Ол өз баяндамасында әйелдерді қолдауға бағытталған бастамалар, әлеуметтік жобалар және отбасы құндылықтары туралы айтты.
Гаухар Шайхиниязова: «Қоғамда мейірім мен ізеттілікті арттыру – басты мақсатымыз»
1,657
оқылды

Астана қаласында Tomiris жобасының қатысушылары мен "AMANAT" партиясының Әйелдер қанаты көшбасшыларының кездесуі өтті. Бұл жиын барысында әйелдердің қоғамдағы рөлі, олардың құқықтарын қорғау және түрлі әлеуметтік бастамалар талқыланды.

Кездесу барысында "AMANAT" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гаухар Шайхиниязова сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында әйелдерді қолдауға бағытталған бастамалар, әлеуметтік жобалар және отбасы құндылықтары туралы айтты.

Әйелдер қанатының маңызы

Гаухар Шайхиниязова өзінің еңбек жолын осы партияда бастап, қоғамдық қабылдау бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, Әйелдер қанаты қоғамдағы нәзік жандардың мүдделері мен құқықтарын қорғау мақсатында құрылған. 2023 жылы партия жанынан осы қанаттың құрылуы мыңдаған аналар мен қыз-келіншектердің мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.

Батыс Қазақстан облысындағы Әйелдер қанаты 10 бағыт бойынша жұмыс жүргізіп, әйелдердің саясаттағы, экономикадағы, отбасындағы рөлін арттыруға атсалысып келеді. Әйелдер қанаты құрамында мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер бар, дейді ол.

Әлеуметтік жобалардың ықпалы

Гаухар Шайхиниязова 2024 жыл Батыс Қазақстан облысы үшін оңай болмағанын айтты. Әйелдер қанаты төтенше жағдай кезінде халыққа түрлі көмектер ұйымдастырып, белсенділік танытты.

Оның айтуынша, Әйелдер қанаты "Балаңа уақыт арна", "Қарызсыз қоғам", "Ата-аналарды ардақтайық" және  Tomiris сияқты жобаларға ерекше мән береді.

Tomiris жобасы саясаттағы, қоғамдық өмірдегі әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл жоба әйелдердің кәсіби және қоғамдық салада жетістікке жетуіне ықпал етуде. Сонымен қатар "Әйелдерді қолдау орталығы" құрылып, психологиялық, заңгерлік кеңестер мен кәсіпкерлікке байланысты тренингтер ұйымдастырылып жүр. Қысқа мерзімде 78 адамға кеңес беріліп, 20-дан астам анаға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектескен, дейді Г.Шайхиниязова.

Отбасылық құндылық

Қоғам белсендісі өз сөзінде отбасы құндылықтарына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі қоғамда ажырасудың көбеюі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі алаңдатарлық жағдай.

Бүгін өкінішке қарай, «өзіңді жақсы көр» , «өзіңе ыңғайлы өмір сүр» деген сарында, эгоистік бағытта «кеңес» беруші коучтардың көбейгені жасырын емес. Иә, заман өзгерді, озық технологияға, жаңа дамуға ұмтылуымыз керек. Бірақ ұлттық тамырымыздан ажырамай, әдемі үйлесімділікпен жасаған жөн бе деймін. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесігін тербетіп» отырған қазақ әйелдеріндегі дарқандық, айналасына шуағын төгіп тұрар даналық қайда кетті дейсің? Біз брендтің соңынан қуып, трендті түгендеп жүргенде отбасымыздың жылуын жоғалтып алған жоқпыз ба? Мені алаңдататын да ажырасудың көбейюі, көзі мөлдіреп жартылай жетім қалған баланың көбеюі. Жұмақ ананың табанының астында деп өскен халық болсақ та, бүгінде қарттар үйінде кезек күткен ата-әжелердің көбеюі ойландырмай қоймайды, дейді кездесуде сөз алған ол.

Осыған байланысты ол "Қыздар мектебі", "Енелер мектебі", "Әкелер мектебі" секілді жаңа бастамаларды қолға алуды ұсынды. Сонымен қатар ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған аналардың бір сәт өз денсаулығын күтуіне мүмкіндік жасаудың механизмі болса деген тілегін де жеткізді.

"AMANAT" партиясының Әйелдер қанаты қоғамдағы әйелдердің белсенділігін арттыруға, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және отбасы құндылықтарын сақтауға үлкен үлес қосып келеді. Мұндай бастамалар әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтіп, олардың мүмкіндігін молайтады.

"Қоғамда мейірім мен ізеттілікті арттыру – біздің басты мақсатымыз", –  деп қорытындылады өз сөзін Гаухар Шайхиниязова.