Бүгінде оқу-ағарту саласында ауқымды өзгерістер болып жатыр.
Мұғалім болу – бір басқа, «ұстаз» болуға тест керек
4,322
оқылды

Әсіресе, министрлік кеңсесінен шыққан реформалар мұғалімдерге қойылатын талапты күшейтуде. Оның бастысы – ұстаздарды аттестаттаудан өткізу. Алайда осы тестілеу мұғалімдерді өсіре ме, әлде педагог деген мәртебелі мамандықты өшіре ме?

Жамбыл облыстық Білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылы 10 426 педагог аттестаттауға өтініш берген екен. 

 – Заң талаптарына сәйкес, 2024 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында облыстың білім беру ұйымдарының педагогтері ат­тес­таттаудан өтті. Нәтижесінде, 4 904 мұ­ғалім «педагог-модератор», 2 800 ұстаз «педагог-сарапшы», 1 944 педагог «педагог-зерттеуші» біліктілік санаттарын иеленді. Сонымен қатар 30 жылдық еңбек өтілі бар 778 ұстаз біліктілік санатын растаса, зейнет дем­ал­ысқа шығуына 4 жылдан аз қалған 284 педагогтің санаттары сақталынды. Бұған қоса, былтыр 6 125 педагог білікті­ліктерін арттырды.

Осы тұста атап өтерлігі, 2025 жылдан бастап педагогтердің үздіксіз кәсіби даму ұлттық платформасы, яғни сала мамандары­ның кәсіби қызметі туралы деректерді жи­нау­ды және өңдеуді қамтамасыз ететін ақ­параттық жүйе енгізілгеннен кейін ат­тес­таттау осы арқылы жүзеге асырылады. Нақтырақ тоқталсақ, аттестаттау процесін автоматтандыру, яғни педагогтің жеке құжаттары мен оның біліктілік деңгейін анық­тап, қысқа мерзімде қорытындылайтын ақпараттық жүйеде тиісті материалдар жинақталады және талданады. Бұл адами факторды толығымен шектеп ғана қоймай, аттестаттау барысында объективтілік пен ашықтыққа жол ашады, – дейді баспасөз қызметі. 

Мұғалім білігі балмен өлшенбейді 

Иә, заман ағысымен жаңашылдыққа бет бұрғанымыз дұрыс-ақ. Алайда алдыңғы жылы Жамбылда 3 000 ұстаз тестілеуден өте алмағаны ойландырмай қоймайды. Сон­да бұл тестілеу мұғалімдерге не беріп жатыр? Жылда соңы айқай-шуға ұласатын аттестаттаудың қажеті бар ма? 

Ширек ғасырдан астам өмірін ұстаздық­қа арнаған Қарлығаш Бекхожаеваның айтуынша, тестілеу мұғалімнің шынайы білімінің көрсеткіші бола алмайды екен. 

