттандыру туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Масс-медиа туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Осылайша, ЖИ туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін, оның ішінде синтетикалық деректер туралы пайдаланушыларды хабардар етпегені және ЖИ жүйелерінің тәуекелдерін басқарудың болмауы үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Сондай-ақ электронды үкімет аясында ЖИ жүйелерін дамытуға талаптар қарастырылады. Жеке деректерді ашық көздерден алуға шектеулер, медиаконтент жасау кезінде ЖИ-ді қолдану туралы пайдаланушыларды хабардар ету міндеті белгіленеді.
Мейір ЖАСЫН