Соңғы 8 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 1 800-ден асқан. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің хабарлауынша, оның 826-сы ауырлығы орташа, 672-сі ауыр және 102-сі аса ауыр қылмыс.
Анна Құдиярова, психоаналитик: Психологке бала өз еркімен келуі керек
1,053
оқылды

Қазір жасөспірімдер арасындағы қылмыс, әлімжеттік, зорлық-зомбылық, қатыгездік өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл құбылыстың түп-тамыры неде? Оның психологиялық, әлеуметтік әсері қандай және қалай алдын алуға болады? Осы сұрақтар төңірегінде психоаналитик Анна Құдияровамен әңгімелескен едік. 

– «Қазақстандағы әрбір бала өзін қауіпсіз сезінуі керек. Біз олардың құқықтарын қорғау және бақытты балалық шақты қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз» деген сөз соңғы жылдары ең көп айтылып жүр. Бірақ өзіңіз көріп отырғандай «қазір балалар бақытты, қауіпсіз өмір сүріп жатыр» деп толық айта алмаймыз. Себебі жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, зорлық-зомбылық, қатыгездік күн өткен сайын өзекті болып бара жатқандай. Сіздің ойыңызша, себебі неде және жасөспірімдер арасындағы агрессияның алдын алу үшін не істеу керек?

– Балалардың жағдайын жасау үшін алдымен олардың ата-анасының жағдайын жасау керек. Сондай-ақ Үкімет қана жауапты емес, баланы дүниеге әкелген ата-анасы да жауапты. Олар  әрбір баланың ішкі көңіл-күйіне назар аударуы керек. Пси­хо­логиялық сауаты жоқ ата-ана, психо­логиялық мәдениеті жоқ отбасы балалардың қауіп­сіздігін олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ете ала ма? Сондықтан ата-аналарға арналған Үкімет тарапынан арнайы психологиялық сауатты көтеретін бағдарлама керек шығар. Сонда ғана өзін сыйлайтын, өзінің сезімін түсіне алатын ана өзінің баласын, 9 бала болсын, 2 бала болсын ішкі көңіл-күйін түсінеді. Өзінің психологиялық мәдениеті жоқ әке қалай баланың жан­дүниесінде не болып жатқанын түсіне алады. Тек балаға дегенімізбен, одан нәтиже шықпайды. Алдымен жаппай ата-аналардың психиологиялық сауатын көтеру керек.

Ал балалардың сауаттылығын айтатын болсам, мен 25 жыл тек психоанализбен шұғылданып жүрмін. Соңғы кездері, әсіресе бастауыш мектептегі балалардың, ұл болсын, қыз болсын психологиялық сауаты күрт өсіп кеткен. Олардың көбісі өз сезімдерін біледі. «Менің көңілім толмай тұр, мен ана­шыма ренжіп тұрмын, мен әкеме ашу­ланып тұр­мын» деп айта алады. Бірақ «әттең тонның келте­сі-ай» дегендей әкесі мен шешесі ондай сезім­дерді айта алмайды, ажы­рата алмайды. «Қарның тоқ, киімің бар енді саған не керек» деп ұрсып, тіпті  ұрып тастайды.

«Балалардың агрессиясы қайдан шы­ғады?» дегенде отбасында не көрсе, яғни «балапан ұяда не көрсе...» дегендей отбасында әкесі мен шешесі айқайлайды, атасы мен әжесі бақырады, соғады, неше түрлі жаман сөздер айтады сондай агрессияны үнемі көріп өскен бала өзі де соған бейім болады. Сондықтан отбасындағы агрессияны тө­мендету керек. Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік бағдарламаға кіруі керек әрбір отбасыға бір-бір психолог, әрбір әке мен шешеге кемінде үш жүз сағат пихологиялық кеңес өткізу мәселесін қолға алу керек, міне сонда тыныш, бақытты өмір әрбір от­басында орнайды. Отбасында тыныш, агрес­сиясы жоқ адамдар тәрбиеленсе, мек­тепке де тыныш, тәрбиелі балалар келеді.

