Осыдан бірер жыл бұрын өндірісті автоматтандыру қол жұмысын қажет ететін қызметті алмастырады деген қауіп басым еді.
Жасанды интеллект жаппай құбылысқа айналмайды
521
оқылды

Ал қазір сарапшылар жасанды интеллекттің дамуы, машиналық оқытудың өркендеуі еңбек нарығынан интеллектуалдық рутиналық жұмыстармен айналысатын мамандарды ығыстыруы мүмкін деп дабыл қағуда. Жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығына түбегейлі өзгерістер әкелетіні анық. Қазақстан да дүниежүзінде жүріп жатқан бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. 

Жасанды интеллекттің еңбек нарығына ықпалы сөзсіз және оны екі­­жақты қарастыруға болады. Бір жағынан, ол кейбір жұмыс орын­дарын алмастыруы мүмкін, әсіресе стандартты, қайталанатын мін­деттерді орын­дайтын қызметкерлер үшін. Бұл операторлар, курьерлер сияқты ма­мандықтарға қауіп төндіреді. Екінші жағынан, жаңа технологиялар жаңа жұмыс орын­дарын тудырады, әсіресе IT, инженерия, креативті ин­дустриялар және ғылыми зерттеулер салаларында.

Дегенмен қазірдің өзінде отандық еңбек нарығында білікті кадрлардың тапшылығы байқалады, ал болашақта бұл қажеттілік одан әрі арта түспек. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде инженерлер, техникалық мамандар, агрономдар мен ветеринарларға сұраныс жоғары, ал 2030 жылға қарай ел экономикасына қосымша 1,6 миллион маман қажет болады. Алайда бұл сұранысты қанағаттандыру оңай емес – қазір Қазақстанға орта техникалық білімі бар 900 мыңға жуық маман жетіспейді, ал жоғары оқу орындары түлектеріне деген сұраныс 430 мың адамды құрайды.

Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында мамандарға деген сұраныс аса жоғары. Алайда өндірістік жарақаттар мен қауіпсіздік мәселелері де өзекті болып отыр. Өкінішке қарай, соңғы үш жылда өндірістік жазатайым оқиғалардың саны едәуір артқан, әсіресе Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында. Осыған байланысты жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту мен заңнаманың сақталуын бақылау қажеттігі мінберлерден жиі айтыла бастады.

Сонымен қатар соңғы уақытта жасанды интеллекттің еңбек нарығының құрылымына ықпалы айтарлықтай сезіле бастады. Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, соңғы он жылда техникалық және кәсіптік білім алған қызметкерлердің үлесі 49%-ға жетіп, ай­тарлықтай өсім көрсеткен. Жұмысшы мамандықтарының ішінде ең жоғары жа­лақы өнеркәсіп саласында – 588 мың теңге, қаржы саласында – 531 мың теңге, ал көлік саласында 403 мың теңге көлемінде белгіленген. Алдағы жылдары еңбек нары­ғына 1,8 миллион жас қазақстандық қо­сылады, олардың басым бөлігі техникалық мамандықтарды меңгермек.

Бірақ еңбек нарығының болашағы тек кадр тапшылығымен шектелмейді. Жасанды интеллекттің дамуы кейбір мамандықтарға деген сұранысты азайтып, еңбек ре­сурс­тарының құрылымын өзгертіп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жасанды интеллекттің еңбек нарығына ықпалын зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Оған сәйкес, шамамен 29% қызмет түрі өзектілігін жо­ғалтпақ, ал жұмысшы мамандықтарының қысқаруы 13%-ды құрайды. Бұл, әсіресе медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және қаржы салаларында байқалады.

Кеше Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева кулуарда жасанды интеллект қазақстандықтарды жұмыстан айырмайды, өйткені қысқарған жұмыс орындарының орнына жаңа мамандықтар пайда болады деген пікірімен бөліскен болатын. «Олар қоғамның жаңа даму парадигмасына сәйкес қалыптасады. Бізге қажет жалғыз нәрсе – бұл қайта даярлау, қайта оқыту. Барлығымыз өмір бойы оқуға дайын болуымыз керек. Қайта оқытуға келсек, жұмыс берушілер болашақты ойлауы қажет. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау да маңыз­ды – жұмыспен қамту бағдарламала­ры жаңа жағдайға бейімделуі керек. Белгілі бір деңгейде тегін курстардың қолжетімділігі қамтамасыз етілуі тиіс. Ба­қытымызға орай, бүгінде әлемде мұндай жүйе бар: біз халықаралық ресурстарға қосылғанбыз, онда көптеген оқу бағдар­ламасы бар. Бірақ, әрине көп нәрсе біздің өзіміздің білім алуға дайындығымызға байланысты. Жалпы алғанда, бәрі осыған қарай бағытталып жатыр. Заманауи жасанды интеллект модельдері пайда болғанға дейін де цифрландыру бізді үнемі жаңа нәрселерді меңгеруге мәжбүр етті», – деді депутат.

