Мұндай шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдады. Сырт көзге БҰҰ жиындарындағы кезекті құжаттардың біріндей көрінгенімен, іс жүзінде Қазақстанның ғана емес, тұтас Орталық Азияның геосаясаттағы орнын біршама нығайтатын қадам болса керек.
Президенттің кеңесшісі және баспасөз хатшысы Руслан Желдібай сейсенбінің кешінде әлеуметтік желілердегі парақшасы арқылы маңызды хабар айтқан-ды. «Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады. Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы айтулы жетістігі.
Президент Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктес мемлекеттерге ризашылық білдірді. Мемлекет басшысының пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.
Расында, Алматыда ашылатын өңірлік хабтың Қазақстан үшін маңызы зор. Біздің пайымдауымызша, күні бүгінге дейін халықаралық мәселелерді шешу үшін түрлі диалог алаңын ұсынып келген еліміз БҰҰ-ның өңірлік хабын ашуға қол жеткізу арқылы күллі Орталық Азияның бәсін арттырған сыңайлы. Бұлай деуімізге құжатты Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ ұстанымы ретінде танытқаны себеп болды. Яғни, көрші-қолаңмен ақылдаса отырып Қазақстан тиісті құжатты ұсынды да, 152 мемлекет қосалқы автор ретінде қолдауға келісіпті. Осылайша, БҰҰ шеңберінде өзінің бейбітшілікті жақтаушы әрі аймақтардың жүйелі дамуына мүдделі ел екенін тағы бір танытты. Ал 152 мемлекеттің қолдауын дауыс беру ретінде бағалар болсақ, біздің ел ұстанымын жақтаушылар саны артып келе жатқанын байқаймыз. Айталық, 2016 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануға атын ұсынғанда жақтаған мемлекеттер саны 138 еді. Ал осы жолы қолдаушылар әлдеқайда көп болды.
Негізі, өңірлік хаб ашу туралы бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы айтқан. БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында Қазақстан Президенті: «БҰҰ-ның негізгі міндетін орындау қабілеті өткір сынақпен бетпе-бет келіп отыр. Осы себепке байланысты Бас хатшының БҰҰ-ны реформалау туралы батыл әрі нақты ұстанымы мүше мемлекеттердің барлығының кең қолдауына лайық.
Біз орташа табысы бар елдердің дүрліккен тұзағына түспеуге тырысып, 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін толық имплементациялауға ерекше назар аударамыз.
Орнықты даму мақсаттарының 80%-ы біздің стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларымызбен ықпалдасқан. Осы жылдың мамыр айында мен Қазақстандағы Халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын аштым. Онда БҰҰ-ның 16 агенттігі орналасты. Келесі қадам ретінде біз соның базасында Орнықты даму мақсаттары бойынша Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға қолдау көрсету мандаты бар БҰҰ-ның Орнықты даму орталығын құруды ұсынамыз», – деген еді. Араға жылдар салып осы бастама жүзеге асты. Әрі қырауар жұмыс атқарылғаны анық.
Әрине, әлемнің көптеген елінде түрлі халықаралық ұйымдар жұмыс істейді. Бізде де солай. БҰҰ-ның да өкілдігі Қазақстанда біраздан бері қызмет атқарып келе жатыр. Алайда жеке мәртебесі бар орталықтың жөні бөлек. Өйткені БҰҰ-ның арнайы Орталығы Ауғанстан мен Орталық Азияға қатысты бағдарламаларды тікелей үйлестіреді. Аймақ дамуына қатысты түрлі халықаралық шешімдер осында қабылданады. БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығы 17 түрлі мәселені қарастырады. Бір сөзбен айтқанда Орталық Азия аймағындағы біраз мәселені шешеді.
Сонымен бірге Қазақстан аймаққа ресми түрде әлемдегі ең ірі халықаралық ұйымның ресми орталығын орналастыру арқылы әлемдік қауымдастықтың өңірге қатысты көзқарасын өзгертуге қол жеткізетін сыңайлы. Жаһандық медиада біздің ел тәрізді «стан» жалғауымен аяқталатын бірнеше мемлекет орналасқан аймақ әдетте дамуы кенже қалған, радикалды діни идеология мен экстремизм жайлаған өңір ретінде сипатталатын. Бәлкім, БҰҰ-ның Алматыдағы орталығы жұмысының нәтижесінде аймаққа қатысты сыңаржақ көзқарас біршама өзгеруі мүмкін. Сол себепті Қазақстан бастамасының БҰҰ деңгейінде қолдау табуын елдің сыртқы саясаттағы олжасы ретінде бағалау қажет. Әрі бұл – еліміздің БҰҰ жұмысына белсене араласуының тағы бір көрінісі. Ал БҰҰ – әзірге адамзат баласы азды-көпті мәселесін ақылдасып шешетін бірден-бір орын әрі төрелік үшін жүгінер жалқы ұйым. Қызметі әлсіреген де болар, реформа да қажет шығар. Дегенмен ұйымның халықаралық саясаттағы орны жойылмақ емес. Ал Алматыдағы орталық Қазақстанның аталған ұйым қызметін жетілдіру бағытындағы бастамаларының бір қыры болса керек.