– Семейде болған жағдайға байланысты арнайы комиссия әлімжеттік жасаған балалардың әке-шешесін ата-ана құқығынан айырып, өздерін арнайы мектепке жіберді. Ал Талдықорғанда болған оқиға үшін директордың тәрбие ісі бойынша орын­басарынан бастап, біраз мұғалім жазаланды. Бұл оқушылар арасындағы қатыгездікті жоя алатын тәсіл ме?

– Бұл тұрғыдан алғанда мен мектеп басшыларын, оқытушыларды қорғайын деп отырмын. Олар – тек білім берушілер. Тәлім беруші, тәрбие беруші – ата-аналар, аталар мен әжелер. Мектеп білім береді, мысалы, бала ашулы ма, қорқақ, батыл, ұяң бола ма бірақ ол математиканы білсе, мектеп мұғалімінің сабағы тамаша. Бала алтын белгі алса, мектеп директоры тамаша. Егер математикадан көп оқушы төмен баға алып жүрсе, алтын белгіге жете алмай қалса, онда мұғалімдердің білімі нашар, дұрыс білім бере алмайды деп айып­тауымызға болады. Ал тәрбиеге тек ата-ана жауапты. Яғни, қазіргі күні бала үшін мұғалім авторитет емес.

– Қазір әкесіз немесе анасыз өсіп жатқан бала көп, әлеуметтік-мате­риал­дық тұрмыс­тық жағдай да әртүрлі. Сон­дық­тан сіз профилак­тикалық, психологиялық көмек көрсетудің негізгі ұс­танымы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Көп бала әке­сіз өсіп жатыр. Неге десек, әкесі мен шешесінің писхологиялық мәдениеті жоқ, ата-әжесінің сауаты жоқ, жанашырлығы жоқ. Екі жасты қосу орнына, «ажыраса сал, кете сал, ұра сал» дейді. Сондықтан үлкендердің тәрбиесін, психологиясын өзгертпесек, өскелең ұр­пақты біз өзгерте алмаймыз. Мысалы, Американың киноларынан байқасаңыз, 9-1-1 деген нөмірге кішкентай 9 жасар ба­лалар қоңырау шала алады. «Менің анам маған дауыс көтерді, менің әкем маған қол көтерді» деп айта алады. Біз әлі ол заңға жеткен жоқпыз. Көп жағдайда бала шындықты айтып тұр. Мәселен, баланы жақсы көріп, оған көмектесу үшін оны зорлықпен қолын ұстап тұрып, медбике екпе салады. Мұндай жағдайда америкалық бала 9-1-1-ге қоңырау шалып, «маған зор­лық көрсетті» деп айта алады. Сондықтан бұл екіұшты мәселе. Яғни,  профилактикалық, психологиялық көмек көрсету немесе заң қабылдау үшін заңгерлердің барлығы психологиялық сауаттылықты, пси­холо­гия­лық мәдениетті игерген адам болуы керек. 

– Үлкендер өзгере ме, тәрбиеге көне ме? Онысыз да елімізде психологке баратындар саны артып келе жатыр. Тіпті, екінің бірі психолог. Сонда да психолог маман жетіспейді. Мәселен, мектептерде психолог маман тапшылығы өзекті болып отыр. Жалпы, дипломы бар көп психологке сенуге бола ма?

– Мектеп психологтерінің айтуы бо­йынша, оларды көбінесе жандарм қылып жібереді. Бақылаушы немесе полиция жасап жібереді. «Ана баланың тәртібі жаман, бар онымен сөйлес» дейді. Бала сабақтан кешігіп қалса, құлағынан тартып, психологтің кабинетіне алып келеді. Жоқ, психологке әрбір бала өз еркімен келуі керек. Мен он­дай психологтерді дайындауға әзірмін.

– Соңғы ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде мінез-құлқы психикалық бұзылған (ауытқуы бар) 20 4408 адам бар болса, оның 44 781-і – кәмелет жасына толмаған балалар мен жасөспірімдер екен. Оқушылар арасында­ғы қатыгездікке психикалық денсаулық мәселе­лері де әсер етеді десек, психикасы бұ­­зылған балалардың денсаулығын, агрес­сиясын қалай қалпына келтіруге болады?

