Биыл мүгедектікті белгілеу бойынша 16,7 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды.
Қазақстанда мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу жеңілдетіліп, инватакси қызметінің сапасы жақсарды
Фото: gov.kz
2,271
оқылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 2025 жылдың басынан бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 16,7 мыңнан астам өтінім қаралған, – деп хабарлайды Aikyn.kz . Бүгінде сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.

2024 жылы 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4%-ын құрайды.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Сырттай куәландыруға көшу:

- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;

- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

 

Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға арналған инватакси қызметін жақсартуда оң динамика байқалады: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 2025 жылдың басынан бастап Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 58,2 мың рет көрсетілген. 2024 жылы мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 207,2 мың рет көрсетілген.

Бұдан бұрын хабарлағандай, инватакси қызметін көрсету жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында Еңбекмині әкімдіктермен бірлесіп, осы қызметтің тетігіне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. Мысалы, азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет, бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватакси беруді күтуге мәжбүр етеді, инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және т.б. мәселелер бар.

Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жобаға бастама жасалды.

Мұндағы басты шарт сапарлардың ақысынан пайыздың болмауы, олар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.

Пилоттық жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдауға, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалауға және жасалған сапарларға мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады, – делінген хабарламада.

Биыл Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдар қатарынан фокус-топтың қатысуымен жобаны пилоттық режимде іске асыру жалғасуда. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлеріне масштабтау жоспарланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.