Ірі халықаралық турнирлерде отандастарымыз біршама жетістіктерге қол жеткізді.
Әйелдер құрамасы топ жарды
2025 жылғы маусым күрес шеберлері үшін бірнеше халықаралық турнирден басталды. Соның ішінде Қазақстан әйелдер құрамасы топ жарған болатын. Қазақстандық еркін күрес шеберлері Эльмира Сыздықова мен Гүлдана Бекеш маусымды қос бірдей алтын жүлдемен бастады.
Отандастарымыздың алғашқы жарысы – Францияның Ницца қаласында өткен Анри Деглан Гран-при кезеңі. Бұл жарыста Эльмира Сыздықова 76 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп алтын медаль жеңіп алса, Гүлдана Бекеш 59 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырының биік сатысына шықты. Айта кетейік, Бекеш 2024 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында қола медаль еншілесе, Эльмира Сыздықова ересектер арасындағы құрлық біріншілігінде үшінші орын алған еді. Осы жолы да Рио Олимпиадасының жүлдегері өз шеберлігін дәлелдеп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.
Қазақ қыздарының жеңісті жолы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Келесі халықаралық жарыс Ресейдің Красноярск қаласында дәстүрлі Иван Ярыгин турнирі өтті. Аталмыш жарыста қазақстандық балуандар үш медальға қол жеткізген болатын.
Франциядағы Гран-приден кейін Эльмира Сыздықова 76 келі салмақта Ресейдегі турнирде бақ сынады. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері финалда моңғолиялық Даваанасан Энх-Амарды жеңіп, екінші алтын медальға қол жеткізді. Ал 62 келіге дейінгі салмақта қазақстандықтар тағы екі медальға ие болды: Виктория Хусаинова екінші орынды, ал Тыныс Дубек қола жүлдені еншіледі.
Айта кетейік, Иван Ярыгин дәстүрлі халықаралық турнирі 2022 жылға дейін «Біріккен күрес әлемінің (UWW) күнтізбесінде кіші әлем чемпионаты» деп аталатын.
Кейіннен Беларусьтың Минск қаласында үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведтің құрметіне арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Бұл жарыста қазақстан әйелдер құрамасы екі алтын, бір күміс және төрт қола медальді еншіледі.
Алтын медальді Жәмилә Бақбергенова (72 келіге дейін) мен Эльмира Сыздықова (76 келіге дейін) жеңіп алды. Жарыстың күміс медалі 59 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ирина Кузнецоваға бұйырды. Ал қола медальді Зейнеп Баянова (53 келіге дейін), Зульфия Яхъярова (55 келіге дейін), Тыныс Дубек (62 келіге дейін) және Елена Шалыгина (65 келіге дейін) иеленді.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы маусым басында ел қоржынына бірнеше алтын медаль салды.
Дүлділдер жиналған турнир
Ендігі басты назар – Алматыдағы кәсіпқой күрес лигасының (PWL) сегізінші турниріне аударылды. Бұл турнир күрес жанкүйерлері үшін нағыз мерекеге айналды. Ұйымдастырушылар көрермендерді жоғары деңгейдегі жарыспен және әлемдік аренада табысқа жеткен қатысушылар құрамымен қуантты. Кілемге төрт олимпиада чемпионы шықты, олардың үшеуі сенімді жеңіске жетті.
Турнир аясында жалпы 12 кездесу өтті: алтауы еркін күрестен, бесеуі грек-рим күресінен, біреуі – әйелдер күресінен. Олимпиада чемпионы Кайл Снайдер (97 келі) жоғары деңгейдегі күрес үлгісін көрсетті. Ол екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Алдымен ресейлік Константин Пшеничниковті (7:3), содан кейін қазақстандық Ризабек Айтмұханды (8:0) тізе бүктірді.
Сонымен қатар қазақстандық балуан Азамат Дәулетбековті айта кеткен жөн. Спортшы 86 келі салмақ дәрежесінде тамаша нәтиже көрсетіп, Беларусь құрамасы үшін өнер көрсететін дағыстандық Магомедхабиб Қадимагомедовты 4:0 есебімен жеңді.
Жарыста Қазақстан әйелдер құрамасының атынан Жәмилә Бақбергенова бозкілемге шықты. Алайда отандасымыздың айы оңынан тумады. Қазақстандық 76 келі салмақ дәрежесінде қырғыз балуаны Айпери Медетқызымен кездесіп, қарсыласына 5:1 есебімен жол берді.
Грек-рим күресінде көрермендер тартысты тартыстың куәсі болды. Куба балуаны Луис Орта Санчес (67 келі) армяндық Славик Галстяннан минималды есеппен (4:5) ұтылды. Дәл сол қарқынмен 97 келіде ресейлік спортшы Магомед Муртазалиевте кубалық Габриэль Росиллодан 11:4 есебімен ұтылып, жеңістен құр қалды.
Дейтұрғанмен, Алматыда өткен сегізінші PWL турнирі күрес әлемінде жарқын оқиғаға айналып, көрермендердің ықыласына бөленіп, ұмытылмас сәттер сыйлады. Ұйымдастырушылар мен спортшылар кәсіпқой күрес лигасының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қорытындылай келсек, 2025 жылғы маусым Қазақстан балуандары үшін ерекше жетістіктермен басталды. Бір ай ішінде спортшыларымыз ірі халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп, ел намысын абыроймен қорғады. Әсіресе, әйелдер құрамасы керемет нәтижелер көрсетіп, бірнеше алтын медальға қол жеткізді.
Бұл жетістіктер – тек бастамасы ғана. Алдағы жарыстарда спортшыларымыз бұдан да биік белестерді бағындырады деген сенім мол.
Әсет ҚАЛИ