– Бүгінде саны бар, сапасы жоқ ре­формалар мен пайдасы мен зияны белгісіз педагогика мен оқыту әдістемелі көбейіп кетті. Алайда сол тестілеудің сұрақтарының жауабын білмей-ақ күні кешеге дейін қан­шама атақты ұстаздар дәріс беріп келді. Солар елге, тіпті әлемге танымал тұлғаларды да тәрбиеледі. Мұғалім ең әуелі – педагог. Педагог болғанда да батыстық үлгідегі емес, ұлттық болмыстағы жаңашыл ұстаз болып қалыптасуға тиіс. Өкінішке қарай, министрлік тарапынан дәл осы бағытта ай­қын мақсаттағы жанды жұмыстар жүр­гізілмей отыр. Жарайды, мұны «жемқорлық­ты жою үшін жасалып жатқан әрекет» деп қа­был­дайық. Бірақ осы тестілеу қазір көп ұзамай ұмытылатын уақытша жаттау мүм­кіндіктерінің көрсеткіші ғана болып отыр. Туабітті ұйымдастырушылық қабілет, ада­ми-педагогтік қасиет, ұзақ жылғы дағ­ды-тәжірибе, сан түрлі пәндік әдебиеттерден алған білім арқылы қазіргі тестілеуден өту мүмкін емес. Себебі тек жаттау арқылы ғана мұратыңа жетесің. Қазіргі тестілеуден жақсылап дайындалса, білікті ұстаздан гөрі жады жақсы жоғары сыныптың оқу­шысы өтіп кетуі әбден мүмкін. Оның үс­ті­не, қазіргі тест сұрақтарының өзі қалай болса солай құрастырылған. Әсіресе, түкке керегі жоқ бас қатырғыш сауалдар өріп жүр. Бір сөйлемді жазып, заты тұрмақ, аты белгісіз авторлардың тізімін жазып қойған жайттар да жетерлік. Мысалы, қайдағы бір батыстық психологтердің пәлен жылғы ең­бегінің, түген жылғы айтқан сөзінің біз­ге не керегі бар? Педагогика-психология саласына өмірін арнап, осы салада ғылыми еңбектер жазып жүрген ғалымдардың өзін шатастыратын, бірыңғай терминдерден тұратын сауалдар да жетіп артылады. Қоры­та айтқанда, қазіргі тестілеу жүйесі мектеп басшысының да, мұғалімдердің де, оқуды енді тәмамдаған жастың да білімі­нің көрсеткіші бола алмайды. Бүкіл әлем бас тартқан Болон жүйесінен қалған, түгелдей батыстық модульге негізделген тестілеу жүйесін жоятын немесе өзгертетін уақыт келді. Ол үшін әлемдік білім беруді барынша саралап, өзіміздің әл-Фарабиден Абайға, Ыбырайға, Мағжанға дейінгі, оған кейінгі жылдардағы жетістіктерімізді қос­ып, теориялық сұрақтар дайындап, ұлттық тес­тілеудің жаңа нұсқасын дайындау керек, – дейді Қарлығаш Келісбайқызы. 

Тесттен сүрінген жас маман қайда барады?

Білім саласындағы соңғы жылдардағы тағы бір өзгеріс – педагогикалық мамандық­ты тәмамдаған жас маманның мектепке жұмысқа орналасуы үшін құр диплом алу жеткіліксіз. Оқу-ағарту министрлігінің бұй­рығына сәйкес, педагогикалық білімі бар маман оқу ордасына жаңадан жұмысқа орналасар сәтінде «педагог-тағылымдамашы» санатын иелену үшін тест тапсырады. Одан кейін ғана конкурс бойынша жұмысқа алынады. Сол мекемеде оған тәлімгер бекі­тіліп өзінің жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ оқу жылының соңында педагог-та­ғыл­ымдамашы ұжым алдында есеп берсе, тәлімгері өз тағылымдамашысы бойынша ұсыным әзірлейді. Егер аталған ұсыным оң бағасын алса, кеңес шешімімен оған «педагог» санаты бекітіледі. Осы ретте «Бұл жаңа­шылдық педагог болғысы келетін жастарға тосқауыл болмай ма?» деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Осы сұрақты біз ардагер ұстаз Айнагүл Қалдасбековаға қойған едік. 

– Тест тапсыру – кімге болса да маңызды сынақ. Алайда тест барысында кейбір ма­ман жастық сезімге бой алдырып немесе қобалжып, қажетті ұпайды жинай алмай қалуы мүмкін. Сонда сол үшін жас маманның кеудесінен итеруіміз керек пе? Олай болса, неліктен университетте 4-5 жыл білім ал­ды? Университетті тәмамдаған соң жас ма­ман тесттің кесірінен жұмысқа орналаса алмай қалса, демек бұл мемлекеттің мұғалім даярлауға бөлген ақшасының желге ұшқаны. Ешкім университетте 4 жыл оқып, мұғалім­діктің қыр-сырын түгелдей біліп шыға ал­майды. Барлығы уақыт өте келе білімдерін тәжірибемен ұштастыру арқылы сол ма­ман­дықты меңгереді, үйренеді. Ал сынақтан сүрінді деп жұмысқа қабылдамайтын бол­сақ, білікті ұстаздарды қалай жасақтай аламыз? Сол үшін тесттен өтпеген маман­дарды мектепке мұғалімнің көмекшісі рет­ін­де алып, ұстаздыққа баулу керек. Бір жа­­ғынан, тәжірибе жинақтайды, екіншіден келесіде тест тапсыру қиындық тудырмай­ды, – дейді сала ардагері. 

