Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жоба Мемлекет басшысының Астана қаласын дамыту үшін жағдайларды жақсарту және Қазақстанның басқа да ірі қалаларына озық тәсілдерді тарату жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл құжат жер қатынастары, сәулет, құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқа да салалардағы бірқатар өзекті мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті. Өзгерістер 1 кодекс пен 6 заңға енгізіліп, бірнеше негізгі бағыттарды қамтиды.
Негізгі бағыттың бірі – қалалардың сәулеттік келбетін жақсарту. Ол сыртқы жарнамалар мен маңдайшаларды ретсіз орналастыру мәселесін шешуді талап етеді. Заң жобасында Астана мен республикалық маңызы бар қалалар үшін бірыңғай дизайн-кодты бекіту, жарнама объектілерін орнату қағидасын бекіту үшін мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту, ашық кеңістікте аудио жарнамаларды таратуға тыйым салу және тротуарларда, веложолдарда және көшелерде жарнамаларды орналастыруға шектеулерді бекіту ұсынылады.
Жобаның тағы бір маңызды аспектісі – жер қатынастарын реттеу. Белгілі бір тұлғалардың меншігінде бола алмайтын жер учаскелеріне құқықтарды қайта ресімдеу тәртібін белгілеу, сондай-ақ аффилирленген компаниялар арқылы жер учаскелерін пайдалануды болдырмау және оларды қаланың мұқтажына пайдалану үшін Жер кодексіне өзгерістер енгізу ұсынылады.
Ірі қалалардағы урбанизация және көші-қон процестері жағдайында заң жобасы Астана аумағында тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекітуді ұсынылуда. Яғни, мәслихат бір азаматқа шаққандағы ең аз шаршы метрді айқындайтын болады.
Қалалық инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін жақсарту үшін заң жобасы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын бекіту үшін мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтуді, сондай-ақ тұрғын аудандарда қорғаныс конструкциялары мен реттеуші элементтерді орналастыру үшін нормаларды белгілеуді көздейді.
Жоба сонымен қатар қаланың экологиялық жағдайын қорғау үшін маңызды болып табылатын Астананың "жасыл белдеуін" сақтау шараларын қамтиды. Ұсынылған өзгерістердің қатарында санитарлық қорғау аймағын басқару ережесін бекіту және жасыл аймақтың экожүйесі мен ландшафтына зиян келтіруі мүмкін әрекеттерге тыйым салу бар.
Сондай-ақ, жобада айыппұл тұрақтарының жұмысын реттеуді жақсарту және қауіпсіздіктің жоғары талаптарын ескере отырып, олардың тиімді жұмыс істеуі үшін өкілеттіктерді кеңейту ұсынылады.
Сонымен қатар, заң жобасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға қатысты ережелерді нақтылайды. Бұл құрылыс салушыларға заң талаптарын айналып өтуге мүмкіндік беретін олқылықтарды жояды.
Осы заң жобасын қабылдау қалалардың инфрақұрылымын жақсартуға, қалалық ортаның қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың өмір сүруі үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Заң жобасы қалаларды тұрақты дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.