Мемлекет басшысы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні
445
оқылды

Президент салтанатты іс-шараға жиналған барша қауымды көктем мерекесімен шын жүректен құттықтап, әлемге сүйіспеншілікпен қарайтын, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүретін әйелдер қауымына жылы лебізін жеткізді.

– «Әйел бір қолымен бесікті тер­бет­­се, бір қолымен әлемді тербетеді» де­­ген сөз бекер айтылмаған. Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйыт­қысы. Ана – тіршілік пен берекенің бас­­тауы, адамзат бойындағы  бар ізгі­лік­тің қайнар көзі. Ананың аялы ала­қа­ны мен шексіз мейірімі әр үйге жы­­­­лылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана ті­ліміздің бүгінгі күнге жетуі де, ең ал­дымен, аналардың арқасы. Өмірдің мә­ні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сон­дықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін ар­нап, ықылас-ілтипатын білдіріп жа­тыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет бас­шысы ретінде әйелдерге тілегімді, ле­біз­імді айтып тұрмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халқымызда ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар аз емес екенін алға тартып, олардың есімі ел шежіресіне алтын әріппен жазылғанын айтты.

– Тұмар мен Бопай ханымдардың, Домалақ ана, Зере және Ұлпан аналардың, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр қыз­дарымыздың аты ел жадында. Сіздерді ақылы мен ажары, даналығы мен дара­лығы келіскен қазақ әйелінің ізбасары деуге болады. Әйелдер қауымы күрделі кезеңдерде аянбай еңбек етті, Отаны­мыздың өсіп-өркендеуіне белсене атса­лысты. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын! – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Бұл ретте Президент елімізде әйелдердің құқығын қорғау, оларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан игі істерге айрықша тоқталды.

– Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды. Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән береді. Осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Менің тапсырмаммен отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңыз­ды шаралар қабылданды. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр. Көпбалалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Соның арқа­сында жыл өткен сайын көпбалалы от­басы­лардың саны артып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазір әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті.

– Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандар­дың 70 пайыздан астамы да – әйелдер қауымы. Сондай-ақ олар төтенше жағдай­лар, қорғаныс және құқық қорғау орган­дарында табысты жұмыс істеп жүр. Көп­теген әйелдер лауазымды қызметтер атқарады, Сіздердің араларыңызда да табысты басшылар аз емес. Қыз-келін­шектер бизнесте де жетістікке жетіп жүр. Бойларыңыздағы мақсаткерлік пен жасампаздық қуаты ең батыл бастама­ларыңызды жүзеге асыруға көмектесіп келеді. Берік азаматтық ұстаным­дарыңызды танытып, қоғамдық жұмысқа да жан-жақты атсалысасыздар. Маңызды бастамалар мен халыққа қажетті әлеу­меттік жобаларды іске асырып жүрсіздер. Қай іспен айналыссаңыздар да жауап­кершілікпен қарап, ұдайы оң нәтижеге қол жеткізіп келесіздер. Әлемдік дода­ларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген аруларымыз да бар. Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік жылдары өз саласы­ның үздігі атанған 8 әйелге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, білікті мамандардың мәрте­бесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүр­гізіліп жатқанына назар аударды.

– Мысалы, мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан тоғыз құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға бе­ріледі. Ал өндіріс озаты Майра Ерманова «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» атанып отыр. Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жы­лының түпкі мәні де – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты жиында Мемлекет бас­шысы еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген, өз саласында жоғары жетістікке жеткен бір топ әйел азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.