Аттестаттау жалақы көтерудің жолы емес 

Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Есенкүл Қохаева болса, кез келген педагог «ұс­таз» деген атқа лайық болғысы келсе, сынақтан өтуден қашпауы керектігін айтады.

– Қазір көптеген әріптестерім біліктілік тестілеуін жалақыны көтерудің жолы ғана деп немқұрайлы қарайды. Бұл – өте қате түсінік. Себебі мұғалім осы арқылы өзінің біл­іктілігін шыңдап қана қоймай, соған жету үшін талпынады, ізденеді. Өкінішке қарай, кей педагогтер жанын қинағысы келмейді. Меніңше, біліктілік тестіне әлі күнге дейін қарсы болып, байбаламға салатын әріптестерімнің дені сол ізденістен қашып отыр. Ал өзінің мамандығын сүйетін, оқушылардың болашағына жаны ашитын мұғалімдер бұл жүйеге қарсы емес. Мұндай ұстаздар, керісінше, тестке баруға талпынып, өзінің деңгейін білуге асығады. 

Рас, ұстаздардың бірі денсаулығын, бірі егде тартқан жасын сылтау қылып жа­татыны бар. Бірақ бұлар шын шеберге кедергі болмауға тиіс. Өйткені өзі тест тапсырғысы келмейтін ұстаз ертеңгі күні оқушысына қалайша «ҰБТ тапсыр» деп айта алады? Сөз бен істің алшақтығы деген осы емес пе?! Егер адамның миы күш түс­ірмей, белсенді жұмыс істемесе, оның соңы есте сақтау қабілетінің нашарлауы мен алжу дертіне апарып соқтырады. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сол үшін жас­тар тұрмақ, зейнет жасына жақындаған ұстаздардың да денсаулығына тестілеудің пайдасы зор. Тіпті, 3-5 жыл сайын келетін мерзімін күтпей-ақ ұстаздардың өздері жиі сынақтан өтіп тұруы еш артық етпейді, – дейді Есенкүл Ноқрабекқызы.

Білім саласында басшы тұрақтамай кетті 

Міне, осылайша сала ардагерлері әртүрлі ұстаным мен ой-пікірлерін айтуда. Біз бұл тұста біреудікі дұрыс, әлде бұрыс деу­ден аулақпыз. Әрбір сөздің естір өз құлағы бар. Алайда осы тестілеудің соңы жылда айқай-шуға ұласып жатады. Алдыңғы жылы тестілеуден 3 000-нан астам мұ­ғалімнің сүрінуі, тіпті жағдайды ушықтыра түсті. Артынша, білім саласындағы бас­шылық құрамда ауыс-түйістер орын алып, өткен жылдың наурыз айында Рауан Садырқұлов басқарма тізгінін ұстады. Алайда Рауан Нұрғалиұлы да бір жылдан артық қызметте отыра алмады. Күні кеше басқарма басшысы өз еркімен жұмыстан кеткенін әлеуметтік желіде жазып, бұл ше­­шімін «басқа жұмысқа ауысу» деген желеумен бүркемеледі. Бірақ Бай­зақтағы мектеп жұмысшысының қаза болуынан бөлек, өңірдегі 8 мектептің ат­тестаттаудан өте алмағаны басшының аттан аууына себеп болған секілді. Енді Са­дыр­құловтың орнына кім келетіні әзірге белгісіз. Алайда соңғы 3 жылда Білім басқармасында 4 басшының ауысуы жақсылықтың белгісі емес. Демек, салада сыздауықтай солқыл тартқан түйткіл көп деген сөз. Соның бірі – мектеп пен ұс­таз­дардың аттестаттауы. Осы олқылықтардың орнын жаңа басшы толықтырады деген сенім мол. Әйтеуір, алдыңғы басшылардың кебін киіп, бір жылға жетпей «өз еркімен» ор­нын босатып жүрмесе болғаны...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы