Наурыздан бастап Шығыс Қазақстанның 4 ауданында жұмыс кестесі өзгерді. Енді Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандарының тұрғындары жұмысты таңғы сағат 08.00-де бастап, сағат 17.30-да аяқтайды. Түскі үзіліс сағат12.00-ден 13.30-ға дейін белгіленген, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Бұл жаңашылдық өңірдің табиғи ерекшеліктерімен – ерте таң атып, күннің ерте батуымен байланысты. Жаңа кесте тұрғындарға күндізгі жарықты тиімді пайдалану мүмкіндігін береді. Өзгерістер мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге әсер етпейді, себебі олар бұған дейін осы кесте бойынша жұмыс істеп келген.
Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы бұл шешім жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріле отырып, қабылданғанын айтты.
– Бұл шешімді қабылдамас бұрын, біз әр ауылдық округте жиналыстар өткіздік, тұрғындар бұл бастаманы қолдады. Себебі, Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысының шығыс шекарасына ең жақын орналасқан, сондықтан бізде күн ерте шығады, яғни жарық күн де ерте басталады. Сол себепті, жұмыс күнінің сағат 08.00-де басталып, сағат 17.30-да аяқталғаны халық үшін әлдеқайда қолайлы – жұмыстан кейін үй шаруасына, балаларға және жақындарына көбірек уақыт қалады, – деді Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы.
Жаңа жұмыс тәртібін енгізбес бұрын жергілікті билік өкілдері тұрғындармен кездесулер өткізіп, олар бұл бастаманы бірауыздан қолдады.
Бұған дейін, жыл басынан бері, облыстың тағы үш ауданында осындай жұмыс режимі енгізілген болатын. Қаңтар айында Қатонқарағай ауданы жаңа кестеге көшсе, ақпанда Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында да осы тәртіп орнады.