Қазақстанда ғылыммен айналысып жүрген зерттеуші мамандар арасындағы әйелдер саны 12 мыңға жуық.
Алғаш рет отандық ғалым әйелдерге арналған марапат табысталды
680
оқылды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет отандық ғалым әйелдерге арналған академик Н.Базанова атындағы марапатты салтанатты түрде  табыстады.

Атаулы іс-шараға 400-ге жуық отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші ғалым әйел, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты. 

Найля Оразғұлқызы Базанова (1911-1993) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел академик, биология ғылымының жаңа саласының – ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы (1945), профессор (1946), Қазақ КСР ғылым академиясының академигі (1951), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1946). 

Қазақстанда ғылыммен айналысып жүрген зерттеуші мамандар арасындағы әйелдер саны 12 мыңға жуық. Бұл жалпы ғалымдар санының 55,6%.

Ғылыми дәреже қорғаған аруларымыздың қатары жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, биыл әйелдер арасында ғылым докторлары – 848-ге жетті, ғылым кандидаттары 2 872-ге, PhD докторлар 1 806-ға жетті.

Біздің деректеріміз бойынша, 2024 жылы қазақстандық әйелдер Web of Science және Scopus журналдарында 3100-ден астам мақала жариялады, оның ішінде 1400-ден астамы бірінші автор ретінде көрінді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 15%-ға артық. 2024 жылы Web of Science бірінші тоқсанында ең беделді журналдарда қазақстандық ғалым әйелдеріміз жариялаған мақалалар саны 500-ден асты.

Тұңғыш отандық ғалым әйелдерге арналған академик Н.Базанова атындағы марапатпен 48 отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып жүрген, ғылыми әлеуеті жоғары, ғылымның әртүрлі бағыттарында үздік нәтиже көрсеткен, жетекші ғалым әйелдер мен ғылыми қызметкерлер салтанатты түрде марапатталды. Марапатқа лайықты үміткерлер университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары ұжымдарының ұсыныстары бойынша анықталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.