Қабылдауға келген азаматтың бірі – өңірде 2021 жылы ашылған AiSonic есту аппараттарын шығаратын отандық кәсіпорын өкілі. Ол әлеуметтік порталда өнімді сату ережесіне заңнамалық өзгерістер енгізу туралы ұсыныс білдірді. Облыс әкімі ұсынысты қабылдап, тиісті органдарға хат жолдау жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшесі, дәрігер, ҮЕҰ жетекшісі өңірде жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау бойынша бастамасын айтып, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік грант алу мәселесін жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселелерді жауапты басқармалармен пысықтап, Азаматтардың бастамаларын қолдау орталығымен байланыс орнатуды тапсырды.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрмыстық жағдайы төмен азаматтардың да өтініші тыңдалды. Сондай-ақ әкесінен қалған мал-мүлкін туған-туыстары арасында бөлісе алмай жүрген тұрғын да мәселесін жеткізді.
Қоғамдық қабылдауда тұрғындар тұрғын үй кешендеріндегі инфрақұрылымдық мәселелерді де көтерді. «Керуен» кешенінің тұрғындары ғимараттың су кету, суағар жүйесінің дұрыс болмауы, электрмен қамту және құжат мәселелеріне шағымданды. Жауапты мекемелер мәселелерді шешуге уәде беріп, жөндеу және құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының мерзімін белгіледі.
Қабылдауда «Мұрагер» тұрғын үй кешенінің үлескерлері де мәселелерін айтты.
Облыс әкімі барлық өтінішті тыңдап, түйткілді сұрақтарды заң аясында шешу үшін жауапты басқармаларға тапсырмалар беріп, тұрғындардың көтерген мәселелерін бақылауға алатынын айтты.
Ә.САМАТҰЛЫ