Келелі жиында қоғамның 2023-2024 жылдары атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы кезеңнің басым бағыттары белгіленді. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, ұйымның жұмысы мен басқару тетіктерін жетілдіру және ана тілімізді ғылымның, жасанды интеллектінің, технологияның тіліне айналдыру сынды мәселелер қаралды.
Мемлекеттік кеңесші съезге қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Президент жиынға қатысушыларға арнаған құттықтау хатында, «Қадірлі қауым! Баршаңызды халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайының ашылуымен құттықтаймын. Бұл – тіл жанашырларының басын қосатын айрықша маңызды жиын. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдің тұғырын нығайтуға және ұлт руханиятын өркендетуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Соңғы жылдары оның жұмысы жандана түсті. Ұйымның бастамасымен қазақ тілін дамыту жолында көптеген ауқымды іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Сіздердің жасампаз жобаларыңыз ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге зор ықпал етіп отыр. Қазақ тілі – ұлттық бірегейлігіміздің нышаны. Ел бірлігін нығайта түсетін басты құндылығымыз. Оны білім мен ғылымның ғана емес, бизнес пен технология тіліне айналдыру негізгі міндеттің бірі. Мемлекеттік тілді құрметтеп, кеңінен насихаттау –Қазақстанның әрбір азаматының қастерлі парызы. Осы орайда қоғамның қызметіне белсене атсалысып жүрген жанашыр жандарға шынайы ризашылық білдіремін. Бүгінгі басқосуда тың бастамалар көтеріліп, салиқалы ой-пікірлер айтылады деп сенемін. Құрылтайдың жұмысы жемісті болсын!» деп алғысын білдірген екен.
Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде маңызды жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру арқылы қазақ тілін барынша насихаттаудың және оның қолданылу аясын кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ қазір қазақ тіліндегі цифрлық контенттерді көбейтуге, білім беру жүйесін әдістемелік тұрғыдан қолдауға және ІТ саласындағы жетістіктерді тіл мәселесін шешу үшін тиімді пайдалануға ерекше мән беріліп жатқанын жеткізді.
Ал халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы:
– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бұған дейінгі құрылтайы 2023 жылдың жазында өтті. 2024 жылға жасақталған іс-қимыл жоспары толықтай дерлік орындалды. Жалпы саны қырыққа тарта республикалық және халықаралық деңгейдегі шаралар өтті. Бірқатар ауыз толтырып айтарлық ауқымды жоба іске асты.
Қоғамның ұзақмерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Qazaq Tili Endowment қоры құрылып, оған алғашқы болып Мемлекет басшысы қолдау көрсетті. Соның арқасында бұл бастаманы ірі кәсіпкерлер мен компаниялар қолдап, қазір қорға 500 миллион теңгеге тарта қаржы жиналды. Эндаумент қорына келген қаражат жұмсалмайды. 2024 жылы қордың үстеме табысы 75 473 020 теңгені құрады. Нәтижесінде, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тұңғыш рет қаржылық дербестік пен тұрақтылыққа қол жеткізді, – деді.
Тіл – тірі азға десек, оған да даму, жетілу және жоғалу тән. Мәселен, қазір дүниежүзінде 7 мыңнан астам тіл бар болса, соның ішінде үш мыңнан астам тіл жойылып кету қаупінің алдында тұрған көрінеді. Қуанарлағы, қазақ тілі бұл топқа кірмейді. 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында Ана тіліміз 79-орынға тұрақтаған. Мемлекет тіліміздің замана үрдісімен етене дамуына халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының сіңірген еңбегі зор. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестік болып, 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылып, алғаш «Тіл туралы» заң қабылдаған болатын. Содан бері мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында үздіксіз қыруар шаруа атқарылды.
Мемлекеттік кеңесші сондай-ақ қазақ тілі былтыр әлемде кең таралған тілдердің арасында 79-орынға тұрақтағанын, бұл небәрі 20 миллион халқы бар мемлекет үшін зор көрсеткіш екенін айтты. Сонымен қатар қазір мемлекеттік тілде сөйлеу жастар арасында сәнге айналды. Оны үйренуге ынта білдіргендердің қарасы көбейіп келеді. Фильмдер, подкасттар түсірілуде. Интернет жобалар жүзеге асырылып жатыр деді.
Тіл тазалығын сақтау қоғамға тартымды және тағылымды контент ұсынуда БАҚ-тың рөлі зор екені белгілі. «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың айтуынша, тек «Қазақстан» телерадиокорпорациясының өзі жылына қазақ тілінде 100 мың сағат видео және аудиоконтент өндіретінін, бұл контенттің барлығы күн сайын эфирден тыс, әлеуметтік желідегі 12 миллион 600 мың аудиторияға таратылады.
– Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның бастамасымен «Алтын қорымыздағы» құнды дүниелер негізінде жуырда «Асыл мұра» атауымен үлкен аудиоальбомды жарыққа шығарып жатырмыз. Жинаққа барлығы 1 500 күй, жыр-терме, халық және халық композиторларының әндері, ертегі, бесік жыры, ретро әндер кіргізілді. Оның басым бөлігі бұрын шыққан топтамаларға енбеген, тек қорда тұрған құнды дүниелер. Мұндағы ең көне аудиошығарма 1925 жылы, яғни тура бір ғасыр уақыт бұрын жазылып алынған Әміре Қашаубевтың орындауындағы «Балқадиша» әні. Осы сияқты ұлттық мұрамызға, фольклорымызға қатысты біршама эксклюзив дүниелер жарыққа шыққалы тұр. «Асыл мұра» аудиожинағының ең негізгі ерекшелігі – ондағы шығармалар жинақтан бөлек, жастардың арасында танымал Spotify, Yandex Music, Apple Music сияқты 100-ден астам әлемдік музыкалық платформаға жүктеліп жатыр. Яғни, ұлттық мәдени мұрамыз әлем тыңдармандары үшін ашық, қолжетімді болады. Бұл жобаны қазақ тілінің дамуы үшін құнды деп айтуымыздың тағы бір себебі – 1 500 аудионы әлемдік музыкалық платформаларға жүктеу арқылы тіліміздің өзіне тән дыбыстық ерекшеліктерін, ырғақтық мәнерін жасанды интеллект жүйелеріне енгізуге, сол арқылы қазақ тілін жаңа технологиялық мүмкіндіктерге бейімдеуге ықпал ететін боламыз, – деді Ләззат Танысбай.
Тағы бір атап айта кетерлігі, «Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдануына байланысты қазір осы заңның аясында «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесі жасалатын болады.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, заңдарды қазақ тілінде жазу мәселесі қолға алына бастады, қазірдің өзінде үш заң қазақ тілінде жазылып, қабылданды.
– Бұрын қазақ тілін жоқтаушы едік, қазір керісінше, тілді өсіретін, дамытатын бағыттағы технократияға, прагматизмге негізделген жақсы идеялар айтылып жатыр. Мемлекет белгілі бір қаражат бөле алады, ұлттық білім жүйесін ұстай алады, ғылым жүйесін дамыта алады, тілдік аударма бағытына ақша бөле алады. Осының негізінде ғана тіл сақталады. Біз Еуроодақтан кейінгі екінші болып, біздің кеңістікте бірінші болып жасанды интеллект туралы екі заң жобасын Парламент жұмысына қабылдап жатырмыз.
Сот тілін, бизнес, қаржы тілін қазақша дамыту бағытында жұмыстар істеліп жатыр. Мәселе санда емес, сапада. Қазір елімізге ірі компаниялар келіп жатыр. Олар қазақ тілін тұтыну нарығын кеңейтуге үлес қосуда. Сонымен қатар гуглға, басқаларға да түрткі болды. Яндекс менеджерлері «Қазақстан біз үшін маңызды ел. Себебі Қазақстанға арнап жасаған бүкіл технологиялық және басқа да жаңалықтарымызды емін-еркін Өзбекстанға, Түркияға және басқа елдерге де енгізе аламыз. Себебі тілдері бір-біріне жақын», – дейді. Яғни, басқа нарықта да біздің әлеуетіміз артады.
ХХІ ғасырда дамуға мүмкіндігі бар елдер қатарында Қазақстан да бар. Мәселен, әлемде 30 шақты ел ғана Голливудтың қаржыландыруымен олардың өнімдерін қазақ тіліне аударып, ұсынуға мүмкіндік алып, тікелей келісімге келіп отыр, – деді Айдос Сарым.
Жиын барысында белгілі болғандай, тұңғыш рет 60 мыңға жуық сөзді қамтыған қазақ-ағылшын және ағылшын-қазақ тіліндегі Qazaq Oxford сөздігі жарық көріп, қазірдің өзінде 1,5 миллиард сөз бен сөз тіркесі ЖИ-ға орнатылайын деп жатқаны ана тіліміздің дамуына қосылған үлкен үлес екені сөзсіз.
P.S.
2023 жылы тіл саясатын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Стратегиялық құжатта тіл саясатын жүргізуге қатысты түрлі шара қарастырылған. Бұған қоса, Үкімет жанынан Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Былтыр оның алғашқы жиыны өтіп, комиссия мүшелері заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеуді, тіл мәдениетін одан әрі арттыруды және тіл капиталын дамытуды көздейтін тіл саясатын жүргізу мәселелерін қарастырды. Республикалық терминология комиссиясының жұмысы қайта жаңғырды. Бұл құрылым қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математика бағыттары бойынша жұмыс істейді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