– Ешбір адамды біз психикасы сау деп айта алмаймыз. Психика деген – ол  жан. Мысалы, сырт көзбен қарағанда бәрі сау адам. Бірақ менімен сөйлескен адамның жанының неше түрлі жарасы бар екенін айта аламын. Сондықтан абсолютты тұрғыда психикасы 100 пайыз сау деп ешкімді айта алмаймыз. 

«Біз бәріміз саумыз, себебі сауықтыру аймағында емеспіз». Иә, әртүрлі статис­­тиканы қарасаңыз, елімізде 2 миллионнан көп адам психиатрлардың көмегіне жүгінген. Бұған қуану керек. Өйткені 2 миллион адамның өзінің әжептәуір сауаты бар. Психологиялық ауытқушылық, психо­ло­гия­лық жарақат әрбір адамда бар, ал пси­хикалық ауытқушылық, психикалық жарақат көбінде болмайды. Ол сапа мен санның арасындағы бір көрсеткіштер шығар. 

– Елімізде психологиялық қызмет туралы заң қабылданғалы жатыр, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын, мінез-құлық әдеттерін, физикалық және психо­логиялық әл-ауқатын мониторингтеу жүйесі енгізілмек. Сіздің бұл тұрғыда ұсынысыңыз қандай? Сіздің ойыңызша, заң қалай жұмыс істеуі керек және мәселені шешудегі рөлі қандай болуы керек? Мониторингтеу жүйесінің маңызы бар ма?

– Психологиялық қызмет туралы заң қабылдау үшін заңгерлердің барлығы өздері психологтің қызметіне жүгініп көрсе ғана түсінеді. Өздері психологтің кабинетіне барып көрмеген адам жалпылама заңды қабылдайтын шығар. Жақсы бір заң қабылданады дегенге сенбеймін.

Психологтің қызметі – ата-ана қызме­тімен парапар. Ата-анасына ренжімейтін ешқандай адам жоқ. Ата-анасына бірде-бір рет ашуланбаған адам жоқ. Сондықтан қандай алтын басты психолог болсын, 50 жыл тәжірибесі болсын, олардың барлығы да психологке рақмет айта қоймайды. Яғни, ата-анасына ренжімейтін адам жоқ екені сияқты, психологке де кінә артпайтын адам жоқ. Өйткені біз адамның психикасымен жұмыс істейміз, адамның жанымен жұмыс істейміз. Психологтің жұмысына клиент емес, супервизор баға береді. Ал супервизор деген сөзді біздің депутаттар, заңгерлер біле ме екен. Психоанализ саласындағы супервизор кім деп ойланып көрді ме екен. Егер мұны білсе, жақсы заң қабылдайды деп сенуге болады. Яғни, профилактикалық, психологиялық көмек көрсету немесе заң қабылдау үшін заңгерлердің барлығы психологиялық сауаттылықты, психоло­гиялық мәдениетті игерген адам болуы керек. Сонда ғана психологке қандай жағдай жасау керек, балаларға және ата-аналарға қандай жасау керек екенін түсінеді. Бірақ мен, біз, ата-аналарға заң жүзінде қаржылай қолдау көрсетсек, тегін кеңестер берсек психикасы сау әке-шеше психикасы сау балапандарды дүниеге алып келе алатынына, өсіре алатынына кәміл сенемін.

– Қазіргі статистика мәліметі бойынша, елімізде «Жасөспірімдердің 4,6%-ы өмірінде бір немесе одан да көп рет масаң күйде болған болса, 5,6%-ы жыныстық қатынасқа түскен және мектептегі буллинг құрбандары балалардың 17,5%-ын құраса, 3,4%-ы айына бір рет және одан да көп рет кибербуллингке ұшырайды» екен. Егер ұрпақ саулығы – ұлт саулығы десек, сіздің ойыңызша, бұл сандардың қауіптілігі қандай?

– Мұны диалектиканың үш заңы шешеді. Яғни, сапасын өзгертсек, сан өзгереді. Сан сапаға өтеді, сапа санға өтеді. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