Депутат айтқандай, ең басты­сы – үнемі білім алып, жаңа дағ­дыларды меңгеруге дайын болу. Бұл тек IT саласына қатысты емес. Кез келген мамандықта техно­логиямен жұмыс істей білу маңызды болмақ. Мұ­ға­лімдер, дәрігерлер, инженерлер сияқты мамандықтар әрқашан сұраныста қалады, бірақ олар да техноло­гия­лық өзгерістерге бейімделуі тиіс.

Оның ойынша, жасанды ин­теллект ең алдымен операциялық міндеттерге бай­ланысты маман­дықтарға әсер етуі мүмкін: опе­раторлар, курьерлік жеткізу қызметтері. Алайда мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты әлеуметтік маман­дықтар сұранысқа ие болып қала береді. Сондай-ақ депутат қайта оқыту міндетті түрде бағдарламалау немесе IT саласы дегенді білдірмейді деген көзқа­расымен бөлісті. 

«Адам өз саласында қалып, жасанды интеллект алмастыра алмайтын бағытқа ауыса алады. Бәріне бірдей бағдарламашы болудың қажеті жоқ. Қайта оқып жатқан адамдар көбіне өз мамандықтарының шең­­берінде қалады, бірақ қосымша немесе автоматтандырудан азырақ зардап шегетін міндеттерді меңгереді. Әрине, жасына не­месе денсаулығына байланысты бейімделе алмайтын адамдар үшін әлеуметтік қол­дау шаралары қарастырылады. Бірақ бұл жап­пай құбылысқа айналады деп ойламай­мын», – деді Смышляева.

Ал Гарвард экономистері Дэвид Деминг пен Лоуренс Саммер өз зерттеулерінде жасанды интеллекттің пайда болуы жұмыс орындарын қысқартпайды, тек жұмыс­шыларға қойылатын талаптарды өзгертеді деген қорытынды жасайды. Мұндай тех­нологиялар қоғамды әрқашан алаңдататы­ны рас. Өйткені олар кенеттен жұмыс орын­дарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Тіпті, сарапшылар арасында жасанды интеллект – бұл осындай техно­логиялық революциялардың соңғысы және супер­интеллектуалды компьютерлердің жұмыс орындарында кең таралуы адамды қажетсіз етеді деген пікірталас бар. Алайда Гарвард экономистері өз зерттеуінде бұл долбарды жоққа шығарып отыр. Олардың пікірінше, ЖИ әсері көптеген сыншы алаң­дайтын­дай қауіпті емес, керісінше, қызықты детальдар­ға толы. Экономистер «кәсіптер айналымын», яғни әртүрлі кәсіп уақыт өте келе еңбек на­рығын қалай өзгертетінін зерттейді. Ға­­лым­дардың пікірінше, жасанды ин­теллекттің дамуы электр қуаты немесе жұмыс үстелінің пайда болуы сияқты адам­дардың жұмысын жеңілдетуге қабілетті үлкен күшке ие.

Сонымен қатар халықаралық NBER (National bureau of economic research) ұйы­мының экономистері де жасанды интел­лекттің еңбек нарығына, жұмыспен қамту деңгейіне және жалақыға әсерін талдаған. Авторлар ЖИ-дің әсері біржақты емес деген қоры­тындыға келеді. Біріншіден, ол автоматтан­дыруға бейім мамандықтардағы жұмыс күшін ығыстыр­са, екінші жағынан, ЖИ енгізген компаниялар­дың өнімділігі артып, жалпы жұмыспен қамту көрсеткішінің өсуіне ықпал етеді.

Бұған дейінгі технологиялық өзгерістер негізінен төмен және орта білікті маман­дықтарға әсер еткен болаты. Ал ЖИ бірінші кезекте «ақ жағалыларға», яғни кеңсе қызметкерлері, әсіресе қаржы, бухгалтерия, инженерия және бизнес-талдау салаларында жұмыс істейтіндерге ықпал етеді. Сонымен қатар STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді.

«Ұзақмерзімді перспективада компа­ниялар кадрлық саясаттарын қайта қарап, қызметкерлерін қайта оқытуға инвестиция салу арқылы жаңа жағдайларға бейімделуі керек. Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертіп жатыр, бірақ бұл өзгерістер тек  жұмыс орындарын қысқартады деген сөз емес, бұл фирмалардың жаңа технология­ларды қалай қолдана алатынына байланысты» деп қорытындылайды ғалымдар.

Болашақ еңбек нарығы  өзгерістерге тез бейімделе алатын, технологиямен жұмыс істеуді меңгерген, көпсалалы білім мен дағ­дыға ие мамандардың алаңы болмақ. Сон­дықтан мемлекет, бизнес және білім беру жүйесі бірлесе отырып, жаңа заман талапта­рына сай кадрларды даярлау мен қайта оқыту мәселесін басты назарға алуға тиіс.

Кәмила ДҮЙСЕН