Самат НҰРТАЗА,
Мәжіліс депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
– БҰҰ-ның Алматыда өңірлік орталығының ашылатыны жөніндегі шешім – біріншіден, қуантатын жаңалық. Екіншіден, мемлекетіміздің беделін, халықаралық сахнадағы сенімін, саяси салмағын білдіретін фактор.
Жалпы, қандай да бір елде ірі халықаралық ұйымдардың өкілдіктері, орталықтары неғұрлым көптеп ашылса, соғұрлым сол мемлекеттің тұрақтылығы, қауіпсіздігі арта түседі. Демек, халықаралық ұйымдардың өзгелерді таңдамай, Қазақстанда өкілдігін ашуы – бізге деген сенімнің белгісі. Олар да мемлекеттің тұрақты, тыныш болуына мүдделі. Сол себепті мұны жақсы үрдіс деп бағалаймын.
Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде өз басым бұл мәселеге оң көзбен қараймын. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі, дипломаттар ірі халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің елімізде, соның ішінде Алматыда, Астанада ашылуына көбірек ұйытқы болғаны дұрыс. Елімізде өзге мемлекеттердің елшіліктері де көптеп ашылғаны жақсы. Қазақстан 187 елмен дипломатиялық қатынас орнатқан. Елімізде 70-тен астам елшілік пен консулдық бар. 30-дан астам шетелдік ұйымдардың өкілдіктері ашылыпты. Дегенмен БҰҰ Орталығының орны бөлек. Ал Қазақстан бастамасын 152 елдің қолдауы – ел беделінің шынайы көрінісі. «Досы көпті жау алмайды» дейді ғой қазақ.
Жұмабек САРАБЕК,
саясаттанушы:
– БҰҰ-ның Алматыда аймақтық орталығының ашылуын ең алдымен Қазақстан дипломатиясының жеңісі деп бағалауға болады. Идея алғаш рет 2019 жылы айтылды және одан бергі уақытта қыруар жұмыс атқарылды. 150-ден астам мемлекеттің келісімін алу, идеяны жүзеге асыру оңай емес. Сол себепті бұл шешімнің астарында үлкен дипломатиялық еңбек жатыр деп білемін. Сондықтан мұны Қазақстан дипломаттарының жеңісі деп қана емес, еліміздің халықаралық сахнадағы беделінің көрсеткіші деп бағалау керек.
Әрине, орталықтың классикалық міндеті бар. Ауғанстанға байланысты әртүрлі көмек бағдарламаларын үйлестіру, Орталық Азияның тұрақты дамуы бойынша жобаларды жүзеге асыру қатарлы негізгі функциялары болады. Мұның өзі пайдалы бағыт деп білемін. Бірақ, менің ойымша, дәл қазіргі кезде осындай орталық ашу ерекше пайдалы. Себебі біз әлемдік геосаясатта үлкен өзгерістер болып жатқанын көріп отырмыз. Айталық, екінші мәрте билікке келген Дональд Трамп АҚШ-тың сыртқы саясатын радикал түрде қайта қарап жатыр. Алдағы уақытта Уашиңтонның Орталық Азияға көңіл бөлуі төмендеп, осы аймақтағы мүддесі біршама әлсіреп кетуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда біз өзіміздің субъектілігімізді күшейтуіміз керек. Яғни, біз Орталық Азия аймағы мемлекеттері мен Қазақстанның орнын айшықтап, белсенді елдер екенін сезіндіріп, егемен дипломатиясы бар екенін жиі-жиі байқатуымыз қажет. Себебі Трамп басты назарын Үнді-Тынық мұхиты аймағына аударуы және біздің өңірде геосаяси күштердің тепе-теңдігі өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан БҰҰ-ның орталығының ашылуы Қазақстанның геосаяси мүмкіндіктерін арттыратын бірден-бір фактор деп ойлаймын. Ал геосаяси болжамдарға көз жүгіртсек әрбір мемлекет өзінің егемендігін ынғайтумен айналысатын уақыт келе жатыр. Сондықтан бұл орталықты осы міндетті орындауға үлес қосатын қосымша құралдардың бірі ретінде қарастыруға болады.
Дайындаған
Ардақ СҰЛТАН